Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бір жарым жастағы балаға күрделі операция жасап, миындағы ісікті алып тастады. Бұл операция МӘМС жүйесі аясында жүзеге асты.
Науқастың анасының айтуынша, бала бір жасқа дейін қатарластарынан қалмай, толыққанды өсіп келе жатқан. Бірақ арада көп уақыт өтпей аурудың алғашқы белгілері байқала бастайды. Анасы ұлының себепсіз жылап, мазасызданатынын, көз ұяшығы қозғалысының бұзылуын, мезгіл-мезгіл құсатынын, сол қолы мен аяғының әлсіздігін байқайды.
Содан анасы №2 қалалық балалар ауруханасына қаралуға барады. Онда баланы нейрохирургтер қарап, МРТ зерттеу жүргізген. МРТ нәтижелері бойынша балада оң жартышардың самай-маңдай-төбе бөліктерінде және оң жақ қарыншаның проекциясында орналасқан 7 см үлкен ми ісігі анықталады.
Жедел емдеу үшін бала Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілді. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, ісіктің көлемі өте үлкен (6,5х6, 8х7,1 см), бала миының жартысына жуығын алып жатыр және мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқан. Сондықтан операция өте күрделі өтіпті. Сонымен қатар ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін операциялық қан жоғалту қаупі жоғары болған.
«Біз мидың жартышарындағы самай-маңдай-төбе бөліктерінде көлемді түзілген ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Операция кезінде барлық заманауи әдіс қолданылды. Сондай-ақ қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен орталықтың операциялық блогінің жоғары деңгейде жабдықталуы да операцияның сәтті өтуіне ықпал етті. Қазіргі уақытта бала операциядан кейінгі емнен өтіп, анасымен бірге палатаға шығарылды», деді Ғ.Өлеңбай.
Осы орайда анестезиологтердің жоғары кәсібилігін атап өту керек. Мұндай кішкентай жастағы балаға операция жасауда анестезия берудің қиындықтары баршылық. Қан, тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте ыждағатты есептеу, жалпы баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік нейрохирургтердің, анестезиологтердің, трансфузиологтердің, орта және кіші медициналық қызметкерлердің мойнында болды.
Операцияны профессор, ҰҒА академигі Серік Ақшолақов, жоғары білікті нейрохирург-дәрігер, балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰНО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай, нейрохирург дәрігер Сапарбек Сейітбеков жасады. Сондай-ақ операция барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жұмадулла Шадиев, мейіргер анестезиолог Жанар Арынова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және операция мейіргері Арайлым Чамкаровалар болды.