• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 05 Қараша, 2023

Отырардың жәдігерлері Есікке келді

296 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрме ашылды.

Көрменің ашылу салтанатында «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова сөз сөйлеп, мазмұнға бай тарихи жәдігерлер ұсын­ған әріптестеріне алғысын білдіріп, еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуде мұндай барыс-келістің маңызы ерекше екенін атап өтті.

Қонақтар делегациясын бас­тап келген «Отырар» мемлекеттік архео­логиялық музей-қорығының ди­рек­торы Жангелді Махашов екі музей арасындағы әріптестік бай­ла­ныс­тар­дың нығайып келе жатқанына тоқталды.

Сондай-ақ ол, киелі Отырар өңірі­нің тарихи-мәдени мұраларының кеңі­нен насихатталуына мән беріп, музей­тану, археология саласындағы нәтиже­лі жұмыстар жүйелі жалғасатынын жеткізілді.

«Көне Отырарды зерттеу, ғылыми саралау – сонау ортағасырлық саяхатшылар мен тарихшылардан бері жібін үзбей жалғасып келеді. Бүгінде Отырар әлемдік ескерткіш болып ЮНЕСКО тарапынан мойындалды. Қазір Отырар өңірін ғылыми зерттеу жұмыстары Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді», – деді Жангелді Меңлібайұлы.

Айтулы көрменің ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих фа­культетінің деканы, профессор Дос­бол Байқонақов сөз сөйлеп, университет ғалымдары еліміздегі музей мамандарымен бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып отырғанын айтты.

Рухани-мәдени жиын барысында Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар музей директоры Гүлмира Райылқызы «Есік» му­зей-қорығымен белсенді әріп­тес­тік орнатқан «Отырар» музей-қоры­ғының қызметкерлері мен мектеп мұға­лімдеріне алғысын білдіріп, арнайы марапаттады.

Көрме – «Ұлы Жібек жолы және Отырар Х-ХІ ғғ», «Отырар-Қарахан дәуірінде», «ХІV-ХV ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХVІ-ХVІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында», «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптарын қамтыған. Көрме экспозициясымен «Отырар» музей-қорығының қызметкері Ерлан Әскерини Отырардан табылған тарихи жәдігерлер жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, таныстырды.

Көрмеде «Отырар» музей-қорығы қоры жинағындағы археологиялық экс­понаттар – керамикалық бұйым­дар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, сирек кездесе­тін жәдігерлер, ескерткіштерге қатыс­ты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.

 

Алматы облысы