Бүгінде еліміздегі әр үшінші тұрғын – 35-ке дейінгі азаматтар. Демек, мемлекеттің даму бағытын айқындауда ұлттық және халықаралық деңгейде жастар қалыптастырып жатқан өзгерістерді ескеру қажет. Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу ЕРНИЯЗОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Ресми риторикада «Жастар – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі» дегенді жиі естиміз. Ал сарапшылар арасында еліміздегі осы санаттағы азаматтарда немқұрайдылық пен инфантилділік бар деген пікір басым. Сіз қалай ойлайсыз, екіжақты дилемма қалыптасып отырған жоқ па?
– Жас буынның инфантилділігі туралы тезис – қоғамның күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені мемлекет кейінгі жылдары ғана жастарды дербес субъект ретінде қарастыра бастады. Ал жекелеген бақылаушылар әдеттегідей оларды «сен тимесең, мен тиме» қалпында деп, өткеннің нарративіне салады. Бұған қарапайым ғана мысал келтірейін. Қазір әлеуметтік желіде кеңінен танымал қоғамдық-саяси подкасттардың басым бөлігін жастар жүргізеді. Әсіресе «Замандас», «Dope Soz», «Aitpa». Сондай-ақ «Обожаю», «За нами уже выехали», «Narikbi Live», «Nursultan Qurman», «Jurttyn balasy», Сырым Итқұловтың арнасын да атап өтуге болады. Тіпті жуырда ғана «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін тамашалауға жастардың белсене барғанына көпшілік куә. Осыдан біраз дүниені аңғаруға болады. Бұл жас буынның өмірге деген көзқарасының өзгергенін көрсетеді. Олар қазірде қоғамдағы өзекті мәселелерді жай сырттан бақылап қана қоймай, баламалы ұсыныс-пікірін ортаға салып, жаңа бағыт қалыптастыруда өзінше үлес қосып жүр.
Мұны әлеуметтанулық зерттеулер де растап отыр. Біздің орталықтың деректерін ескерсек, респонденттердің тек 26,3 пайызы саясатқа қызығушылық танытпайтынын көрсетті. Сауалдамаға қатысқандардың 50,3 пайызы волонтерлік және еріктілік қызметке қатысатынын айтса, 4,8 пайызы қатысуды жоспарлап отыр. Былайша айтқанда, жастар көлеңкеден шығып, қоғамның өміріне араласып жүргісі келеді. Меніңше, бұл өзгерістердің дені Мемлекет басшысының саясаты мен қоғамдағы трансформациясымен байланысты.
– Яғни қазір билікке дербес, өз еркімен әрекет ететін жастар қажет дегіңіз келе ме?
– Мемлекет осы бастаманы қолдап та жүр. Себебі елдегі жүргізіліп жатқан реформаларды жастар үшін «қамқорлыққа алынған тұлға» санатынан шығып, қоғамдық өмірдің тең құқылы мүшесі ретінде қалыптасуына шақыру деп қарастыруға болады. Билік тарапынан жас буынның кітап оқуына, сауаттылықты арттыруға зейін қойылып, еңбек, білім, жауапкершілік, кәсіпқойлық сынды оң құндылықтарды насихаттауда үлкен көңіл бөлініп отырғанын байқаған боларсыз. Бұл – жастардың өзіндік ой-өрісін қалыптастыруға, сана-сезімін арттыруға, дүниетанымын кеңейтіп, өмірлік ұстанымын бекемдеуге негіз. Осы тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар саясаты саласында елеулі өзгерістерді жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Биыл заңнамаға жаңашылдық енгізіліп, жастардың санаты 35 жасқа дейін ұлғайды. Жаңа тұжырымдама қабылданды. Онда «жастар үшін» қағидатымен қоса «жастармен бірге» мотивіне басымдық берілгені айқын көрініс тапты. Мемлекеттік жастар саясатын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жоғарыдан төменге тігінен емес, көлденең бағытта – шешім қабылдау үдерісіне жас буынды тарта отырып жүзеге асыруы керек.
– Орталықтың жастар туралы әлеуметтік зерттеулерін «Жастар лайф»-тың өткен нөмірлерінде жариялаған едік. Құжаттарда лудомания лаңы, есірткіге тәуелділік, зорлық-зомбылық сынды мәселелер көтерілген. Осы ретте сандарды сөйлетсек.
– Мемлекеттік жастар саясаты жастардың әлеуетін дамыту және іске асыру үшін жағдай жасауға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік осал санатын қолдауға бағытталған. Бұл топқа лудомандар, нашақорлар және зорлық-зомбылық құрбандары да кіреді. Біздің эмпирикалық деректер құмар ойынға елірген жастар қатары өскенін растайды. Мәселен, былтырғы зерттеуде жастардың 1,2 пайызы бәс тігетінін айтса, биыл бұл көрсеткіш 3 пайызға жетті. Сондай-ақ сауалдамаға қатысқан жастардың 39,5 пайызы көп уақытын компьютерлік ойынға жұмсайтынын көрсеткен. Ал «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры жүргізген әлеуметтанулық зерттеуге сүйенсек, республикадағы 17-25 жас аралығындағы азаматтар арасында суицид жасауға талпынған құрбандардың 69,4 пайызы онлайн-казино, букмекерлік кеңселер мен микроқаржылық ұйым алдындағы берешегінің көп болғаны себепті осындай қадамға барғанын айтқан. Осы және басқа да деректер аталған проблемалар өзара байланысты болуы мүмкін екенін аңғартады. Бұл жерде психологиялық факторды да жоққа шығаруға болмайды. Тәуелділікке ұшыраған құрбандармен жұмыс істеген психологтер балалық шақтағы жан жарасы мен отбасылық жанжал лудомания мен нашақорлықтың факторлары болуы мүмкін екенін айтып дабыл қағады.
Жалпы, жастар арасында лудомания мен есірткінің кең таралуы кешенді жұмысты қажет етеді. Мұның салдарымен күресу үшін алдымен нақты себептерін ғылыми негізделген түрде анықтап алып, превентив шараларға көшу керек. Бұл мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау тұрғысынан да тиімді.
– Жас ортада қандай трендтер бар?
– Жастар – еліміздің ең ірі әлеуметтік-экономикалық топтарының бірі. Олардың қажеттіліктері мен мүддесі қоғамның жалпы жағдайын тікелей көрсетеді. Орталық тұрақты негізде талдамалық баяндамалар жариялап тұрады. Онда мамандар осы санаттағы азаматтар арасындағы қазіргі үрдістерді анықтайды. Бүгінде жастардың көзқарасымен ең өзекті деп танылған трендті атап өтейін. Олар: қаржылай тәуелсіздік (48,2%), жартылай немесе толық қашықтан жұмыс істеу (26%). Бұл таңдаулар қазіргі ұрпақтың шыңдалудың, жұмысқа тұрудың, патернализмнің дәстүрлі түрлерінен алшақтай бастағанынан хабар береді. Яғни құндылық параметрлері өзгеріп жатыр. Бойларында еркіндік басым. Сәйкесінше, жаһандық мәдени кеңістікте жастарымыз танымал бола түседі.
– Әңгімеңізге рахмет.