«Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 16 мың тұрғыны бар 6 ауылға газ құбыры тартылып, іске қосылды.
2019 жылы «Алматы-Талдықорған» магистралды газ желісінен көгілдір отын тарту арқылы «Бақанас» автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, ауданға жоғары қысымды құбырлар жүргізіле бастаған. Станса құрылысы аяқталған уақытта газ тарату желілерінің болмауына байланысты көгілдір отынның берілуі кейінге шегерілген.
Бүгінде халықтың көптен күткен арманы орындалып, 16 320 тұрғыны бар 6 елді мекенге – Бақанас, Миялы, Бояулы, Ақдала, Бақбақты, Бірлік ауылдарына газ беріле бастады. Бақанастың өзінде 52 шақырым газ құбыры жүргізілді. Ауылда 1 300-ден аса үй болса, қазірдің өзінде оның 510-ы табиғи газға қосылып үлгерді. Осыған байланысты ауданда салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға арнайы қатысқан өңір басшысының орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, балқаштық тұрғындар үшін қуанышты күн екенін, көптен күткен газбен қамту мәселесі шешімін тапқанын айрықша атап айтты.
«Облыста 384 елді мекеннің 294-і газдандырылады. Қазіргі уақытта 149 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде, 1 миллионнан аса адам газға қол жеткізді. Газ тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылытуға ыңғайлы, аймақта шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізетіні анық», деді Н.Құдайбергенов.
Сондай-ақ «Amanat» партиясының Жол картасына сай 2027 жылға дейін өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетпек.
«Ауданда жүзеге асырылуға тиіс мәселелерді тұрғындармен бірге талқылап, ұсыныс-тілектерін жинағанбыз. Солардың бірі – елді мекендерді газбен қамту мәселесі. Биыл Балқаш ауданында қараша айына дейін газ беріледі деп уәде берілген еді. Бүгін сол сәт туып, қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз. Табиғи газбен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта басқа да ауылдарға газ құбыры тартылып, облыстың газдандыру көрсеткіші 70 пайызға өседі», деді А.Көбентаев.
Айта кету керек, биыл 18 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген.
Алматы облысы