• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тағзым 07 Қараша, 2023

Елтұтқа Ескелді би

202 рет
көрсетілді

Биікке өлшем беру үшін билердің сөзіне жүгінетін қазақтың бабаға деген құрметі баланың әкеге деген махаббатындай. Ақ сауытын асынып, бабалар аруағына сүйеніп, ата жауын тықсырған даналарымыздың рухы өр, ойы дария. Ғасыр аунаса да бозжусан бейнесінің бояуы жұқармай, атар таңның қызылсаң сәулесіндей қайта бой көтеріп, болашақтың жүзіне нұрын шашып тұратыны содан-ау, сірә. Ендеше, Жетісу жұртының елі сүйген Ескелді бидің 330 жылдық мерейтойын тойлауының себебі арыда жатқанын осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Кейде бауыры бұлақ баба­ла­ры­мыздың ұлағатына шөлдегенде тарихтың сабасында піскен асау да ащы қымызды қотара ішкің келеді. Қоңыраулы найза алып қол төңкермесең де, рухыңа төңкеріс жасардай әл-дәрмен аласың. Нөсер ойдың жаңбыр ұшығындай ғана болса да намысыңа тамызық, арма­ны­ңа желкен болатын дәруменге ие қордалы да қаймақты тіркестер тіл ұшына байланып, мақсатыңа мін­бер болатыны сөзсіз. Қазақ-қал­мақ арасындағы ғасырлар бо­й­ғы сұрапыл шайқаста елі­не ес болған ұлылар сапынан­ Ескелді би Жылкелдіұлы да та­былып, батырлығымен, қол­бас­шылығымен, би-шешендігімен танылған. Міне, сол бабамыздың туғанына 330 жыл толған ұлы думанды жетісулық жұртшылық айрықша атап өтті. Алдымен зия­лы қауым өкілдері Ескелді баба кесенесіне барып Құран бағыштап, рухына тағзым жасады.

Болашаққа деген кемел қа­дам­ның­ басы өткенді танып, кеше­гі­ге тағзым ету шарасымен бас­тал­са керек. Алмағайып заман­да Алашына пана бол­ған баба­лар­дың өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғын­ дәріптеу – біз үшін парыз. Сол парызды парасат биігінде се­­зін­ген жетісулықтар Ескелді Жыл­­кел­діұлының 330 жылдық ме­рей­тойын Б.Римова атындағы Тал­ды­қорған драма ­театрында дүбір­­­летті. Алдымен «Ел қорғаны – Ескел­ді» республикалық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция өтіп, соңы­нан баба ерлігін қаламға ар­қа­у­ еткен жазба ақындар мү­шәй­ра­сы­ның жеңімпаздары марапаттал­ды.

Салтанатты іс-шараның шы­­мыл­­ды­ғын мұзарт таудың мұз­балақ ақыны Мұқағали Мақа­таев­тың ақық жырымен ашып, бабалар­ ерлі­гін асқақтата жеткізген Мәд­е­ниет қайраткері, «Jetisy» газе­ті­нің бас редакторы Жұматай Оспанұлы ру­хани жиынның мәні мен маз­мұ­нына тоқталды. Өз кезегінде облыс­ әкі­мі­нің орынбасары Рустам Әлиге сөз берді.

Ескелді баба атымен атала­тын ауданда туып, сол жерде әкім ретінде қызмет еткенін ерек­ше мақтаныш тұтатынын жет­кізіп, ұлы баба ерлігі мен өрлігі жөнінде, тарихты құрметтеу, қасиет­ті дүниелерімізді қастерлеу бүгін­гілердің борышы екенін айтқан Рустам Әлиұлы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың құт­тық­таухатын оқыды.

Тарлан тарих тарауларындағы ізгілік пен мейірімге, өрлік пен ерлікке шақыратын шежірелі оқиға, шалқар сырлардың қай-қайсысы да ұрпақ үшін қажет. Солардың қатарында Ескелді Жылкелдіұлы бастаған тарихи тұлғалардың әрбір өнегелі ісі ұрпаққа ғибрат шашатыны хақ. Сонау «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде кеудемсоқтық жасаған, мұздай құрсанып келген жаудың сұрапыл екпініне төтеп беріп, жерінен шым-шым топырақ, шөкім тас бермей қуып шыққан бабалар қатарындағы Ескелдінің тарихи ерліктері мен би-шешендік өнерде қалдырған олжасын дәріп­теген ғалымдар ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кан­дидаты Анар Бұлдыбай, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңе­сі­нің мүшесі, араб, парсы және шаға­тай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай, Қазақстанның құр­метті журналисі, «Құрмет» орде­ні­нің иегері, Ескелді бабаның ұрпа­ғы Сәбит Биболов, Қазақстан Жур­на­листер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр ака­де­­миясының профессоры, ха­лық­­аралық Ж.Жабаев атын­дағы сыйлықтың лауреаты,­ «Құрмет» орденінің иегері Қошан Мұстафаұлы сынды зия­лы­ қауым өкілдері конференция­да ұлы баба ерліктерін паш етіп, тың жаңалықтармен бөлісті. Қазақ тарихының, жалайыр руының арғы-бергі шежіресінен сыр шертіп, Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат тауарих» атты кітабы, жалпы, сан тараулы кітаптар, Алаш жұртының өткені үлкен бұрмалауға ұшырағанын жет­кізді. Жаңа тарих жылнамасы қайта жазылып жатқанын, әр қазақтың түпкі шежіресі шалқар екенін термеледі. Осындай рух жаңғыртқан жиыннан кейін «Ел қорғаны – Ескелді» тақы­ры­бындағы республикалық мүшәйраның жеңімпаздары марапатталды.

Қара өлеңмен баба мүсінін қашап, ерлігін асқақтатқан ақын­­дар додасына 60-тан аса өтінім келіп түсіпті. Солардың арасында асылын айшықтап, салмақтысын саралап шығарған Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Нұрила Бектемірова, Сағыныш Намазшамова, Жангелді Неме­ребай сынды белгілі ақындар қазылық еткен додада Жомарт Игіман, Айтақын Бұлғақов, Қалқаман Әбдірахмандар арнайы Қабан жырау, І. Жансүгіров, Ж. Жақыпбаев атындағы жүлдеге (150 мың теңге) ие болды. ІІІ орынды (300 мың теңге) астаналық Әбдіғани Бәзілхан, тараздық Хамит Есенаман, талдықорғандық Гүлбақыт Қасен иеленсе, ІІ орынды (400 мың теңге) Алматы облысының ақыны Ахмет Өмірзақ пен жетісулық Асыл Сұлтанғазы өзара бөлісті. Ал І орын (700 мың теңге) иегері деп алматылық Құрманғазы Жұмағұл танылса, «қазақ поэзиясының Еңлікгүлі» атанған Заида Елғондинова бас бәйгені еншілеп, 1 млн теңгенің серти­фикатымен марапатталды. Осылайша, ғалымдар тарихтан сыр шертіп, ақындар жыр толғаған мерейтой Жетісу жерінің өнерпаздары салған әсем әнмен асқақтап, күмбір күймен шырайланды.

 

Жетісу облысы