Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының 30 жылдығына орай 15 қарашадан бастап номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz nationalbank.kz-ке сілтеме жасап.
Банкнотада 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар.
Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы аймақтарымен бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар.
Номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады.