Бүгінгі таңда қызметкерлердің көпшілігі жұмыс істеу үшін ChatGPT сияқты нейро желілерге негізделген тілдік модельдерді пайдаланатыны белгілі. Мысал ретінде көршілес Ресейде «Касперский зертханасы» жүргізген сауалнамаға сәйкес респонденттердің 11%-ы чат-боттарды қолданатынын мәлімдеген. Осының салдарынан олардың 30%-ы алдағы уақытта адамдардың едәуір бөлігі жұмыссыз қалуы мүмкін деп қауіптенеді екен.
Осы сияқты өзге де зерттеулерге көз жүгіртсек, Бельгиядағы кеңсе қызметкерлерінің 57%-ы деректерді тексермей-ақ бірден ChatGPT көмегіне сүйенеді екен. Ұлыбританиядағы респонденттердің басым бөлігі (58%) жұмыс уақытын оңтайландыру үшін жасанды интеллект құралдарының әлеуетін кәдеге асыратынын ашық айтқан. ChatGPT іздеу-сұрауларының жиілігі туралы мәліметтер адамдардың күнделікті өмірде чат-ботты белсенді түрде пайдаланатынын, қажет болған жағдайда жұмыс тапсырмалары үшін де қолданатынын алға тартқан.
Ал Қазақстанда 2023 жылғы қыркүйектегі іздеу салулардың саны осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 120%-ға өскен. Демек ChatGPT танымалдылығы дәл осындай қарқын алып жатқанда «Оған жеке мәліметтерді сеніп тапсыруға бола ма?» деген маңызды сұрақ туындайтыны заңдылық. Осы орайда «Касперский зертханасының» зерттеушілері бизнестегі міндеттерді орындау барысында чат-ботты пайдаланудың төмендегідей үш негізгі қаупін бөле-жара қарастырып отыр.
Бірінші – провайдер тарапынан деректердің ашылуы немесе бұзылуы. LLM негізіндегі чат-боттар (ірі тілдік модельдер) ірі технологиялық компаниялардың бақылауында екеніне қарамастан, олар деректердің бұзылуы немесе кездейсоқ ашылуынан сақтандырылмаған. Мысалы 2023 жылдың наурызында ол аяқ астынан істен шығып, кейбір ChatGPT пайдаланушылары басқа пайдаланушылардың хат алмасуларында тақырыптар мен алғашқы хабарламаларды көріп қойғандықтан, OpenAI чат-бот жұмысын уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болады.
Екінші – зиянкесті жалған көшірмелер. Мәселен ChatGPT сияқты ресми қызметтер кейбір жерде бұғатталуы мүмкін. Мұндай жағдайда күрделі мәселелер туындап, қолданушылар бейресми баламаларды – бағдарламаларды, сайттарды, мессенджер боттары мен клиент немесе қосымша ретінде жасырынған зиянды бағдарламаларды кездейсоқ жүктеп алады.
Үшінші – аккаунтты бұзу. Оған қоса зиянкестер фишинг көмегімен қызметкерлердің есептік жазбалары мен олардың жеке деректеріне қол жеткізе алады. Осы орайда Kaspersky Digital Footprint Intelligence қызметі чат-боттардағы аккаунттарға кіруді сату туралы хабарландыруларды даркнеттегі форумдарда үнемі анықтап отырады.
АЛМАТЫ