Қазір АҚШ қол жетпейтін арман емес. Тек ерік-жігер, күш-қайрат серік болса, көздеген мақсатың мен жүйелі жоспарың әп сәтте еңселі елдің бір бөлшегіне айналдырады. Бұл сөзімізге бірнеше жыл қатарынан жүргізген табанды әрекетінің арқасында Америкада табысты кәсіпкерге айналған қазақ баласы Ақжол Жұмағұловтың жетістігі дәлел. Осы іскер азаматпен сәтті күндердің бірі жүздесіп, арнайы сұхбат құрдық.
– Ақжол, әңгіменің әлқиссасын кіндік қаныңыз тамған жерден, түлеп ұшқан мектебіңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ.
– Мен Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Жамантұз ауылында дүниеге келдім. Әкем осы жерде өсіп-өнді. Анам – Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданына қарасты Қараағаш елді мекенінің тумасы. Бесінші сыныпқа дейін Қарағандыда тұрдық. Кейін қазақ-түрік лицейіне түсуіме байланысты Көкшетауға қоныс аудардық. Қарындасым бар. Екеуіміз ата-анамыздың риясыз махаббатына бөленіп, мейіріне қанып өстік. Әулеттің алғашқы немересі болған соң, атамның тәрбиесінде болдым. Үлкеннің өнегелі әңгімесін көп тыңдап, қазақы құндылықты бойыма сіңіріп жетілдім. Ол кісі ауыл әкімі болатын, қайда жүрсе де жанынан қалдырмайтын. Бойындағы перфекционизмді, игі жақсылықты маған да үйретті. Ауылдың тыныс-тіршілігі қашанда ыстық. Бірақ өңірде қордаланған мәселе де аз емес. Мәселен, білім берудегі арақашықтық. Әлі де түйткілдің түйіні тарқады деу қиын. Айталық, мен кітап оқу әдетін лицейдегі қатарластарымнан үйрендім. Өйткені олардың басым бөлігінің ата-аналары сауатты еді. Маған алғаш энциклопедия сыйлаған күн де жақсы есімде, оны оқып, әр нәрсеге қызығушылығым артты. Сыныптастарымның кітаптарына көз салып, түрлі жайларды сұрай беретін әдет таптым. Әсіресе фэнтези жанрындағы «Хәрри Поттер», «Сақиналар төресі», «Мефодий Буслаев» ерекше ұнайтын. Ауылдағы қатарластарымның арасында темекі шегу, ішімдік ішу, әйтеуір бұзақылыққа үйір болу «сән» еді. Оларды жазғыра алмаймын, бұл – баяғы 90-жылдарда қоғаммен танылған түсінік.
Білім ордасында жүріп, халықаралық олимпиадаларға қатыстым. Сабағыммен қатар спортты да серік еттім. Боксты тастамадым. ҰБТ-дан 121 балл жинадым. Осылайша, Қаржы полициясы академиясында грантта оқыдым. Академияны бітіргеннен кейін мен Степняк қаласында, содан кейін Көкшетауда ішкі істер органдарында тергеуші болып жұмыс істедім. 2016 жылы Көкшетауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроға түсуге шешім қабылдадым. Екі жылдық еңбектен кейін тергеуші қызметінен аса маңызды істер бойынша аға тергеуші лауазымына кезектен тыс жоғарылатты. Өмірімнің осылай өрілуіне ата-анамның үнемі ұрысқан кезде қолданатын «жұрттың баласы...» деген сөздері шабыт беретін. Қатарластарымның алды болуға ұмтылдық. Бұл бір жағынан бала кезімнен қалған санадағы психологиялық дерт болуы ықтимал, бірақ осы дүние кез келген нәрсені тек жоғары деңгейде істеуге ықпал етті.
– Жақсы қызметтің жауапкершілігін арқалаған екенсіз, неге АҚШ-қа көшуге шешім қабылдадыңыз?
– Негізі жұмысымды қарым-қабілетім жеткенше адал атқардым. Қызметтік өсуім де жоспарланған. Алайда кей кедергілерге байланысты бірқалыпты өмірден, күйбең тірліктен қажып кеттім. Өзгеріс керек екенін ұғындым. Магистратура оқуды ойладым. Сол уақытта АҚШ-тағы достарым шақырды. Ағылшын тілін де әжептәуір білемін. Бірден қолға алдым. Жоғары оқу орындарын іздеп, грантқа тапсырып көрдім. Сынақтардан сәтті өтіп, 2019 жылы армандаған Америкадан бір-ақ шықтым. Лос-Анджелестегі Калифорния университетіне (UCLA) түсу мақсатымен тілдік курстарға келдім.
Америка – өмір сүру салты, деңгейі мүлде бөлек ел. Маған америкалықтарда ұнаған нәрсе, олар үнемі сөйлесу барысында арақашықтықты сақтайды. Қарапайым дүкен, әуежайда болсын бір тізбектің артына рет-ретімен тұра қалады. Бұл елде жол жиегінде алғашқы тұрған көлік міндетті түрде бірінші өтеді. Бағдаршам істемей қалғанның өзінде, ол кезек сақталады. Яғни Америка қоғамында толеранттылық, біреудің ой-пікірін, адамды құрметтеу басым. Олар ұнамайтын адамға да күліп қарап, күліп амандасады. Әрине, шынайы емес екені байқалады. Бірақ бұл – әлеуметтік норма. Ал бізде шынайы күледі, шынайы ықыласын білдіреді. Айтпақшы, олардың мүлкіне, басқасына зиянын тигізсең, сенімен салғыласып уақытын өлтірмейді, жай бетіңе күле қарап, үстіңнен арыз жазып жібереді.
Американың экономикалық тұрғыда бақуатты мемлекет екені бірден сезіледі. Әрине, анау айтқандай қалталы отбасыдан емеспіз. Ол жақтың тіршілігіне ену үшін демалыс күндері тасымалдаушы болып жұмыс істей бастадым, оларды «муверлер» деп те атайды. Жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, кейін жүк көлігінің жүргізушісі болдым, келісімшарттарды толтыруда, тапсырыс берушілермен қарым-қатынас орнатуда тәжірибе жинақтадым. Жалпы, жұмысқа келген сайын адамдармен араласудан ләззат алдым. Мен үшін қызықты бола бастады. Осылайша, ешқайда бармай, өз бизнесімді бастауға бел будым. Инвесторлық виза жасаттым. Ол үшін Қазақстандағы «7-20-25»-пен алған Көкшетаудағы үйімді саттым, көлігімді саттым. Қазақтар жат елде жүріп, бір-біріне жақсы демеу болады ғой, сыртта жүріп отандастарымыздың ілтипатын сезіндім. Кәсіп бастарда олар маған қайда және қалай сатып алу керегін егжей-тегжей түсіндірді. 2020 жылдың қаңтарында өз компаниямды тіркеп, сол жылдың наурыз айында алғашқы трегімді сатып алдым. Көп ұзамай жүк көліктерін көбірек сатып ала бастадым. Экономикада бәрі «Up and down» тәртібімен қозғалады. Сондықтан бизнесімде бәрі бірден сәтті болды деп айта алмаймын. Қанша қаражатым, күш-қайратымды сарп еттім. Негізсіз тәуекел жасадым. Қазақ «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің. Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» дейді ғой. Осы ұстаным әркез аттың тізгінін тежеп ұстауыма сеп болды.
– Сіздің ұстанымыңыз көпке үлгі болары анық. Қазіргі жастарға қандай бағыт-бағдар бересіз?
– Біздің қазақтың жастары өте білімді. Мықты. Қазіргі балалар техниканың тілін шемішкеше шағады. Олар ортаның алдында мықты болуы үшін бізге қарағанда бірнеше есе жұмыс істеуі қажет. Менде ішкі жігерді берік етуге негіз болатын дүниелер бар. Олар – сапалы дофамин алу, үлкен мақсатты кішкентай міндеттерге бөлу, миыңды негативті ақпаратпен толтырмау, үнемі баланс ұстау, ішкен асыңа зейін қою, 7-8 сағат нормалы ұйқы, араласатын ортаңның дұрыс болуы. Ашып айтсам, бұрын менің өмірім «Up and down»-мен жүретін. Бір ай бойы бар күшімді салып жұмыс істеймін. Кейін бір апта бойы ешнәрсеге зауқым болмай қалады. Фильм көремін, бостан-бос жүремін. Осы аралықта менің ұятым оянып, қимылдау керек деп миымды жей бастаймын. Содан қайта жұмыс істеп кетемін. Оның өзінде мен басқаларға қарағанда ілгері жүретінмін. Бұл жерде ілгері жүру деген жаңа бірнәрсе ойлап табу керек деген сөз емес. Мәселен, түрлі олимпиадаларда бірінші, екінші, үшінші орын алған жеңімпаздарды салыстырып қарасақ, аралығы секунд қана. Сондықтан кез келген әдетті қалыптастыруда қажырлы еңбек қажет.
Төрт жыл бұрын Америкада «Атомные привычки» деген кітап оқыдым. Нәтижесінде, өміріме баланс ұғымы келді. Бұрынғыдай бір ай барымды салып жұмыс істеп, бір апта бостан бос демалу деген қағида жойылды. Біз үнемі өзімізге үлкен мақсаттар қоямыз. Оны орындай алмағанымыз үшін өзімізді жазғырамыз. Мен перфекционист адаммын, алға қойған мақсаттарымның орындалғаны маңызды. Ол үшін үлкен мақсатты міндеттерге жіктеймін. Міндетті түрде қойын дәптеріме қаламмен жазып, орындалғандарына белгі соғып отырамын. Мәселен, қарапайым бір кітапты бір айда бітіру үшін күн сайын жарты сағаттан кем емес уақытымды кітап оқуға арнаймын. Осы ретте күш-жігерім сыналады. Қатты қиналып жатсам, шаруаларымның көптігіне байланысты кем дегенде күніне бір бет міндетті түрде оқимын деп өзімнің күнтізбелік тізіміме енгіземін. Бірақ міндетті түрде кемі 10 бет оқылады. Тіпті одан аз оқысам да өзімді қинамаймын. Маңызды бір нәрсені көздедің бе, кішкентай қадамдардан бастау керек. Өйткені басы оңай болған соң, оған кірісіп кету де жеңіл болады. Сонда сіз өзіңізді психологиялық тұрғыда іштей жемейсіз.
Өмірде тепе-теңдікті ұстау үшін белгілі бір мөлшерде миды алдап, күш жұмсау қажет болады. Сонда сіз жасаған кез келген істе нәтиже болады. Жаман әдетті жасау тым жеңіл, одан бөлінетін дофаминнің қуаты да ұзаққа созылмайды. Ал жақсы әдеттің барлығы белгілі бір мөлшерде энергияны қажет етеді. Бірақ одан бөлінген эмоция сапалы, ұзақ уақытқа татиды.
Тағы бір мәселе – бізге әлеумет не таңады, соны бейсаналы түрде қабылдаймыз. Бір жағынан діншілдік бар. Қоғаммен бекітілген таптаурындар көп. Ал Америкада көзқарас, таным, бәрі мүлде бөлек. Рас, жаман әдет адамға тез жұғады. Сіздің ортаңыз бизнесті үйіріп отырған азаматтар болса, күндердің бір күнінде сіз де солардың бірі боласыз. Айтпақшы, метаболизм дұрыс жұмыс істесе, энергияға толып жүресіз. Зерттеуге сүйенсек, фейк ақпараттар адамның санасына тез таңылады. Сондықтан ақпараттарды да саралай білу қажет.
Мен үнемі қойын дәптеріме жоспарларымды жазып отырамын. Бұл менің екінші миым секілді. Соның арқасында миымда артық заттар болмайды. Тіпті кіммен қай уақытта кездесуім қажет екені жазылып тұрады. Эмоцияларымды да сол күнделікке жазамын. Түптеп келгенде, спортпен айналысып, сапалы энергия алуға ұмтылу қажет. Адам робот емес қой, менің де шаршайтын, қажитын кезім болады. Бірақ қатты стресске түсіп, өзімді ырықсыз жібере салмаймын. Таза ауаға шығып демалып, мейлінше жаным қалаған дүниелерді істеп, 1-2 күнде өзімді қайта қалпына келтіріп аламын.
– Бизнесіңізді Қазақстанда отырып та басқара аласыз. Жалпы, қанша отбасын жұмыспен қамтып отырсыз?
– Жаныма ТМД елдерінің азаматтарын топтастырдым. Қазір қоластымда жазда 180-190 адамға дейін, қыста 80-90 қызметкерім болады. Бұған қоса Қазақстанда 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Олар Америка нарығындағы айлықты алады. Жұмыстың барлығын қашықта отырып та істеуге болады. Бірақ мен түбегейлі елге оралмадым. Мына жақта бірнеше кәсіптің басын ұстадым. Әлі жоспар көп. Бес жылда дүние жүзіндегі ең бай 50 азаматтың қатарына кірсем деген мақсат бар. Бір түйгенім, АҚШ-та бәрібір сен қанша мықты болсаң да, иммигрант болып қаласың. Ал өз еліңде сен қарапайым қазақтың баласы Ақжолсың...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»