Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) қатарынан үш ойында ұтылып, жанкүйерлерді әбден мезі еткен «Барыс» осы жолы әупірімдеп жүріп жеңіске жетті.
Череповецтің «Северсталін» қабылдаған елордалық клуб бірінші кезеңде тізгінді қонақтаға беріп қойды. Олар өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланды. 17-минутта Никита Коростелёв есеп ашты. Есесіне үзілістен кейін қарқынын күрт күшейткен «Барыстың» хоккейшілері қатарынан үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Әділ Бекетаев (28-минут), Кирилл Савицкий (30-минут) және Батырлан Мұратов (33-минут). Үшінші кезеңде ойын саябырсыды. Қос тараптан да екпінді шабуыл мен қарқынды әрекеттерді байқамадық. Десек те бәсекенің 51-минутында Мұратов тағы да мергендік танытты. Есеп – 4:1.
31 кездесуден кейін 25 ұпай жиған «Барыс» қазіргі кезде тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 20-орынды қанағат тұтуда. Өзінің келесі ойынын астаналықтар 16 қарашада Челябіде жергілікті «Тракторға» қарсы өткізеді.