• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қараша, 2023

Ата-аналарды педагогикалық қолдау

1652 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда балалардың қауіп­сіз­дігі, олардың денсаулығы мен қорғалуы, әл-ауқаты, білімі мен әлеуметтік жағдайы – басты назарда. Бұл туралы Президент: «Әлемде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау – әрқашан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі», деген еді.

Елімізде көптеген отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Өкінішке қарай, зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жат­қанын анықтады. Бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп толтырмақшы. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуын­ша, сапалы білімді, патриотизмді, на­ғыз маман болуды, үнемшілдік пен еңбекқорлықты қалыптастыруға оқушы – мұғалім – ата-ана бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Сол себепті министр тәрбие жұмысының рөлін күшейту мақсатында республикадағы мектептерде 1 қыркүйектен бастап ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын ашуды тапсырған.

Маңызы бар жобаның міндеті – балалар­дың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мә­дениетін, психологиялық және әлеу­мет­тік құзыретін дамыту. Ашылғанына екі ай болған орталық оқу жылының соңына дейін ата-аналарға ұлттық құн­дылықтарға негізделген сегіз сабақ өткізеді. Бұл сабақтарда ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер келтіру, мақал-мәтелдер, халық әндері, дала ділмарларының шешендік сөздері, жыраулар шығар­ма­шылығы, салт-дәстүрлер мен ғұ­рыптардың, ұлттық киімдердің ма­ңызы, ұрпақтар тізбегі (шежіре), ер мен әйелдің қоғамдағы орны, туыстық қаты­настардың ерекшеліктері қамты­лады. Сонымен қатар жоба аясында «Даналық мектебі» клубы құрылды. Клуб мектептің нақты сұраныстарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секілді секцияларды ұйымдастыру ар­қылы ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынастарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат етеді.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті