Бұл күндері Испанияның Севилья қаласында теннистен әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг кубогі өтіп жатыр. Жүлде қоры 9,6 млн долларды құраған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы В тобының фавориті саналғанымен олар ел сенімін ақтай алмады.
Байрақты бәсеке басталмай тұрып-ақ Қазақстанның жанкүйерлері жайсыз хабар алды. Былтыр Уимблдонда топ жарып, биыл Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнаған еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаның аталған жарысқа қатыспайтыны белгілі болды. Республикалық Теннис федерациясы таратқан мәліметке сенсек, осыдан бір апта бұрын ғана Мексиканың Канкун қаласында өткен WTA-ның қорытынды турнирінен кейін ол өзін жайсыз сезінген екен. Сол себепті Билли Джин Кинг кубогінде бақ сынаудан бас тартты. Содан Аустралияға қарсы кездесудің қарсаңында Рыбакинаны дереу Анна Данилинамен алмастыруға тура келді. WTA тізімінде 814-орында тұрған дәп сол ойыншы Севильядағы жарыстың тұсаукесер сайысында кортқа шықты. Ол үздіктер рейтингінде 172-сатыға жайғасқан тәжірибелі Сторм Хантермен шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде жасыл құрлықтың өкілі 7:6, 6:4 есебімен басым түсті.
Көп кешікпей Юлия Путинцева мен Кимберли Биррелдің ойынын тамашаладық. Бұл кездесудің фавориті Путинцева еді. Әлемдік рейтингте ол 69-орынды иеленуде. Қарсыласы жерлесімізден 44 саты төмен тұр. Сондықтан да бұл бәсекеде Путинцеваның жеңіске жететініне көпшіліктің күмәні болған жоқ. Айтқандай-ақ, бірінші сетті 6:0 есебімен аяқтаған Юлия екіншісінде де өзінің мықтылығын мойындатты – 7:5.
Қос ойынның нәтижесі бойынша тең есеп тіркелгеннен кейін бәсекенің тағдыры жұптық сайыста шешілді. Өкінішке қарай, бұл жолы біздің бұрымдылар өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Юлия Путинцева мен Анна Данилина жұбы Эллен Перес пен Сторм Хантерге 1:6, 6:4, 5:10 есебімен есе жіберді. Осылайша, отандастарымыз Аустралия құрамасына жол берді.
Келесі күні Словениямен сайысқа түстік. Алғашқы бәсекеде Анна Данилина Кайя Юванға ойсырай ұтылды – 1:6, 0:6. Келесі кездесуде Тамара Зиданшектің екінші сеттен кейін ойынды жалғастырудан бас тартып, жеңіс Юлия Путинцеваның еншісіне жазылды. Одан кейін Анна Данилина мен Жібек Кұламбаева жұбы Вероники Эрьявец пен Эла Налы Миличтен басым түсті – 2:6, 6:4, 10:7. Қорытынды есеп – 2:1.
Десек те бұл жеңіс жерлестерімізге плей-оффқа шығу үшін жеткіліксіз болды. Өйткені Билли Джин Кинг кубогінің ережесіне сай әр топтан озық шыққан бір ғана команда жартылай финалда өнер көрсету құрметіне ие болады. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы екінші орында қалып қойды. Ал жалғыз жолдама Словения теннисшілеріне бұйырды. Олардан бөлек, Италия, АҚШ және Канада құрамалары плей-оффқа шықты.