Қазақстанда толық емес отбасыларға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар? Бұл сұраққа Krisha.kz сайты жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Толық емес отбасы» - ерлі-зайыптылардың ажырасуы не біреуінің қаза болуы салдарынан неке бұзылып, бір адам бала тәрбиелеп отырған отбасы. Айта кетсек, бұл санат заң аясында бекітіледі.
Толық емес отбасылар мемлекеттен баспана алу үшін арнайы кезекке тұруға тиіс екені баршаға белгілі. Бірақ кезек талабын екінің бірі біле бермейді.
Тұрғын үй кезегіне тұру үшін:
Қазақстан азаматы болу; Өтініш беруші мен отбасы мүшелерінде (әйелі/күйеуі, балалары) соңғы бес жылда жалға берген баспананы қоса алғанда, үй болмау қажет; Не болмаса: — баспана бекітілген санитарлық нормаларға сай емес, — жапсарлас, оқшауланбаған бөлмелерде екі не одан көп отбасы тұратын, — отбасы құрамында созылмалы аурудың ауыр түріне шалдыққан кісі болып, онымен бір пәтерде тұру мүмкін болмау керек; Астана, Алматы, Шымкентте кем дегенде үш жыл тіркелу міндетті. Ал басқа қалаларда мерзімі маңызды емес.«Әлеуметтік осал топтағы толық емес отбасыларға әкімдік мерзімін ұзарту құқығымен үш жылға пәтер жалға береді. Ол қатысушының отбасы мүшелеріне мұрагерлік жолмен өтеді. Алайда мұндай мүлікті сатуға, кепілге қоюға, айырбастауға болмайды. Коммуналды төлемдерді қоспағанда, айына шамамен 10-15 мың теңге төлеу керек. Бұның кемшілігі де бар, кезекте 10 жыл тұруыңыз мүмкін», делінген ақпараттық хабарламада.
Баспана кезегінде тұрған қоғамның әлеуметтік осал топтары үшін арнайы «5-10-20» (бұрынғы «Шаңырақ») бағдарламасы іске қосылған.
5 % - банктің сыйақы мөлшерлемесі; 10 % - бастапқы жарна; 20 жыл - несие мерзімі.Аталған бағдарлама бойынша Отбасы банк несие рәсімдейді.
«Өтінімдер otbasybank.kz сайты арқылы беріледі. Үміткер тек өзі тұратын өңірдегі белгілі бір нысаннан үй таңдай алады, бірақ ол үшін ғимарат құрылысы аяқталып, қолданысқа берілуі керек. Сондай-ақ қатысушылар құрылыс барысын өздері бақылап отыруға тиіс», делінген хабарламада.