Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар барысында осы елдің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі шейх Нахаян бен Мубарак Әл-Нахаянмен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар өзара серіктестікті одан әрі нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің стратегиялық ұстанымдары бір-біріне өте жақын екені атап өтілді. Нақты айтқанда, бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылу және толеранттылық идеяларын дәріптеу, бүгінгі сын-қатерлер мен жаһандық мәселелерге қарсы тұру жолында күш жұмылдыру бағытындағы ортақ көзқарастар сөз болды. Абу-Дабиде өткен халықаралық конференцияда дін көшбасшыларының экологиялық мәселелерді шешуге қатысу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Мәулен Әшімбаев климаттың өзгеруі жаһандық деңгейде, оның ішінде Қазақстан үшін де ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тұжырымдамасын іске асыру аясында аталған мәселелерді шешуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
«Климаттың жаһандық өзгеруі біздің өңірде су тапшылығына және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда түрлі проблемаға алып келеді. Бұл мәселе бүкіл әлемге де қауіп төндіретіні анық. Сондықтан осы бағыттағы барлық сындарлы күштің бірлесіп әрекет етуі маңызды. Осындай күрделі кезеңде өзара түсіністік пен сыйластықты дамыту ерекше мәнге ие. Жаһандық проблемаларды, оның ішінде экологиялық мәселелерді шешуде дін қайраткерлерінің де әлеуетін тиімді пайдалану керек деп есептейміз», деген Сенат спикері алдағы СОР28 Климат конференциясының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Осы күні Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бин Заид Әл-Нахаянмен кездесті. Кездесуде дін лидерлерінің жоғары рөлі сөз болды. Сондай-ақ рухани дипломатияның жаһандық мәселелерді және өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ықпал етуі маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ислам, христиан, иудаизмнің діни ғибадатханаларын біріктірген кешенге барды.
Сапар кезінде қазақстандық делегация мүшелері «Abu Dhabi Global Market» халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты. Айта кетейік, жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде 32-орында тұрған бұл ұйым Астана халықаралық қаржы орталығымен де белсенді ынтымақтастық орнатып отыр. Аталған екі Ұйым арасында 3 тиісті меморандумға қол қойылған.
Қазақстан сенаторлары «Hub71» технологиялық экожүйе орталығында БАӘ-нің стартаптарды қолдау жұмысымен танысты. Оның негізгі міндеті – ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы стартаптар мен компанияларды қолдау және ынталандыру. Орталық стартаптарды капиталмен, сарапшыларды қолжетімділікпен қамтамасыз ете отырып, оларға жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, қаржылық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында қолдау көрсетеді.