Танымал Metaratings.ru сайты биылғы маусымда WTA санатындағы жарыстарда өнер көрсетіп, ең көп табыс тапқан теннисшілердің рейтингін жариялады. Үздіктер тізімінде Польшаның мақтанышы Ига Свентек көш бастап тұр.
Таяуда ғана Мексиканың Канкун қаласында өткен қорытынды турнирде топ жарып, бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған 22 жастағы Ига Свентектің есепшотына 9,86 млн доллар көлемінде қаражат аударылды. Екінші орынды Арина Соболенко иеленіп отыр. Расында да, биылғы маусым Беларусьтің өкілі үшін өте табысты болды. Ол Аустралияның ашық біріншілігінде топ жарып, US open додасының финалында өнер көрсетті. Ролан Гаррос пен Уимблдонда жартылай финалға дейін жетті. Соболенконың табысы – 8,20 млн доллар. Үшінші және төртінші орындарды АҚШ-тың қос мықтысы – Коко Гауфф пен Джессика Пегула өзара бөлісті. Алғашқысы – 6,67 және екіншісі – 5,97 млн-ды еншіледі.
Төртінші орынға біздің Елена Рыбакина тұрақтады. Қазақстанның Туы астында өнер көрсетіп жүрген 24 жастағы ару биыл 5,49 млн доллар олжалады. Бір қуантарлығы, былтыр Уимблдонның жеңімпазы атанғаннан кейін ол еліміздің дарынды жастарын қолдау үшін 35 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Соның арқасында 14 жас ойыншының әрқайсысы 2,5 млн теңгеден алды. Бұл – Қазақстанның басқа да сақа спортшылары үшін үлгі болатындай құптарлық іс. Сондай-ақ мол олжаға кенелгендер қатарында чехиялық Маркета Вондроушова (4,47 млн), Каролина Мухова (2,80 млн), Петра Квитова (2,49 млн), мысырлық Онс Жабер (3,19 млн) және грекиялық Мария Саккари (2,55 млн) сынды танымал теннисшілер бар.