Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында дзюдо күресінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық құраманың сапына алынатын жастар үшін мықтылығын дәлелдейтін дода бұл. Себебі бапкерлер келесі жылы маңызды додаларға кімдерді қосатынын осы ішкі біріншіліктің нәтижесіне қарай нақтылайды.
Биылғы чемпионатқа 17 облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 463 балуан қатысып отыр. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Қазақстанда 133 мыңға тарта адам дзюдомен шұғылданатынын мәлім етті. Жуырда Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары өтті. Қазақстаннан барған 525 спортшыға артылған сенім ақталмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарынан кейін спортшылар мен бапкерлерді, осы салаға жауапты министрліктің өкілдерін қабылдап, құлдыраған саланың әлеуетін көтеруге күш салу қажеттігін айтты. Тіпті «отандық спортта әділ бәсекелестік қағидатын орнату» жөнінде тапсырма да жүктеді. Қазақстан дзюдо федерациясы ішкі біріншіліктің әділ өтуі үшін шеттен тәуелсіз 3 төреші шақыртыпты.
Сонымен биылғы ел біріншілігіне 463 балуан қатысты. Елімізде 133 мыңға тарта адам спорттың осы түрімен шұғылданады дедік. Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бастап қатысады. Дзюдо күресінен әлі чемпион шығара алғамыз жоқ. 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасында Асхат Жіткеев (100 келі), 2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасында Елдос Сметов (60 келі) күміс жүлдегер атанды. 2016 жылы Бразилия елі өткізген жазғы Олимпиада ойындарында Моңғолиядан әкелген спортшы Галбадрах Отгонцецег (48 келі) қыздар арасында қола медаль алды. Елдос Сметов те 60 келіде қола жүлде иеленді. Жазғы Олимпиада ойындарына 7 мәрте қатысып, дзюдо күресінен алғанымыз осы 4 медаль ғана. Елімізде 133 мың адам дзюдомен күреседі деп мақтанғанымызбен, күні кеше Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында Өзбекстан спортшылары күрестің осы түрінен 3 алтын, Тәжікстан мен Қырғызстан балуандары да 1 алтын медаль олжалады. Бізге бұйырғаны 1 күміс, 2 қола жүлде ғана.
Келер жылдың еншісіндегі Париж жазғы Олимпиадасына да санаулы ай қалды. Дзюдо күресінен де балуандарға жүктелер үміт орасан. Біз Олимпиада чемпионын баптап шығарғанымызға мақтануға тиіспіз, статистика санына емес.