Панама қаласында робототехникадан дүниежүзілік «World Robot Olympiad» олимпиадасы өтті. Оған 80-нен астам елдің 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушылары қатысты. Бұл сайыста Қазақстан оқушылары оқ бойы озық шығып, жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олимпиада роботтарды жобалау, бағдарламалау, инженерлік ғылымдар және басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласында дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында ұйымдастырылады.
Робототехника бойынша дүниежүзілік олимпиаданың қорытындысы бойынша Қазақстанның үш командасы жүлдегер атанды:
2-орын (күміс) «Future Engineers» категориясында астаналық 10-сынып оқушылары Аңсар Саурбаев және Амир Қарабаев;
3-орын (қола) «Robo Mission» категориясында Астана қаласының 8-9 сынып оқушылары Вагиз Дисембаев пен Жанарыс Капаров;
3-орын (қола) «Future Engineers» категориясында Қызылорда қаласының 11-сынып оқушылары Максим Усольцев пен Дінмұхамед Әбдиев.
Айта кетсек, дүниежүзілік робототехника олимпиадасы ең алғаш 2004 жылы Сингапурда 1-ші роботтар сайыс-фестивалі ретінде өткен екен. Аталған олимпиадаға Қазақстан 2014 жылдан бері қатысып келеді.