• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қараша, 2023

Медиа­кеңістіктегі бәсіміз қандай?

250 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда еліміздің медиакеңіс­тігінде ықпалды әрі мән-маңызы жоғары контент қалыптастыру аса қажет. Сон­дық­тан саланың бағдар-пайымы, негізгі ұста­нымы жүйеленуге тиіс. Бұл туралы әрдайым сөз қозғалып жүргенімен қандай да бір іс-қимыл байқалмайды. Әрине, атал­ған бағытта тиісті жұмыстар қолға алынып жатуы да мүмкін, бірақ оның әсері қоғам­да сезілмейді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақ­стан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында отандық БАҚ-тың бәсеке­ге қабілеттілігін көтеру мәселесіне арнайы тоқталған еді. Президент біздің БАҚ-тың елімізде, аймақта және халықаралық кеңіс­тікте болып жататын үдерістер мен ауқымды оқиғаларға қатысты өзіндік көзқарасы болуы қажеттігін, бұл өз кезегінде мемлекетіміз­дің шынайы ақпараттық қауіпсіздігіне қатыс­ты екенін атап өткен-ді. Сондықтан бізге сұранысқа сай әрі уақыт талабына лайықты жауап беретін, үні анық, жаһандық бәсекеге төтеп беретін ақпараттық кеңістік құрудың маңызы зор.

Әлемдік кеңістікте кім ақпараттық тұрғы­дан өктем болса, соның дауысы зор, сөзі өтімді, өтірігі шындық, жаманы жақсы, жасығы қайратты, бұрысы дұрыс. Олар өзгеге жәбір көрсетіп тұрса да өзі жәбірленген болып кө­ріне де алады. Өйткені оның үні анық, бәріне естіледі. Ал ақпараттық бәсекеде бәсі төмен­нің жүзі де төмен. Сондықтан...

Осы тұста еліміздегі БАҚ-тың әлемдегі, аймақтағы, өз қоғамындағы ықпалы не­шік, қандай деңгейде деген мазмұнда заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға көтеріңкі көңіл-күймен мақтана жауап бере алатындай мүмкіндік бар ма бізде? Аталған мәселеге қатысты нақты пәлендей пікір айту қиын. Алайда ақпараттық кеңістікте ұлт­тық мұраттың әлсіздігі өкпені қысатын жағым­сыз көріністерге қарсы мықты иммунитет қалыптастыра алмай отырғанымыз бәсекенің төмендігін көрсетеді.

Бізде аталған мәселеде ілгері ниет болуы мүмкін, бірақ іздену, ілкімді ойға жүгіну жоқ. Содан келіп, әлгі түзу ниетіңнің құны бір тиын болады.

Еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі кон­тент­тің сапасын көтеру маңызды. Сонда ғана оның өз қоғамымыздағы аудитория­сы кеңейеді, одан бөлек аймақтық, тіпті әлемдік ақпараттық кеңістіктегі сұранысқа ие бола бастайды. Нақты іс-қимылдар жасалса, жемісін бүгін біз жемесек те келер ұрпағымыз қызығын, пайдасын көреді. Сондықтан да бізге бірінші кезекте еліміздегі ақпарат саласының қазіргі әлеуетіне, тыныс-тіршілігіне мемлекеттік деңгейде шынайы сараптама жасалып, талдау-таразылау жұмыстары жүргізілуі маңызды. Бұл айналып келгенде саланың келешекке тиімді қадам жасауы үшін қажет. Осы талдау жұмыстары ортақ идеологемаларды нақтылауға мүмкіндік беруге тиіс. Сондай-ақ «бүгінгі таңдағы ақпараттық кеңістігіміздегі өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі қандай, отандық БАҚ-қа халықтың сенімі, оның қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігі қай деңгейде?» деген сұрақтарға лайықты жауап алынғаны жөн. Аталған сауалдарға тиісті әрі шынайы жауап табылып жатса, БАҚ саласына қажетті мамандар даярлаудың қаншалықты өзекті екендігі айқындалар еді.

Ақпараттық кеңістіктегі бұрыннан қалып­тасқан ескі сүрлеулерден түбегейлі бас тарту мүмкін емес, әрине. Алайда қазақ қоға­мы­ның сұранысын зерттеп, соған сай жаңа­шылдыққа негізделген озық технологияларды енгізу, тың идеялар іздеу, уақыт талабына орай іс-қимылдарға иек арту қажеттігі өздігі­нен белгілі болып тұрған қазіргі кезеңде лайық­ты, жаңа мамандардың қуатты буынын қалыптастыру өзекті.

Қалай десек те, басқаны былай қойғанда өзіміздің ақпараттың кеңістігімізде үстем болып, үніміз анық естілгені абзал. Онсыз халқымызды ортақ мүддеге жұмылдыру қиын. Бәрінен де, ойымызды онға, санамызды санға бөлетін өзгенің көзқарастары мен ұстанымдарына бой алдырып кетпеуіміз үшін, ұлттық құндылықтарымызды ортақ игі­лік ретінде тану үшін, саяси, мәдени-рухани бағытымыз бір болуы үшін өз ақпарат­тық кеңістігімізге ие болуымыз керек. Сонда елдігімізді сақтау, егемендігімізді нығай­ту, мемлекет ретіндегі беделімізді арттыру бағытындағы жұмыстарымыз нәтижелі бол­мақ. Олай болмаса, өз әлемімізді өзгенің шаң-тозаңы баса береді.

Қорыта айтқанда, өзіміздің медиаке­ңіс­тігіміз кім көрінгеннің ойына келгенін істейтін иесіз алаң болып қалмағаны жөн. Сондық­тан ақпарат саласындағы бәсекеде бәсіміз жоға­ры болуы үшін ұмтылыс керек.