Әуесқойлар арасында шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өткен әлем чемпионатының финалында Румыниямен шеберлік байқасып, күміс медальді қанағат тұтты.
Ойынның негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды. Кездесу барысында жерлестеріміз басым тұрған еді. Ойын аяқталар тұста румыниялық футболшылар таразы басын теңестіріп кетті. Ал пенальти тебуде ел құрамасы қарсыласына 11:12 есебімен есе жіберді.
Жалпы, ел құрамасы жарыс барысында А тобында сынға түсті. Топтық кезеңде Гананы – 7:0, Үндістанды – 16:0, БАӘ құрамасын 2:1 есебімен жеңді.
1/8 финалда – Мексиканы (0:0, 2:1 - пенальтиден), ширек финалда – Чехияны (3:3, 3:2 – пенальтиден), жартылай финалда Әзербайжан құрамасын (3:2) қапы қалдырды. Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан футболшылары 2015, 2017 жылдарда 11-орын алған еді.