Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі – Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаевтың үстінен «Адам өлтіру» бабымен қозғалған қылмыстық іс. Жұртшылық экс-шенеуніктің әйелі Салтанат Нүкенова-ның өліміне қатысты істің әр сатысын жіті бақылап отыр. Неге? Мәселе Бишімбаевтың «белгілі тұлға» болғандығында ғана емес, қылмыстың асқан қатыгездікпен жасалғанында да жатыр.
Әлеуметтік желіде қанды оқиғаға қатысты сан алуан пікір жазылды. Әлі де жазылып, айтылып жатыр. Ең көп жазылған ойдың бірі – «Егер Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықпағанда жас қыз тірі жүрер еді» деген тұжырым. Тіпті «енді парақордың қылмыс өтеу уақытын қысқартып, бостандыққа шығуына жағдай жасаған судьяның да қолы қанда» деген пікір де ара-тұра айтылып қалды.
Естеріңізде болса, экс-министр 2018 жылы «Бәйтерек» холдингінің директоры болғанда Қызылорда қаласында әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және холдингтен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 2019 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырады. Осылайша, ол 10 жылдың небәрі 2 жыл 9 айын түрмеде өтеп, бостандыққа шығады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті экс-министрдің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» алға тартқан. Судья сотталушының осы «жетістіктерін» ескеріп, экс-министрге мейірім танытып еді...
Шыны керек, сот тәжірибесінде шартты түрде мерзімінен бұрын шығып жатқандар аз емес. Статистикаға сүйенсек, бұл санаттағылардың саны жыл сайын артып отырғанын байқауға болады. Мəселен, 2017 жылдан бері жемқорлыққа барған 111 лауазым иесі шартты түрде босап шыққан. Бес жыл бұрын бұл тізімде небәрі 7 адам болса, 2019 жылы – 30, 2022 жылы 27 адам түрмеден ерте шыққан. Қай экс-шенеунік «шартты жазаға» іліккенін қоғам жақсы біледі. Біз сот жүйесіне қараймыз, олардан әділеттік күтеміз. Бірақ күрделі жағдай қайталанып жатады.
Бұл тізімге қарап «шартты жаза» көбіне қалтасы қалың, құрығы ұзын бай-бағландарға ғана қолданылатындай көрінеді. Қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызып отырғаны да осы. Өйткені түзеу мекемесінде мұндай шешімді 5-10 жылдап күтетіндер де бар. Әрине, адам баласына қателесу тән. Қылмыстық кодекстегі шартты түрде мерзімінен бұрын босату және өтелмеген жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру деген қос құқықтық институт негізінен осы үшін қарастырылған. Бірақ бұл кез келген қылмыскер түрмеден ерте шығып кете береді дегенді білдірмейді. Мәселен, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жемқорларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасын қолдануға заңмен тыйым салынған. Президент 2020 жылы тиісті заңға өзгерту енгізуді міндеттегеннен кейін еселеп айыппұл төлеп, жазадан сытылып кететіндердің саны күрт азайған. Өйткені бұрындары жазаның белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін, сот толық өтеуді қажетсіз деп тапса, парақорлар бостандыққа ерте шыға алатын. Ал аса ауыр қылмыс жасаған, мәселен, қасақана кісі өлтіргендер бас бостандығынан айыру жазасын оны шектеуге немесе айыппұлға ауыстыра алмайды. Бұған қоса, қос шара педофилдерге, террористер мен экстремистерге қолданылмайды.
Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату жағдайында сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен мерзімінен бұрын босатылады және жаза мерзімі аяқталғанға дейін тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Ал өтелмеген жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру бойынша сотталған адам жазаның басқа, неғұрлым жеңіл түрін (бас бостандығын шектеу немесе айыппұл төлеу) өтейді. Жеңіл және орта ауырлық деңгейіндегі қылмысы үшін сотталған адам жазаның үштен бір бөлігін, ал ауыр қылмыс жасағандар мерзімнің жартысын өтегеннен кейін бостандыққа шығу құқығына ие болады.
Құқықтық түсіндірмеде жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға «қылмыстық заңнамаға енгізілген гуманизм көріністерінің бірі» деп баға берілген. Яғни мұндай жаза сотталғанның түзелуіне ықпал етіп қана қоймай, осы санаттағы адамдарды қоғамға тезірек оралуына ынталандыруы керек. Теория бойынша. Ал өмірде көріп отырғанымыз Бишімбаев секілділердің бассыздығы ғана...