Орта салмақтағы қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов 17 қарашада Ташкентте өтетін жарыста германиялық Винсент Файгенбутцпен күш сынасуға тиіс еді.
Алайда күні кеше оның жарақат алғаны белгілі болды. Содан WBC басшылары Файгенбутцті алмастыратын былғары қолғап шеберін іздестіруге кірісті. Бұл мәселе дереу өз шешімін тапты. Енді Мейірім Чилидің өкілі Хулио Аламоспен айқасады. Ол – өте мықты қарсылас. 32 жастағы Сантьягоның тумасы кәсіпқой рингте алты жылдан аса жұдырықтасып жүр. Алғашқы 16 жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған Хулио тоғыз бәсекелесін айқын басымдықпен ұтты. Соңғы рет биыл жазда италиялық Этинос Олихамен кездесіп, оған ұпай санымен есе жіберді. Сөйтіп, чилилік спортшы IBO нұсқасы бойынша алтын белбеуді иелену мүмкіндігінен айырылды. Ал Өзбекстанның астанасында ұйымдастырылатын кеште жеңіске жеткен боксшы WBC нұсқасының чемпиондық тәжіне таласу құқығына ие болады. Ал бұл атақ әзірге АҚШ өкілі Джермалл Чарлоға тиесілі.