Қазан айының бел ортасында АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында германиялық Винченцо Гуальтьериді алтыншы раундта ұрып жығып, орта салмақта WBO мен IBF секілді екі бірдей белді нұсқаның чемпиондық белбеуін иеленген Жәнібек Әлімханұлы «Top Rank Boxing» промоутерлік компаниясының басшыларына алдағы уақытта Эрисланди Лара немесе Карлос Адаместің бірімен жекпе-жек ұйымдастыру жайында өтініш білдірді. Ал сол боксшылар жайында біз не білеміз?
«Гуантанамоның алтыны» деген жанама есімге ие болған Эрисланди Лараның жасы – 40-та. Кезінде ол әуесқой рингте табысты өнер көрсетті. 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында өткен әлем чемпионатында 69 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен кубалық боксшы украиналық Сергей Деревянченко (30:9), үндістандық Вижендер Сингх (айқын жеңіс), ресейлік Андрей Баланов (28:16), америкалық Мелсон Бойд (айқын жеңіс), қазақ Бақтияр Артаев (31:22) және беларусьтік Магомед Нурутдиновты (24:9) ұтып, бас жүлдені олжалады. Дәл сол жылы Лара Мәскеуде ұйымдастырылған Әлем кубогінде күміс медальды иеленсе, 2006 жылы Колумбияның Картахенасында Орталық Америка мен Кариб бассейіні ойындарының жеңімпазы атанды. Сөз орайы келгенде, Эрисланди Лараның түрлі жарыстарда біздің Бақыт Сәрсекбаевқа екі мәрте есе жібергенін де айта кеткен абзал.
2007 жылы Бразилияда алауы тұтанған Панамерика ойындары барысында Лара өзінің командалық әріптесі, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Гильермо Ригондо екеуі қашуға әрекет жасайды. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай, жергілікті полицейлер оларды Кубаның делегация басшыларына табыстайды. Десек те келесі жылы Лара көздеген мақсатына қол жеткізді. Басында Германияға қоныстанған ол көп ұзамай АҚШ-қа аттанды.
Кубаның қабыланы кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін 2008 жылдың 4 шілдесінде өткізді. Содан бері 15 жылдан аса уақыт зулап өте шыққан екен. Сол аралықта Эрисланди 34 рет шаршы алаңға шығып, 28 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. 16 қарсыласын есінен тандырды. Ол 2011 жылы Пол Уильямс (39-2), 2014 жылы Сауль Альварес (43-1-1) және 2018 жылы Джарретт Хердтан (21-0) ұпай санымен ұтылды. Тағы үш бәсеке тең аяқталды. Соңғы рет Лара былтыр көктемде Гэри О’Салливанды сегізінші раундта сұлатып салып, WBA нұсқасының орта салмақтағы чемпиондық атағын сәтті қорғады.
Ал Карлос Адамес – 29 жаста. Доминикан Республикасында дүниеге келген ол да спорттық мансабын әуесқой рингтен бастады. Жастардың Панамерика біріншілігінде топ жарып, әлемдік додада ширек финалға дейін жетті. Ерлер арасында құрлық чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2013 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жалауы желбіреген дүниежүзілік додада үш кездесу өткізді. Алғашқы екі қарсыласын ұтқанымен, 1/8 финалда біздің Мерей Ақшаловқа жол берді.
Адамес кәсіпқойлар арасында 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Сол аралықта 24 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. 18 бәсекеде айқын басымдық танытты. Оның тек Патрик Тейшейраға әлі жетпеді. 2019 жылдың 30 қарашасында өткен кездесуде барлық төреші бразилиялықтың мықтылығын мойындады. Карлос кейінгі үш жекпе-жегінде Сергей Деревянченко, Хуан Масиас Монтьель және Джулиан Уильямс сынды танымал былғары қолғап шеберлерін жеңді. Қазіргі кезде доминикандық боксшының WBC нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтың «уақытша» чемпионы деген атағы бар.