Өткен жексенбіде еліміз маңызды тағы бір саяси белесті бағындырды. 5 қарашада алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда бұл науқан қанатқақты режімде басталатынын мәлімдеген болатын. Соған сәйкес саяси бәсеке өтетін мезгіл белгіленіп, дайындық жұмыстары басталып кетті.
«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Мемлекет басшысы.
Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті. 1 553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды.
Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 62,79 пайызды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды.
Сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні байқауды кандидаттардың 8 500-ге жуық сенім білдірілген адамы, байқаушы мен БАҚ өкілі жүзеге асырды.
Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 1491 аудандық және қалалық сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті.
Ең ірі 305 сайлау учаскесінде (1 000-нан аса сайлаушы) ЦДИАӨМ және «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ-мен бірлесіп, сайлаушылар тізіміне кірмеген, бірақ сайлау учаскесінің аумағында тұратын мекенжай мәліметтерін тексеру үшін сервис ұйымдастырылды.
Жамбыл және Түркістан облыстарының 3 сайлау учаскесінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларының қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды.
Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды. Сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілді.