Бұл күндері әлемнің әр қиырында теннистен түрлі турнир өтіп жатыр. Солардың бірқатарында жерлестеріміз де бақ сынады.
Бейбіт Жұқаев кеше ғана АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласында аяқталған жарыста жеңімпаз атанды. Бастапқы бәсекелерде Тай-Сона Квятковски (АҚШ), Иньяки Монтеса де ла Торре (Испания) және Нино Сердарушичке (Хорватия) сан соқтырған қандасымыз жартылай финалда Патрик Кипсонды қапы қалдырды. Бір жарым сағатқа созылған сайыс 6:4, 7:6 есебімен аяқталды. Финалда Бейбіт Эйден Майодан (АҚШ) айласын асырды. Бұл бәсекеде 6:3, 6:4 есебі тіркелді. Осы жеңісінің арқасында ол 10 840 долларды қалтасына басты. Осылайша, Бейбіт өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет «Челленджер» санатындағы жарыста бас жүлдені олжалады.
Финляндияның бас шаһары Хельсинкидегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде Денис Евсеев дәл сол мемлекеттің өкілі Отсо Мартикайненді 6:4, 6:1 есебімен еркін еңсерді.