• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қараша, 2023

Жетпісбаев жүлдесі үшін белдесті

301 рет
көрсетілді

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде дзюдодан атақты балуан, білікті бапкер Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін республикалық турнир өз мәресіне жетті. Оған еліміздің бірқатар өңірінен келген 550-ден аса балғын балуандар қатысты. Жарысты тамашалауға келгендер арасынан Саят Құдайбергенов, Ержан Кенжебаев, Руслан Сымтықов, Қайрат Күнсафин, Нұрбол Сүлейменов, Ұлан Рысқұл, Мейіржан Қашағанов, Ерлан Тәжіков, Ерлан Сіләмбаев, Батыр Имашев, Дастан Сәдуақасов, Марат Таханов, Айдос Валиев, Бекарыс Сәдуақас сынды танымал жаттықтырушылар мен спортшыларды көзіміз шалды.

Берік Жетпісбаевтың есімі спортсүйер қауымға етене таныс. Жетісу облысы Кер­бұлақ ауданының Қоянкөз ауылында туып-өскен ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дары әлемдік деңгейде мойындалған самбошылардың бірі әрі бірегейі болды. Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған кейіпкеріміз бозбала шағында-ақ көптеген турнирде топ жарып, дара талантымен оқшауланды. Шалғайдағы ауылда аса дарынды спортшының өсіп келе жатқанын аңғарған даңқты бапкер, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманы жаттықтырған Керей Қойшыбектің өзі «Берік – тума талант. Егер әр жаттығу барысында жанын салып даярланып, әр жекпе-жекте жанкештілік танытса, оның шоқтығы биік болары сөзсіз» деп бірауыз сөзбен түйіндеді.«Самбоның академигі» атанған Керей аға қателеспеген екен. 18 жасында Қазақ­станның ұлттық құрамасының жейдесін киген Жетпісбаев 57 және 62 кг салмақ дәре­желерінде күш сынасып, қысқа ғана мерзім аралығында көптеген биік белесті бағын­дырды. Атап айтсақ, ол 1994 жылы Нови Садта жасөспірімдердің әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 1995 жылы Софияда жас­тар арасында әлем чемпионы және Токиода ересектер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 1996-1997 жылдары қатарынан екі рет Азия чемпионатында алдына жан салмаса, Әлем кубогінде де екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. «Самбоның атасы» Ана­толий Харлампиевтің турнирінде үздіктер сана­тына қосылды. Одан бөлек, бірқатар аса ірі ха­лықаралық жарыстарда қарсылас шыдатпады.– Табыс адамға өздігінен келмейді. Тіп­тен, жанкешті жаттығу мен «жан алысып, жан беріскен» айқастың өзі биік тұғырға көте­рілу үшін жеткіліксіз. Біріншіден, өзіңе деген сенімің мығым және алға қойған мақсатың айқын болуға тиіс. Екіншіден, елі­шілік жарыстардағы қарсыластарың не­ғұрлым мықты болса, халықаралық аренада күресу соғұрлым жеңіл. Үшіншіден, қалталы азаматтардың қолдауы қажет. Себебі ашқұрсақ спортшының алысқа бармайтыны белгілі. Менде оның үшеуі де болды. Алға қой­ған мақсатым ел сенімін ақтап, қазақтың абыройын асқақтату еді. Ол жоспарым ойдағыдай жүзеге асты деп ойлаймын. Еліші­лік жарыстарда кілең ығай мен сығайға қарсы тұрдым. Айдын Смағұлов, Мұратбек Қыпшақбаев, Қайрат Күнсафин, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләмбай... Алғашқысы Олимпия ойындарының жүлдегері атанды, қалғаны әлемдік додаларда олжа салды. Солармен алысып-жұлысып шеберлік деңгейім өсті. Ал қамқоршы ағаларым жайында айтар болсам, ол жағынан да кенде емеспін, – дейді Берік Сәрсенбекұлы.Бір кереметі, Жетпісбаев самбомен бірге дзюдоны да қатар алып жүрді. Бұл ретте оның екі бірдей Олимпия ойындарында күш сынасуға мүмкіндігі болды. Күрестің бұл түрінде кейіпкеріміз білікті бапкер Манар­бек Таутановтан тәлім-тәрбие алды. Әлі есімізде, 1996 жылы Алматыда Санжар Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнир дүркіреп тұрып өтті. Бұл Атланта Олимпиадасына іріктеу еді. Сол тұста Берік самбодан дзюдоға енді ғана ауысып жатқан. Соған қарамастан 66 кг салмақтағы басты фавориттер Зекен Шаймерденов пен Иван Бағлаевты айқын басымдықпен ұтып, майталман мамандардың назарын бірден өзіне аударды. Сол кезде көпшілік Жетісу өңірінен келген жалынды жасты енді тоқтататын ешкім табыла қоймас деп ойлады. Бірақ қапияда жарақат алған Жетпісбаев қола медальді қанағат тұтты.2000 жылы Сидней Олимпиадасы қарсаңында шектен тыс салмақ қуамын деп сын сағатта денсаулығы сыр берді. Бұл сырқаттан айығу оңай болмады. Осын­дай келеңсіз жағдайлардың салдарынан Жет­пісбаев екі бірдей ғаламдық додадан шет қалды. Журналистер қауымының «Олимпия ойындарына қатыса алмағаныңызға өкінбейсіз бе?» деген сауалына «Пешенеме солай жа­зылған болар. Мақсат тауына шыға алмай кеткен дарынды жастар жалғыз менімен ғана шектелмейді ғой. Арамызда ондай асқан дарын иелері өте көп. Мен – солардың бірі ғанамын. Бұл өмірде әркімнің өз таңдауы болады. Мен бозкілемде өзіме бұйырған несібемді алдым да, үлкен спорттан қол үзуді жөн көрдім. Сондықтан да өткенге еш өкпем жоқ», деп атақты спортшы әңгімені қысқа қайырды.Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Берік бапкерліктің қамытын киді. Жастар­ды жаттықтырды. Оларға рухани және материалдық тұрғыдан көмек көрсетті. Оның төл шәкірттерінің бірі әлем чемпионатында жүлде алса, екіншісі жасөспірімдер арасындағы Дүниежүзілік Олимпиаданың жеңімпазы атанды. Сол үшін де Жетпісбаевқа Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.– Берік, шын мәнінде, асқан дарын иесі еді. Біз үлкен спортқа енді келіп жатқан тұста оның даңқы дүркіреп тұрды. Өзіне ғана тән мәнерде күресіп, қарсыласын қоғадай жапырып жатқанына сан мәрте куә болдық. Жетпісбаев шегінуді, тартынуды, қаймығуды білмейтін. Бізге үнемі дәп бір «Өліспей беріспеймін» деген қағиданы ұстанатындай көрінетін. Кейіннен ұлттық құрама сапында бірге күрестік. Қатар жүріп командалық әріптес ретінде ғана емес, ағалы-інілі болып сыйластық. Беріктен біз көп нәрсе үйрендік, – дейді дзюдодан Дүниежүзілік Олимпиаданың жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Сіләмбаев.Ал жарыстың өзіне келер болсақ, ұлдар арасында мына балуандар жеңімпаз атанды: 50 кг – А.Ерғалиев (Алматы қаласы), 55 кг – Ғ.Орынқажы (Абай), 60 кг – С.Сухоруков (Алматы қаласы), 55 кг – Р.Нариман (Жетісу), 73 кг – Т.Шыңғаев (Абай), 81 кг – А.Бейсембай (Алматы қаласы), 90 кг – А.Ризабек (Абай) және +90 кг – Б.Тоқтар (Алматы облысы). Ал қыздардың сайсында есімдері төменде аталған дзюдошылар алтыннан алқа тақты: 40 кг – С.Мақсұтова (Алматы облысы), 44 кг – А.Әнуарова (Алматы облысы), 48 кг – С.Тағай (Түркістан), 52 кг – Ж.Маратбек (Жетісу), 57 кг – Б.Дастанқызы (Алматы қаласы), 63 кг – А.Әбіханова (Шығыс Қазақстан), 70 кг – Ғ.Марлен (Жамбыл) және +70 кг – Н.Кемелханқызы (Жетісу).