Бұл күндері Францияның Метц қаласында теннистен АТР 250 турнирі өтіп жатыр. Жүлде қоры 562 815 еуроны құраған жарыста Александр Бублик те өнер көрсетті.
Бірінші кезеңде бос болған еліміздің бірінші және әлемнің 32-ракеткасы екінші айналымда АТР рейтингінде 147-сатыға жайғасқан италиялық Фабио Фоньинимен күш сынасты. Өкінішке қарай, 26 жастағы Бубликтің 36 жастағы ардагер ойыншыға әлі жетпеді. Үш сағаттай уақытқа созылған аса шиеленісті ойын 4:6, 7:6, 7:6 есебімен Фоньинидің пайдасына шешілді. Апеннин түбегінің өкілі енді өзінің отандасы Лоренцо Сонегомен сайысқа түседі.
Есесіне түрлі турнирде бақ сынап жатқан өзге теннисшілеріміз тұсаукесер кездесулерінде жеңіске жетті. Атап айтсақ, Хельсинкиде Денис Евсеев финляндиялық Отто Виртаненді 7:5, 6:3 есебімен еңсерді. Ноксвилде Бейбіт Жұқаев франциялық Титуан Дрогеден айласын асырды – 6:4, 6:1. Софияда эквадорлық Гонсало Эскобармен жұптасып ойнаған Александр Недовесов аустриялық Александр Эрлер мен Лукас Мидлерден басым түсті – 7:5, 6:2.