• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Еңбек 08 Қараша, 2023

Еңбек пен еңбекақы құқы

203 рет
көрсетілді

Шыны керек, қазір қай өңірде болсын, жалақы мәселесін алға жалаулатқан жұмысшылар еңбегіне сай еңбекақы ала алмай жүргенін алға тартып жатады. Түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда тер төккен азаматтардың жанайқайы кімді де болсын ойландырса керек.

Расында, қарапайым жұ­мыс­­шылардың құқығын қор­ғау­­дың маңызы зор. Еңбек қаты­настарын реттеу мәселесі қай кезде де өзектілігін жой­ған емес. Өңірдегі мың­нан аса кәсіпорында қызмет ат­қа­рып жүрген қарапайым аза­маттардың жалақысы көңіл көншіте ме? Олардың еңбек­ақысын арттыру бойынша нақты қандай жұмыстар атқа­ры­лып жатыр?

«Осы жылдың 9 айында атқа­рылған жұмыс қоры­тын­ды­­сына зер салсақ, оң нәтиже қалып­тасқанын байқаймыз. Ресми ақпаратқа сәйкес жыл басынан бері облыстың 1 268 кәсіпорнында 22 073 қыз­меткердің жалақысы орта есеппен 19,1 пайызға кө­те­­рілген. Нақты атап айтар болсақ, 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бас­тап «Қаз­фос­фат» ЖШС өзіне қарасты филиал­дардағы барлық қыз­мет­керінің жалақысын 50 мың теңгеге, ал 1 мау­сымнан 30 мың теңгеге көтерді. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақыға қо­сым­ша жыл сайын қо­сылып отырады», дейді об­лыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.

Басқарма басшысы кел­тір­ген дерекке жүгінсек, «Евро­Хим» ЖШС қаңтар айы­нан бас­тап қызметкерлердің тариф­тік төлемақысын 12,2 пайызға көбейткен. Сондай-ақ тоқсандық сыйақыны 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғай­туды жоспарлап отыр.

«Бұған қоса­ «Тараз­энер­го­ор­талық» АҚ-да осы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жылу энергиясы бойынша көрсетілетін қызметтің тарифі 17 пайызға өсіп, жұмыс­шы­лардың жалақысы 10 па­йызға көтерілді. Сондай-ақ «Жамбыл цемент өндірістік ком­паниясы» ЖШС, «1000-Арал» ЖШС және «Мың­арал компания» ЖШС осы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жұмысшылардың айлық жалақысын 20 пайызға, «Та­раз қант зауыты» ЖШС 10 пайызға арттырды. Бей­рес­ми жұмыспен қам­тыл­ған 1 159 жұмыс берушінің қарамағындағы 3 622 қыз­меткердің еңбек қатынас­та­ры заңдастырылып, көлең­келі экономикадан шыға­рыл­ды», дейді Ж.Айтақов мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Оның айтуынша, еңбек нары­ғын цифрландыру жұ­мыс­тары сәтімен іске асырылып жатыр. Сондай-ақ E-HR жүйесіне ең­бек шарттарын енгізу жұмысы да біріз­дендірілген. Ілгеріде 185 057 жұ­мысшының еңбек шарты ен­гізіл­меген болса, оның 161 800-нің еңбек шарты ақпараттық жүйеге енгізіліп, нақты көрсеткіш бүгінде 87 пайызды құрап отыр.

«Бізбен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істеп жүрген әлеуметтік әріптес­те­ріміз облыстық кәсіптік одақтар орталығы мен облыстық жұмыс берушілер ода­ғы­ның да еңбегі зор. Әсі­ресе әлеуметтік-еңбек қаты­нас­тары жөніндегі үш­жақты комиссия арқылы көп­­теген мәселе оң шешімін та­уып жатыр. Біздің мақ­са­ты­­мыз – еңбек заңнама­сы­ның бұзылуына байланысты әкімшілік шаралар қабылдау емес, керісінше қалыптасқан ахуалды шиеленістірмей, алдын алу. Келіссөздер жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік шаралары арқылы және татуластыру тетіктері арқы­лы проблеманы шешу жұ­мыс­тары оң нәтиже бере бастағаны көңіл қуантады. Барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөнін­де­гі үшжақты комиссияның жұмы­сына тоқталсақ, жыл басынан бері 6 облыстық, 82 аудандық және қалалық комиссиялардың отырысы өтіп, 128 жұмыс берушінің есебі тыңдалып, 1 381 қызметкердің құқығы қорғалды. Үшжақты комиссия мен дағдарысқа қар­сы штаб отырыстарында жұ­мысшылардың жала­қы­сын көтеру, жазатайым оқиғалардың алдын алу мә­селелері, жалақының то­лық төленуі және басқа да көп­теген мәселе бойын­ша кә­сіпорын басшыларының есебі тыңдалып, түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізіліп тұра­ды», дейді Ж.Айтақов.

Басқарма басшысының айтуынша, еңбек ұжымдарында қызметкерлердің жарақат алуының алдын алу мен азайту мақсатында 156 іс-шара ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тиісті деңгейде тү­сіндіру жұмыстары жүр­гізіледі екен.

Шыны керек, өткен жыл­­дың екінші жартысында бірқатар кә­сіпорын бас­шыла­ры жалақының аздығын ай­тып шағымданған еді. Еңбек инспекция­сы басқармасы тарапынан ат­қа­рылған жұмыстың нә­ти­­жесінде аталған кәсіп­орын қызметкерлерінің ең­бек­­ақысы едәуір артқаны көңіл қуантады. Ең бастысы, жауапты басқарма тарапынан жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқаны көкейге қонады.

 

Жамбыл облысы