• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қараша, 2023

Жергілікті сұрыптан неге жериміз?

257 рет
көрсетілді

Ақ күріш Сыр өңірінің тіршілік өзегіне айналғанына ғасырдан асып барады. Осы күні еліміз бойынша 100 мың гектарға жуық алқапқа күріш егілсе, соның 90 пайыздан астамы Қызылорда облысының аумағына себіледі. Әйгілі Ыбырай Жақаев баладай мәпелеген дақылдың даңқын жалғастырған диқандарды мемлекет тарапынан қолдау да бар. Бірақ аймақ брендінің болашағы тұқымның сапасына тікелей байланысты.

Әсілі, ғылым мен өндіріс ұштасқанда ғана жетістікке жол ашылса керек. Оның дәлелі облыс диқандары отыз жылға жуық еккен «Маржан» сұрпы. Кезінде облыстағы күріштік алқаптың 85 па­йызына егілген «Маржанның» даңқы әлемнің әр түкпіріне тарап еді. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі жоспарлы экономикадан нарықтық қатынасқа көшу кезінде дәнді дақылдан жоғары өнім алуға кепіл болатын селекциядағы жүйе бұзылды. Әсіресе 2006-2008 жылдары жете зерттелмеген, жергілікті жағ­дай­ға бейімделмеген ресейлік сұрыптар нарыққа дендей енді. Негізі шетелдік сұрыптарға өсімдік карантинімен айналысатын мемлекеттік инспекция тұқым­бақ­тарында сараптама жасалуы керек еді. Бірақ шаруашылықтар арасынан оны ескерген ешкім бола қойған жоқ. Кірме сұрыптармен ілесе кірген түрлі ауру кесірінен жергілікті өнімнің сапасын түсіріп алдық.

Республикамыздағы күріш шаруашы­лығы саласындағы жетекші селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясының корреспондент мүшесі, «Маржан» және «Ару» сұрыптарының не­гізгі авторы Құрманбек Бәкірұлы бү­гінде жоғары өнімді шетелдік сорттарды жергілікті жағдайларға бейімдеп, өн­діріске енгізу мәселесі көтеріліп жүр­генін айтады. Әрине, осы арқылы біздің жерде жоғары өнім бере алатын сұрыптардың мүмкіндігін пайдалануға әбден болады. Ең әуелі болашақ сұрыптар жергілікті жердің қолайсыз стрестік жағдайларында түрлі сынақтан өтуі қажет. Одан да дұ­­рысы, селекциялық жұмыстарды қам­­титын түрлі әдіс жүргізілуі керек. Жеті-сегіз жылғы ізденістен кейін селек­­циялық тұқымбақтарда зерттелген жүз­деген үлгінің ішінен оншақтысы таңдап алынып, тағы 2-3 жыл бойы конкурстық сынақтан өтуі керек. Осы үлгілердің ішінен болашақ сұрып болуға лайықты 1-2 үлгі мемлекеттік сынаққа беріліп, сонымен қабат өндірістік сынақ­тан өткені жөн.

«Селекцияның классикалық, мутагенез, полиплоидия, гаплоидті деген түрлері бар. Қай-қайсысы да – ұзақ жылғы ізденістен тұратын әдістер. Ал біздің топырақта экологиялық сынақтан өтпеген шетелдік сорттардың ауа райы қолайсыз жыл­дары жетілмей қалуы кездесіп тұра­ды. Тіпті осы жағдайлардың әсерінен өнім бермей қалу қаупі бар. Мысалы, қайбір жылы көктемгі қолайсыз ауа райы мен су тапшылығының салдарынан облыста көп көлемде егіліп жүрген Ресейдің «Лидер» сұрпы жекелеген шаруашылықтарда толық піспей қалды»,  дейді ғалым.

Селекция – оншақты жылда ғана бас­таған ісіңнің нәтижесі көрінетін үз­дік­сіз үдеріс. Кезінде сұрып коллек­циялық, будандық, селекциялық, ба­қы­лау, конкурстық тұқымбақтарда әбден зерттеліп барып, мемлекеттік сынақ­тан кейін жерсіндірілетін. Қазір бұрынғыдай күні бойы су кешіп жұмыс істейтін селекционер аз. Барының өзі ақысы еңбегіне татымайтын қып-қызыл бейнеттен қашады. Осыдан-ақ біздің қазіргі ауылшаруашылық ғылымының жай-күйін бағамдай беріңіз. Қазір ауыл­шар­уашылық бағытында түрлі жоба болғанымен, мерзімі шектеулі. Тіпті 3 жылда жаңа сұрып дайындауды көздейтін жобалар да кездескен. Саладан мүлде хабарсыз, селекцияның иісі мұрнына да бармайтындардың осындай тірлігі ғалымдар ізденісіне көп кедергі келтіреді.

Әрине, ғылыммен айналысу үшін жағдай керек. Бірақ биыл базалық қаржыландырудан алынып тасталған «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы» ҒЗИ ұжымы жыл басынан бері жалақы алған жоқ. Қаржы­лан­дырудың тоқтағанына қарамастан, шаруашылықтармен келісіп, көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастырды. Жа­лақысыз жұмыстан кетіп жатқан жастар қатары күн сайын көбейіп барады. Бұл – маңдайға басқан жалғыз ғылыми зерттеу институтының болашағына төн­ген қауіп.

«Қазір Краснодардың өзінде «Лидер» сұрпын мүлде екпейді. Ал біз сол сұрыпты, «Янтарьды» көбейтіп, шаруа­шы­лықтарға таратып отырмыз. Бұдан отандық ғылым өркендемейді. Осы күні Аустралия, Мысыр, Қытай күріштен алда тұрған ел саналады. Кейінгі 20 жылда будандық күріштен көп өнім алып жатқан қытайлық ғалымдар біздің облысты да жағалап, 2-3 сортын сынаққа берген. Бірақ оны бізде көбейту мүмкін емес, оны тек сол елден ғана ала аласыз. Оны егетін болсақ, Қытайға тәуелді боламыз. Сырттан сорт тасымалдаудың соңы осындай экономикалық диверсияға әкеліп соғады. Ал бізде оны ойлап отырған ешкім жоқ сияқты», дейді ғалым.

Осы күні Ресейде бір ғана күріш саласында 4 үлкен селекциялық топ бар. Бұл топтар жергілікті жерге тиімді сұрыптар дайындау барысында бәсекелесіп жұмыс істейді. Ал бізде бұл бағытта жалғыз-ақ маман қалды. Көп жас жағдайдың жоқтығынан күнкөріс қуып, басқа салаға кетті.

Әлемде жердің тапшылығынан су бетіндегі қалқымалы алаңда күріш егетін мемлекеттер бар. Олар инженерлік жү­йе­ге келтірілген жүз мыңдаған гектар алқабы бола тұра, біз сияқты сыртқа көзін сатпайды, өнімді өз технология­сымен егеді. Өздерінің осы саладағы талай жылғы тәжірибесіне сүйенеді. Қазір азық-түлікпен әлемді асырайтын қауқары бар Қытайда күріштің 1 сор­тын­ әзірлеуге 200-ден астам сұрыпты зерт­тей­ді екен. Ал біз қолдағы барымыздан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрмыз.

«Қазір біз күріш тұқымынан бөлек бидайдан – 37, ал бұршақтан 90 пайыз шетелге тәуелдіміз. Біздің ғылымның жай-күйін осыдан-ақ байқай беріңіз. Екі мыңыншы жылдары көшеттеп егу технологиясын бастап, тәжірибеден жақсы өтіп еді. Кейін қаржыландыру тоқтап, бастама орта жолдан үзілді. Жергілікті шаруашылықтардың тапсырысымен «Сыр сұлуы» сортын әзірледік. Ол да қаржы жетімсіздігінен сыртқы сұрыптар тасқынына төтеп бере алмай отыр», дейді Құрманбек Бәкірұлы.

«Ы.Жақаев атындағы Қазақ кү­ріш шар­уа­шылығы» ҒЗИ мамандары күріш­тен бөлек арпа дақылының жаңа сұрыптарын дайындау үстінде. Жаңалықты жатырқамайтын ғалымдар жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуге әзір. Бірақ жайы бөлек жергілікті сұрыпты егу аясын кеңейту үшін мемлекет қолдауы ауадай қажет.

 

Қызылорда