Енді Қытайға іргедегі Ташкентке барғандай емін-еркін сапарлай аламыз. Екі ел арасындағы визасыз режім құжаты күшіне енді. Ел азаматтары туристік мақсатта шекарадан еркін өтіп, 30 күн бойы жүре алады. Бұрында да қайнап жататын Панфилов ауданына қарасты «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысы одан әрі қызайын деп тұр.
Бұл жоба – тек туристік мақсатта емес, екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін басты бағыттың бірі. Нәтижесінде, жаңа туристік жолдар ашылмақ. Бүгінде еліміздің 13 қаласына «Ашық аспан» режімі енгізіліп, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат беріліп отыр. Қытай да сол қатарға қосылды.
«Қазақстан Қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз», деген еді Мемлекет басшысы.
Дегенмен визасыз режімнің күшіне енуі шекарадағы бақылау бекеттері мен аумақтағы басқа да қызметтердің жұмысына қосымша салмақ түсіргелі тұр. Әсіресе көлік қозғалыс, жолаушылар тасымалы, қонақүй мен тамақтану орындарының қызметіне қатысты дайындық жұмыстарын ширату күн тәртібінде. Бұл жұмыс Жетісу облысының Панфилов ауданында да жүріп жатыр. Аудан аумағында бірнеше шекаралық бекет бар. Оның ішінде «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысы қызайын деп тұр. Екі ел азаматтары негізінен осы бекет арқылы өтіп, қатынайды.
Осыған орай Панфилов ауданы әкімдігінің жанындағы кезектен тыс аудандық жедел штаб отырысы өтті. Отырыста Қытай елімен визасыз режімнің күшіне енуіне байланысты шекаралық аумақта туындайтын мәселелер талқыланды.
Жиынға прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара, кеден қызметі мен құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ өзге де мекеме басшылары қатысты.
Отырыста аудан әкімі Марат Сағымбек «Нұр жолы» өткізу бекетіндегі жолаушыларды қабылдау бөлімі ондағы көрсетілетін қызметтер түрі мен автобус тасымалы сынды мәселелерді жеткізіп, бірқатар мекеме басшысына кемшіліктерді жою туралы тапсырма берді.
«Визасыз режім еліміздегі туризмді дамытуға серпін береді. Біз туристік аймақ ретінде сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл біздің ауданымыздың экономикасы үшін айтарлықтай пайдалы. Болашақта түрлі қызмет көрсету орнын ашып, туристік бағытта жұмыстар жүргізбекпіз. Қазірдің өзінде оған қатысты жоспарларымыз бар. Бастысы – шекара маңын тәртіпке келтіріп, бәрін бір жолға қойып, заңды түрде жұмыс жүргізу міндеті тұр», дейді Панфилов ауданының әкімі М.Сағымбек.
Осы мақсат шеңберінде Қытай Халық Республикасының ШҰАР халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті мен Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы арасында Халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды саяси рәсім ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Үрімжі қаласында өткен «Қытай-Орталық Азия» форумы барысында жүзеге асты.
Меморандумды табысты іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, іскерлік байланыстарды дамыту, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
«Меморандум екі елдің шағын және орта бизнес субъектілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді, сауда саласында серіктестер іздеудің жаңа мүмкіндіктері ашылады», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев.
Өз кезегінде Қытай халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті басшысының орынбасары Чэнь Цзяньань комитет үкіметтік деңгейде Қазақстан тауар өндірушілерінің Қытай және шетел нарықтарына шығу мүмкіндіктерінің спектрін кеңейтуге жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.
Форумға Қазақстаннан ғана емес, Өзбекстан, Ресей, сондай-ақ ТМД мен әлемнің басқа елдерінен өкілдер қатысты. Халықаралық іс-шараға қатысушылар Шыңжаңда Халықаралық арбитраж платформасын құру сауда даулары бойынша тиімді шешімдерді ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. Іс-шара соңында Қытай халықаралық сауда және экономикалық төрелік комиссиясының Орталық Азия филиалы құрылды.
Жетісу облысы