• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Теннис 09 Қараша, 2023

Кинг Кубогі басталды

139 рет
көрсетілді

Кеше Испанияның Севи­лья қаласында әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг Кубогі басталды. Бұл бәсекеде жергілікті теннисшілерден бөлек, Швейцария, Аустралия, Канада, Чехия, Франция, Германия, Италия, Поль­ша, Словения, Испания, АҚШ және Қазақстан құрамалары бақ сынайды.

Кезінде Федерация кубогі деген атауға ие болған турнирдің тұсауы 1963 жылы кесілді. 2020 жылдан бері оған Билли Джин Кингтің есімі берілді. 1968-1980 жылдар аралығында аталған теннисші «Үлкен дулыға» сана­тындағы жарыстарда 13 мәрте топ жарды. Тарқатып айтсақ, Уимблдонды 6 рет, АҚШ-тың ашық біріншілігін 4 рет және Аустралияның ашық біріншілігі мен Ролан Гарросты бір-бір реттен ұтты. Сонымен қатар жұптық сайыста 16 және миксте 11 мәрте мерейі үстем болды. Барлығы – 39 турнирде ал­дына жан салма­ды! Билли Джин­нің одан да басқа толып жат­қан атағы бар. Спорттық ман­сабын аяқта­ған­нан кейін Кинг бап­кер болды. Оның жетек­шілігімен АҚШ құрамасы талай толайым табысқа қол жеткізді. Былтыр жарыс Шотландияның Глазго қаласында өтіп, финалда Швей­цария мен Аустралия құрамалары шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде еуропалықтардың мысы басым болды.

Аталған жарыста АҚШ құра­ма­сының 18 рет асығы алшысынан түссе, Чехия 11 мәрте шашасына шаң жұқтырмады. Бұған қоса Аустралия – 7, Испания мен Ресей – 5, Италия – 4, Франция – 3, Германия – 2, Бельгия, Сло­ва­кия, Швейцария және ОАР 1 рет­­тен дара шықты. Жекелеген ойын­шылар арасында рекордтық көрсеткіш Крис Эвертке тиесілі. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары атой салған әйгілі америкалық теннисші 8 додада дараланды. Розмари Касальс пен Билли Джин Кинг жеті рет теңдессіз деп танылды. Олардың екеуі де – АҚШ-тан. Чехиялық Петра Квитова мен Барбора Стрыцова алты мәрте бас жүлдені олжалады. Луция Градецкая мен Луция Шафаржова (Чехия), Кончита Мартинес пен Аранта Санчес-Викарио (Испания) бес реттен дәл сондай құрметке бөленді.

Биылғы Билли Джин Кинг Кубогінде әдеттегідей 12 команда өнер көрсетеді. Қазақстан «В» тобына түсті. Қарсыластарымыз – Аустралия мен Словения. Өз­ге топтарда мына құрамалар күш сынасады: А тобы – Чехия, Швей­цария, АҚШ. С тобы – Ис­па­ния, Польша, Канада. D тобы – Италия, Германия, Франция.

Пиреней түбегінде Қазақ­стан құрамасы сапында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Кұламбаева және Аружан Сағандықова өнер көрсетеді. Алғашқы үшеуінің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Қазіргі кезде Елена WTA рейтингінде төртінші орында тұрса, Юлия 69 сатыға табан тіреді. Ал Аннаның жұптық са­йыста өте керемет ойнайтыны белгілі. Ал Жібек пен Аружан – да­рынды жастардың санатында.

Қарсылас командалар ойын­шыларының деңгейі жерлес­терімізге қарағанда әлдеқай­да төмен екені анық. Мәселен, Аустра­лияның сапында Ким­берли Биррелл (әлемдік рейтингте 113-орында), Астра Шарма (120-орын), Оливия Гадеки (132-орын), Арина Родионова (148-орын) сынды теннисшілер өнер көрсетеді. Словенияның сапында Тамара Зиданшек (100-орын), Кайя Юван (104-орын), Вероника Эрьявец (183-орын), Далила Якупович (224-орын), Полона Херцог (327-орын) секілді ойын­шылар бар. Жоғарыдағы мәліметтер арқылы В тобының фавориті Қазақстан құрамасы екенін анық аңғаруға болады. Бірақ оларды менсінбеуге еш болмайды. Өйткені жасыл құрлық­тан келетін команданданың сапында мықтылар болмағаны­мен, былтыр олар ақтық сынға де­йін алқынбай жеткен. Сондықтан да бұрымдыларымыз бұл турнир­де барын салуға тиіс.

12 қарашаға дейін созылатын Билли Джин Кинг Кубогінің жүлде қоры 9,6 млн долларды құрап отыр. Бас жүлдені олжалаған команда 2,4 млн-ды олжаласа, ақтық сайыста ұтылғаны 1,44 млн-ды иеленеді. Жартылай финалға дейін жеткендері 960 мыңды еншілейді. Ал топтық турнирде сүрінген құрамалардың әрқайсысына 480 мың доллардан табыс етіледі.