Шалғай ауылдағы шаруалар сүйінші сұрап жатыр. Биыл қара жер еккен дәнді еселеп беріп, еңбектің түбі берекеге ұласты. Алакөл ауданына қарасты қожалықтар гектарына 650 центнерден өнім алған. Тіпті жекелеген тәтті түбірдің салмағы 9 килоға дейін тартқан. Техниканың жоқтығына қарамастан осындай нәтиже көрсеткен ауылдағы ағайынның ісі көңіл сүйіндіреді.
Қазір, көлбайлық шаруалардың өнімі Жетісуда ғана емес, ел ішінде де мақтанышпен айтылады. Сол елді мекенде былтыр ғана құрылған «Алижан» шаруа қожалығы көктемнің басында 4,5 гектарға қант қызылшасын сепкен. Қолында шаруаға сай техника болмаса да, қара қолмен шөптеп, суғарып егінін жаз бойы күтіп баптаған кәсіп иесі Болат Кемелхановтың еңбегі зор. Олай дейтініміз, 4,5 гектар жерден 300 тонна өнім алу үлкен еңбекті талап етеді. Гектарына шаққанда 650 центнерден айналып отыр. Бұл – соңғы жылдары өңірде тіркелген ең үлкен нәтиже. Бізді таңғалдырғаны бір түбірдің 9 килоға жуық салмағы бар.
«Тәтті түбірден нәсібінді іздесеңіз күзден бастап іске кірісу керек. Жерді ерте жыртып, көктемді жер ылғал уақытында дәнді сепкен абзал. Осындағы ауыл азаматтары қолдан келгенше көмектесті. Жаз бойы бір тыңбадық. Қаншама гектар жерді суару оңай емес. Түнімен күзетіп, мал түсіп кетпеуіне алаңдайсын. Аллаға шүкір еңбегіміз ақталды», дейді Б.Кемелханов.
Шаруа иесі «Viorica-TVS» атты тұқымды Көксу қант зауытынан алған. Ең ғажабы, өнімді мол алу үшін қосымша химиялық заттардың бірін қоспаған. Тек, бұрын жоңышқа егілген тың жерге сепкен еккен. Ауыл азаматары өнімді мол алуды басты себебі сол деп отыр. Осы істің бас-қасында жүрген жанашыр азамат, Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров көлбайлықтар қант қызылшасының енді қызығына кіре бастағанын айтуда.
«Кеңес өкіметі тұсында Көлбай ауылы қызылша кеңшары болған. Тіпті мың жарым гектар жерге дейін қызылша егілген екен. Қазір, сол шаруа иелерінің көбі зейнетте. Дегенмен солардың сарқыты ішкен ағаларымыз кәсіпті қайта жаңғыртып, жастарды еңбекке баулып жатыр. Алғашқы нәтижеміз де жаман емес. Тек техниканың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Осы мәселеміз шешілсе деген ниеттеміз», дейді Е.Шакеров.
Техника демекші, көлбайлықтардың қолында ешқандай қызылшаға арналған құрал жоқ. Егінді жинау үшін көрші Сарқан ауданының техникасына жүгінген. Ал олар егінін толық жинамай өзі санаулы техниканы біреуге бере алмайды. Сондықтан көлбайлық шаруалар жауын-шашынға ұрынып, ауа райының ашылғанын күткен. Дегенмен сәтін салып 2 күнде ауыл азаматарымен бірлесе өнімді толық жинап алған.
Жалпы, Алакөл ауданында 20 шаруа қожалығы 500 гектарға қант қызылшасын еккен. Өңір орталығынан шалғай орналасқан ауыл-аймақтар шама-шарқынша облыстағы қант өндірісін дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Осы ретте, «Сүлейменов» шаруа қожалығын да айтпай кетпеске болмас. Шаруашылық алғаш рет қызылша сеуіп отырғанына қарамастан, егістіктің өнімділігі 500 центнерге дейін жеткен. Мұнда да ең ғажабы, жекелеген тәтті түбірдің салмағы 6-8 килоға дейін жетіп отыр.
«Сүлейменов» ШҚ басшысы Жасұлан Сүлейменов биылғы жылы 8 гектар қант қызылшасын еккен. Бірінші бөлігі – 4 гектарда өнімділік 300 ц/га құрайды, ал екінші 4 гектарда бұл көрсеткіш 500 ц/га дейін барды. Осы шаруашылықта өсірілген дақылдың ең үлкенінің салмағы 8 кг 623 гр жетті.
Ж.Сүлейменовтің айтуынша, ол 10 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқанымен, биыл қант қызылшасын алғаш рет отырғызған. Бұған дейін қызылша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санап, тек майбұршақ өсірумен айналысқан екен. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің табыстылығы артқан. Соған орай биыл шаруашылық қызылшаға ден қойған.
«Биыл Көксу қант зауыты америкалық элиталық сұрып тұқымымен қамтамасыз етті. 8 гектардан 320 тонна өнім жинадық. Алқаптың бірінші бөлігінде бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограмға жетсе, ең ірісі 8 килодан асып отыр. Өнімдерімізді Ақсу қант зауытына өңдеуге тапсырдық. Келесі жылы тәтті түбірдің егіс алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті шаруашылық жетекшісі.
Оның айтуынша, мұндай өнімділікке қол жеткізу үшін тұқымның сұрыпы да, агротехникалық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суару да – бәрі маңызды.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланған, бұл ретте 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндірмек. Алакөл ауданына келсек, аудан әкімдігінің мәліметінше, осы кезеңде 52 гектардан 1 250 тоннаға жуық өнім жиналды. Қазір Үшарал және Көлбай ауылдық округтерінде қызылша жинау науқаны жалғасып жатыр.
Жетісу облысы