Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетовтің 100 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция басталмас бұрын Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің алдындағы қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.
Тәкей Есетұлының өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференция облыс әкімдігінде өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары, Тәкей Есетұлының ұрпақтары, туған-туыстары мен үзеңгілес інілері қатысты.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Құдайберген Саржанов, Әбдіжәлел Бәкір, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы, Тәкей Есетұлының баласы Әділбек Есетов сөз алып, қайраткер туралы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, конференцияда Парламент Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарованың, Руслан Рүстемовтің және Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетовтің, Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.
Еске сала кетейік, Тәкей Есетов 1923 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Жиында айтылғандай, ол Алматыдағы 6 айлық авиациялық курсты бітіріп, майданға аттанған. 1943 жылы ауыр жарақат алған соң, елге оралады. Соғыстан кейін, Арал аудандық сотында, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, қаржы бөлімінде қызмет еткен.
1957-1985 жылдары Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда облысы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Тәкей Есетұлы 1978 жылдан 1985 жылдар аралығында Қызылорда өңірін басқарған кезеңде облыс орталығында драма театр, музей, әуежай, басқа да әлеуметтік нысандар: өкпе аурулары ауруханасы, емханалар, мектептер, балабақшалар және басқа құрылыс нысандарының құрылысы сол кезеңдерде қатар жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Одан өзге «Қызылордарисмаш» зауыты, «Шалқия» кеніші секілді көптеген өндіріс орындарының жұмысы жандана түсті. «Құмкөл» мұнайы қорын зерттеп табу, алғашқы мұнай өндіру ісі оның тікелей қолдауымен, ұйымдастыруымен басталған-ды.
«Сыр бойының қай кезде де экономикалық табысы негізінен ауыл шаруашылығына тікелей байланысты екені баршаға аян. Сол жылдары аймақ ауыл шаруашылығында айтарлықтай ілгері басушылық болып, табыс табысқа ұласты. Облыс диқандары 1978 жылы мемлекетке 17 миллион пұт Сыр салысын тапсырды. Осыдан алты жыл өткенде көрсеткіш 24 миллионға жеткенін бірінші басшының ұйымдастырушылық ұтырлы қабілеті мен біліктілігінің жемісі деп білген жөн болар. Сол тұстары облыстың жеті ауданында мал басын аман сақтау, алынған төлді шығынсыз өсіру шаралары қатар жүргізілетін. Облыс бойынша төлдеген қойдың әр жүзінен орта есеппен 110-115-тен қозы алынды. Сондай-ақ басқа да түлік түрлерінен алынатын өнімдер жыл санап молая түскенін сол жылдардағы көрсеткіштерден айқын аңғарылады», деп жазады қаламгер Толыбай Абылаев.
Тәкей Есетұлы Арал ауданына басшылық жасаған жылдары үш рет қатарынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің VII, VIII, IX шақырылымына, КСРО Жоғары Кеңесінің жоғары палатасы – Ұлттар кеңесінің X, XI шақырылымына екі мәрте депутат болып сайланды. Ол Ұлттар кеңесінде одақ бойынша Құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі мәселелері бойынша комиссияның, ал Қазақ КСР Жоғары Кеңесінде республикалық бюджетті жоспарлау комиссиясының мүшесі болды. Ол мемлекеттік деңгейдегі көптеген орден-медальмен марапатталған.