• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сараптама 06 Қараша, 2023

БЖЗҚ: Қаржыға әркімнің-ақ бар таласы...

229 рет
көрсетілді

Күні бүгінге дейін «БЖЗҚ қаржысы экономиканы нашарлатып, банктерді әлсіретеді» деген пікір басым болып келді. Дегенмен соңғы жағдайларға назар салсақ, кейінгі онжылдықтардағы ол үстемдігінен үміт үзе бастағандай. Бұл мәселе 2019 жылдан бері қайта-қайта Үкіметтің талқысына түсіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру керектігін жиі айтады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сү­лей­меновтің айтуынша, экономиканы несиелендіруді, оның ішінде «ұзақ мерзімді» жобаларды қаржыландыруды арттыру үшін отандық банктерге тұрақ­ты қаржыландыру көздері қажет. Со­лардың бірі – Ұлттық банк басқаратын БЖЗҚ қорлары болуы мүмкін. Бұл ретте зейнетақы ақшасын алуға өтініш білдірген несие ұйымдары қаржылық тұ­рақ­тылықтың белгілі бір талаптарына сай болуы керек. Ұлттық банк осылайша «экономиканы әртараптандыруға және өсуге» БЖЗҚ қаржысы арқылы қол жет­кізу­ді көздеп отыр.

Ұлттық банктің корпоративтік несие­лендіруді дамытудың тағы бір тетігі – бірнеше банктердің бір мезгілде беретін синдикатталған несиелері. Қазақстанда қаржы­лан­дырудың бұл түрі 2020 жылдан бері қолданылып келеді, бі­рақ әлі күнге дейін қарыз алушылар арасында сұранысқа ие емес.

Ұлттық банк төрағасы айтып өт­кендей, кәсіпкерлікті не­сие­­лендіруге қызығушылықты арт­тыру үшін, сара­ланған кор­поративті табыс салығы (КТС) мөлшерлемелерін енгізу ұсы­нылды. «Кәсіпкерлікті несие­лендіруден алынған банктердің кірістеріне КТС төмен мөлшер­леме бойынша, ал басқа кіріс түрлеріне, оның ішінде тұтыну­шылық несиелеуден түсетін кірістерге КТС жоғары мөлшер­леме бойынша салық салу ұсы­ны­лады. Есептеулер мұндай баста­маның енгізілуімен бюджет кірісінің артқанын көрсетеді», деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Төрағаның пайымдауынша, бұл ұсы­ныстар мен тиісті есептеу­лер Үкімет­ке жі­берілді. Ұлттық экономиканы инвес­ти­циялаудың мүмкіндіктері мен тетік­тері жайлы көп жазылды. Себебі қордағы қаржыдан дәметкендер сыртта да, іште де көп болды. Тіпті ана бір жылдары банктерге берілген демеу қаржы қордан алынды деген сөздер де айтылып қалды.

Егер сарапшылардың пікір­ле­рін жи­нақтайтын болсақ, Қазақ­стан эко­­номикасының негізгі кем­шіліктері мо­но­полиялық қысым, мемлекеттің ква­зимемлекеттік сектор арқылы үстемдігі, шикізат­тық бағыт болып жалғасып кете бе­реді. Дәл осындай жағдайда БЖЗҚ қар­жысын экономиканы инвестиция­лауға бағыттау құмға су құюмен бірдей қабылданатыны анық. Осыған дейін қор қаражаты теміржол саласын дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге, екін­ші деңгейлі банктерге ірі жобаларды қар­жыландыру мақсатында бөлініп кел­ді. Үкімет нақты сек­тор­ға бағыттау қа­жеттігіне енді мойынсұнып отыр.

БЖЗҚ мәліметіне қарағанда, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша зейнетақы жинақтары 14,7 трлн теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1,6 трлн теңгеге (немесе 12,2%-ға) өсті. 2022 жылғы инвестициялық кіріс 914 млрд теңгеден асты. Зей­нет­ақы активтерін басқару нәти­желері туралы ақпарат ай са­йын БЖЗҚ сайтында жарияланады.

Жыл басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төр­аға­сының орынбасары Мария Хад­­жиева БЖЗҚ активтерін ша­ғын және орта бизнес­ке инвести­ция­лауға мүмкіндік беру ар­қы­лы қор активтерін инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырғандарын, бұл мүмкіндікті «Да­му» қорының кепілдігі бар субьектілер пай­далана алатынын айтқан болатын. Себебі «Даму» қорынан осы қаржы құрал­дарын өтеуге қатысты қосымша кепілдік болатындықтан, инвестицияның тәуекелі аз. Со­дан кейін, Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Бәйтерек» АҚ-ның жалпы сомасы 500 миллиард теңгеге дейінгі ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялау жоспарланғанын хабарлады. Қаржыландыру жобаларын іріктеу және бөлінген қаражаттың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде жүзеге асырылатын болады. «Бәйтерек» – «ҚазАгро» сияқты бірқатар ұйымға инвестиция сала­тын мемлекеттік қаржы институты. Яғни субсидиялардың бір бөлігі енді «Бәйтерек» арқылы өтеді. Сондай-ақ «Бәйтерек» «Отбасы банкі» арқылы тұр­ғын үй бағдарламасына инвестиция салды, өндірісті әртараптандыруға ықпал етті.

Соңғы жарты жылда БЖЗҚ жақсы нәтиже көрсетті. Әкімшілік шығындардың екі есе азаюы БЖЗҚ активіне түсетін сал­мақты да азайтты. Екіншіден, абсолютті таза түрдегі кірістілік салық төлегенге дейін 4 пайыздан немесе 5 пайыздан жоғары.

Белгілі қаржыгер Ілияс Исаев­тың айтуынша, БЖЗҚ қаржысы консервативті және ұзақ мерзімді. Күні бүгінге дейін оны инвестициялайтын субьект аз деген пікір басым болып келді. Бірақ елдегі экономиканың барысы мемлекетке өзін өзі инвестициялауға мүмкіндік беріп тұр. Таратып айтқанда БЖЗҚ арқылы несие береді немесе мем­лекеттік облигацияларды сатып алады. Сыртқы нарықтарда да, ішкі нарықта да сенімдісі аз. Тіпті «ел арасында бізде мұнайдан өзге немесе алыпсатарлықтан өзге экономика бар ма?» деген сөздер айтылып қалып жүр. Мұндай БЖЗҚ-ның немесе Ұлттық банктің оған қатысты жаңа стратегиясының барлығына ел сенбей қарайды.

Алматыда, қыркүйекте өткен жиында Жапония мен Герма­нияның тәжірибесінде зейнетақы қорларының қаржысын инфра­құ­рылымға бағыттау үрдісі оң нәтиже көрсеткенін Ұлттық банктің экс төрағасы Г.Марченко айтып берген. Бірақ біздегі жағдай басқаша екенін бәріміз білеміз. Дамыған елдерде жауапты жобаға жауап беретін басшылар инвестиция есебінен біздің елдегі әріптестері сияқты қолайлы сәтті пайдаланып «жыртығын жамап алғысы келмейді»...

«БЖЗҚ ақшасын екінші дең­гейлі банк­тер арасында бөлудің ашық әрі түсінікті тетігі болуы қажет. «Егер бұл қаражат ква­зи­мем­лекеттік кәсіпорындарға ба­ғыт­­­талса, онда БЖЗҚ мен Ұлт­тық банк­­тен инвестициялық мақсат­тары қа­таң анық­­талған және халыққа есеп бе­ру мін­деттемесі бар реципиент-ком­па­ниялардың атаулы тізімін ұсынуды сұ­рау қажет. Бас­қаша жағдайда зейнетақы ак­тивтерінің қайтарымы болмайды», дейді сарапшы.

Сарапшы айтып өткендей, БЖЗҚ-дан бөлінген ақшаның қазір қайда жұмсалып жатқанына ешкім бей-жай қарай алмайды. Себебі БЖЗҚ активтерінің 50%-ға жуығы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банк ноталарына салынғаны, бір жағынан, жақсы, бірақ екінші жа­ғынан, бұл мемлекеттік бюд­жет тапшылығы негізінен қаржы­ландырылады. Іс жүзінде екі қор – Мем­лекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры мен Зейнетақы қоры бюд­жеттің не­гізгі кредиторлары болып табылады. «Бі­рақ біз БЖЗҚ ақшасын бұрынғысынша отандық экономикаға, одан да көп көлемде инвестициялау керек деп есептейміз. Егер мемлекеттік корпоративтік жүйенің са­па­­сын өзгерткіміз келсе, ақылға қо­ным­­­ды инфрақұрылымдық жо­ба­лар­ға, энер­гетикалық секторға бағыт­тауға болады», дейді сарапшы.

БЖЗҚ активтерінің өлі актив емес, айналымда жүргенін сарап­шылардың бәрі құп көріп отыр. Себебі соңғы бірер жылда оның табыстылық деңгейі сын көтере бастағаны айтылып та, жазылып та жүр. Ақша үнемі айналымда жүргені, инвестицияға жұмсалуы қажеттілік. І.Исаевтың айтуынша, БЖЗҚ қаржысын экономикаға бағыттайтын операторды таң­дай­т­ын кезде асығыс шешім қа­был­­дауға болмайды. Кейбір ақпа­рат көз­дерінде бұл міндетті елі­міздегі ква­зисек­тордағы қар­жы институттарының біріне жүк­телетінін айтады. «Бізге квази­сектордағы қаржы институт­тары­ның жұмысына мониторинг жасайтын кез келді. Үкіметтің ауылды дамытуға немесе экономикаға бағыттаған қаржысы осы институттар арқылы өтеді. Нәтижесінің қандай болғанын ел көріп отыр. Егер Ұлттық банкпен Үкімет бұл міндетті тағы да квазисекторға тапсырса, мұның нәтижелі боларына ешкім сенбейді. Сол себепті Үкімет осы бағытты тағы да бір нақтылап алып барып шешім қабылдау керек», дейді сарапшы.

Қаржыгер Әнуар Үшбаевтың пі­кі­рінше, мәселе Ұлттық банктің БЖЗҚ қа­ра­жатын экономиканы несиелендіру үшін пайдалануында емес, бұл қаражатты пайдалану тиімділігіне байланысты. БЖЗҚ қаражатының артында халық тұр. Олар тәуекелдердің ең аз болуын ғана емес, сонымен бірге қаржыны пай­даланудың тиімділігін де қалайды. БЖЗҚ активтерінің басым бөлігі теңгемен орналастырылған. Соңғы жылдары он­да­ғы активтердің құнсызданып қалғаны айтылып та, жазылып та жүр. Оның па­йымдауынша, бұл бастаманың негізгі тәуекелдері – өтеу мен табыстылық. Банк сек­торының қазіргі жағдайы онша жақсы емес, девальвация­дан кейін проблемалық несие­лердің көбеюіне байланысты банк секторының жағдайы нашарлайды. БЖЗҚ үшін жоғары табыстылық қажеттілігі арзан қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді және мұндай қаражат бұрынғысынша қымбат болады. «Ұлттық банкте қазір эмиссиялар шығару немесе БЖЗҚ ақшасын пайдаланудан өзге жол жоқ», дейді қаржыгер. Сонымен, БЖЗҚ қаржысы туралы мәселе Үкімет пен Ұлттық банктің түн ұйқысын төртке бөлетін салмақ болып тұр.

Сарапшылар арасында БЖЗҚ қар­жысы экономика үшін қатерлі дертпен бірдей деген пікір бар. 2016 жылы БЖЗҚ-ның 1 триллион 450 миллиард теңгені инвестициялау бастамасын сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «2016 жылға арналған уақытша шешім» деп баға бергенін әлі ұмытқан жоқпыз. Себебі сол кезде БЖЗҚ-ның 350 миллиард теңгесі 2016 жылдың бюджет тапшылығын жоюға, 500 миллиард теңгеге дейінгі қаржы шетел валютасын конвертациялауға, 600 миллиард теңге экономиканы қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктердің, ұлттық холдингтер мен компаниялардың облигацияларын алуға жұмсалғаны белгілі. Ал бұл жолғы қаржы эко­номикаға бағытталғалы тұр. Е.Досаев айтпақшы, уақытша шешім емес, елдің экономикасына ықпал ететін және қайтарымы ұзақ уақыттарға созылатын, инвестициялық тартымдылығы күмәнді, тағдырлы шешім. Ел ішінде «жұмсалған қаржы қордағы қаржының инвестициялық кіріс­тілігіне қалай әсер етеді, инвес­тициялық кіріс қандай тетік­тер арқылы толығады?» деген сауалға БЖЗҚ қаржысын экономикаға бағыттап отырғандар әлі жауап берген жоқ.

Ал халықтың қордағы қаржы­сын халықтың өзі қайта-қайта тексеріп, қанша жинақталғанын, қай мақсатта жұмсалып жатқанын зерттеуге кірісіп, зейнетақы жинағын өз бақылауына ала бастағанын көріп жүрміз.

 

АЛМАТЫ