Самбодан Арменияның бас шаһары Ереванда өткен әлем чемпионатының соңғы күні Қазақстан құрама командасының қоржыны тағы екі жүлдемен толықты. Анықтап айтсақ, Арайлым Әбенова алтыннан алқа тағып, Әлібек Зекенов қола медальді мойнына ілді.
Жарыстың алғашқы екі күнінде Маргарита Бажаева (50 кг) мен Ерасыл Қойшыбаевтың (88 кг) – күміс, ал Гүлдана Әлментаева (54 кг), Арнұр Қуантай (71 кг) және Шынар Абатова қола жүлдені иеленгені жайында біз бұған дейін де жазғанбыз. Алайда қоржынымызда алтын медальдің болмауы біздің көңілімізге селкеу түсірді. Кеше сол олқылықтың орны толды. +80 кг салмақта күш сынасқан Арайлым Әбенова филиппиндік Сидней Си мен румыниялық Бьянка Проданы ұтып, финалда Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүрген Жанара Құсановамен кездесті. Орынбор облысының тумасы кезінде қыздар арасында әлем чемпионы атанды. Әйелдер сайысында да ол өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қандасымыздың әлем чемпионатының қола және Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Ресей чемпионаты мен кубогінің үш дүркін жеңімпазы деген атақтары бар. Қос қазақ қызының айқасы өте шиеленісті өтіп, бұл бәсекеде Жанардың бағы жанды. Осылайша, Әбенова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
98 кг салмақ дәрежесінде күрескен Әлібек Зекенов моңғолиялық Гаажадамба Банұңх пен филиппиндік Си Шиноға шаң қаптырғанымен, жартылай финалда армениялық Давид Григоряннан айласын асыра алмады. Ал қола медаль үшін тартыста ол тәжікстандық Бахтовар Замировті тізе бүктірді.
Сөйтіп, 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медальді иеленген Қазақстанның самбошылары әлем чемпионатының жалпы командалық есебінде үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орында – Ресей құрамасы. Олар 7 алтын, 1 күміс және 3 қоланы олжалады. Екінші сатыға Өзбекстанның балуандары жайғасты. Ала тақиялы ағайындарымыз 2 алтын мен қола жүлдені еншіледі.