• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Құқық 08 Қараша, 2023

Биіктік пен біліктілік

159 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміздің құқықтық тұғырнамасының қалыптасуына, дамуына үлес қосқан азаматтар аз емес. Олардың біразы ортамызда жүр. Олар елімізді құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етті. Әсіресе сот, құқық қорғау және заң салаларында түпкілікті реформалардың қалыптасуына себепкер болды. Солардың бірі – Оңалсын Жұмабеков.

Жетісу өңірінде дүниеге келген Оңалсын Исламұлы жастайы­нан білімге құштар, талабы таудай, зерек бала болып өсті. Қоғам алдында жауапкершілікті сезінуіне оған, ең алдымен, отбасында көрген тәлім-тәрбие әсер етті. Әкесі Ислам атамыздың дұрыс бағыт-бағдары, анасының шексіз мейірімі бала Оңалсынның болашағына жол салды.

Екіншіден, өскен ортасы, киелі жер – Жетісу өңірінен қа­зақтың талай маңдайалды ұл­дарының өнегелі, ел игілігі үшін еткен еңбектері үлгі болды.

Оңалсын аға әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген мектепте білімі мен парасаты ұштасқан ұстаз­дардан дәріс алды.

Мектепті аяқтағаннан кейін бірнеше жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсуге талаптанды. Соның ішінде – Ленинград университетінің шығыстану факуль­тетіне, Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика мамандығына құжат тапсырып, өзін сынап көрді. Ақырында заңгерлікті таңдап, прокурорлық қыз­метке өзін іштей дайындады. Нәтижесінде, Қазақ мемлекеттік университетіне «құқықтану» мамандығына оқу­ға түсті. Заң факультетін озат аяқтады.

Бұл тұста айта кететін маңызды жайт бар. Оңалсын Исламұлы университетті бітірместен, 1974 жылы оқуының соңғы кур­сын­­да өндірістік тәжірибеден өте жүріп, прокуратураға жұ­мыс­­қа қабылданды. Оның алғыр­лығын, жұмысқа деген ерекше талпынысын байқаған Алматы қаласы Әуезов аудандық про­куратурасының тергеушілері, тіпті, бірқатар істі тергеуді сеніп тапсыратын.

Сондықтан аудан прокуро­ры Нұрқасым Ахмедиев тергеу­шілік қызметіне Оңалсын Ислам­ұлын ұсынады. Сол кезден бас­тап ол прокуратура қызметінің барлық сатысынан – аудандық прокуратураның тергеушісі, аудан прокуроры, облыс про­курорының орынбасары, облыс прокуроры, Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Тергеуші жұмысында әбден ысылған Оңалсын Исламұлы 1980 жылдың ақпан айында бірден Республика прокуратурасы тергеу басқармасының прокуро­ры етіп тағайындалды. Яғни қатардағы аудан прокуратурасы тергеушісінен республи­ка көлеміндегі тергеудің заңдылы­ғын қадағалауды жүзеге асыра­тын басқармаға қызметке қабыл­данды.

Ол жерде тағдыр оны кеңес­тік Қа­зақстанның прокура­турасын 18 жыл басқарған Екін­ші дүниежүзілік соғыс ар­дагері, прокуратура жүйе­сіне еңбек сіңірген тұлға Өте­ген Сейітовпен кездестірді.

Іске зерек Оңалсын Ислам­ұлы адам тани білетін Өте­ген Сейітұлының назарынан тыс қал­ған жоқ. Көп уақыт өтпей-ақ оның жұмысқа деген құлшыны­сын бағалай отырып, өзіне аса маңыз­ды тапсырмалар жөніндегі көмек­шісі етіп бекітті. Сөйтіп, Өтеген ағаның оң қолы ретінде үш жыл бойы қалтқысыз қызмет етті.

Республика прокуратурасында қызмет ете жүріп, ол бүкіл ел көлеміндегі қадағалау жұмысына талдау жасауды қолға алды. Тергеу практикасындағы кейбір олқылықтарды түзетуге, прокуратура қызметіне кешенді түрде қарауға бағытталған көп­­теген іргелі істі жүзеге асы­руға бастамашылық танытты. Рес­­публика прокуратурасында Оңалсын ағамыз елімізде заңды­лықтың бекемделуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматпен қызметтес болды.

Оңалсын Исламұлының жұ­­­мыс қабілетін ескере ке­ле, көп ұзамай прокуратура жүйе­­­сінің қадірлі ардагері, сол кез­дегі Алматы қаласының про­­куроры Степан Шуткиннің ұсы­­ны­сымен оны қаланың ең жауапты аймақтарының бірі – Фрун­зе ауданының (қазіргі Ме­деу ауданы) прокуроры етіп тағайын­дайды.

«Жүк ауырын нар көтере­ді» демекші, аудан прокуро­ры болған екі жылдың ішінде өзі­не артылған сенімді ақта­ды. Кейін Алматы қаласы проку­рорының орынбасары етіп та­ғайындалды. Осы лауазымда бес жыл қызмет етіп, 1990 жы­лы Маңғыстау өңіріне облыс прокуроры болып барды. Сол кезде жаңадан құрылған облыстың түйіні шешілмеген мәселелерін заң аясында реттеуге тырысты. Маңғыстаудан кейін Алматы облыстық прокуратурасын басқара жүріп, өңірде заңдылықты нығайтуға, азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға өлшеусіз үлес қосты.

Осы орайда Бас прокуратура басшылығына да жаңа көз­қарастағы қызметкерлер келіп, жоғары қадағалауды заман талабына сай тұрғыда дамытуды қолға алады. Солардың қата­рында Оңалсын Жұмабеков болды.

Ол 1996 жылы еліміздің Бас прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалып, түбегейлі реформаларды жүзеге асыру ісі­не белсене кірісіп кетті. Сол ке­зеңде, әсіресе прокуратураның конституциялық функциялары негізінде жедел-іздестіру, тергеу саласын қадағалау, сот­­та мемлекеттік айыптауды қол­дау мен сот үкімдерінің заң­ды­лығын қамтамасыз ету тетіктері күшейтілді, шетелмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру сияқты өзара қарым-қатынас орнатыла бастады.

2005 жылы қадағалау қыз­метінің барлық сатысынан өтіп шыңдалған Оңалсын Исламұлы Әділет министрі қызметіне та­ғайындалды. Жүктелген міндет­і үлкен жауапкершілікті та­лап ететін саланы басқара жү­ріп, ауқымды нәтижелерге қол жет­кізді. Ақырында әділет органда­ры саласы жаңа сатыға көтерілді.

Оңалсын Жұмабековтің бас­тамашылығымен қылмыстық-атқару жүйесіне халықаралық ережелерді енгізу, сотталған адамдардың құқықтарын қорғау­ды нығайту, азаптауға жол бермеу мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Ол министрлікті басқарған тұста ірі заңнамалық өзгерістер болды. Өлім жазасына мораторий жасалып, қылмыстық заңнамаға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Алғаш рет «Мемлекеттік құқықтық ста­­тистика және арнайы есепке алу туралы» заң, экономика са­ласы үшін әлі де маңызды – «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы мен­шіктің мемлекеттік мони­то­рингі туралы» заң, жеке но­та­­риус­тардың, аудиторлық ұйым­­дардың азаматтық-құқық­тық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақ­тандыру туралы және өзге да ел өмірі үшін өте қажет заң­дардың жобасы әзірленіп, Пар­ламент арқылы қабылданды.

Оңалсын Исламұлының өмі­ріндегі тағы бір маңызды саты – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымын атқарған кезі. Оның басшылығымен Орталық сайлау комиссиясы бірнеше электоралдық кезеңді сәтті өткізді. Соның ішінде 2005 жылғы желтоқсандағы Республика Президентінің, та­мыздағы Сенат депутат­тары­ның сайлауын атап өтуге болады.

Одан кейінгі жылдары Оңал­сын Жұмабеков Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Жоғары сот Кеңесінің төрағасы ретінде көптеген салалы істерді қолға алды. Ең маңыздылары ретінде 2007 жыл­ғы конституциялық реформаны, Жоғары сот Кеңесінің дербес орган етіп құру жөніндегі шешімді, «Жоғары сот Кеңесі туралы» заңның қабылдануын, судьяларды тағайындау талаптары мен механизмінің өзгеруін атап өткен жөн.

Құқықтық салада өлшеусіз тәжірибе жинақтаған Оңалсын ағаның 2012 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануы заңды екені сөзсіз.

Мәжіліс депутаты ретінде маңызды және өзекті мәселелерді Парламент мінбесінен көтеріп, олардың оң шешілуіне себепкер болды. Ол депутат болған тұста Парламент кодекстерді тү­гелге жуық жаңғыртты. Қыл­мыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Аза­маттық процестік, Еңбек кодекс­тері қабылданды.

Өмір жолы жас буын үшін үл­гі болуға лайық мемлекет қай­­­рат­­кері, прокуратура орган­дары­ның құрметті ардагері Оңал­сын Ис­ламұлы қазіргі күні де қо­ғамдық жұмыстардан қол үзбей келеді.

Ол әрдайым жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін ақыл-кеңес ретінде жастарға айтып отырады. Оңалсын Ислам­ұлы­ның жетістігінің сыры – кә­сіби біліктілігі мен азаматтық бол­мысының тазалы­ғында екен­дігі анық.

 

Берік АСЫЛОВ,

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры