Газетіміздің бұған дейінгі нөмірінде Қазақстан мен Қытайдың визасыз режім келісімін күшіне енгенін хабарлаған едік. Қоғамда біраз пікірталас туғызған мәселе жөнінде түрлі әңгіме әлі басылар емес. Осы орайда бірқатар сарапшымен сөйлесіп, қандастардың да пікірін сұрап көрдік.
Саясаттанушы Әділ Кәукеновтің айтуынша, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы тым тереңде. Экономиканың бүкіл саласын қамтыған. Мұны тіпті тауар айналымы көрсеткіштерінен де көруге болады. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша, Қытай Қазақстанға жалпы тікелей инвестиция көлемі бойынша жетінші орында (2022 жылға 1,4 млрд доллар).
«Қытай – сыртқы сауда серіктестеріміздің арасында көшбасшылардың бірі. Аталған елден бірінші кезектегі қажеттіліктерден жоғары технологияға дейінгі тауарларды ғана сатып алып қоймаймыз. Сондай-ақ Қазақстан өнімдеріне де сұраныс жоғары. Мәселен, мұнай, газға, пайдалы қазбалар, сондай-ақ май, ет, соя секілді азық-түлікке қызығады. Қазақстандық азық-түлік өндірушілердің басты мақсаты – мысалы, Қытайдың алкоголь мен су нарығына шығу. Оның үстіне Қытай тарапы да бұған кетәрі емес. Дегенмен әзірге отандық өндірушілер мұның тәсілін білмей отыр. Себебі дизайнға, қаптамаға және басқа да талаптар өте көп», дейді Ә.Кәукенов.
Оның айтуынша, отандық өнімдерге ең алдымен экологиялық таза, ерекше және табиғи дәміне байланысты қызығады. Алайда бүкіл халық хабарсыз. Қазақстан өнімдерін елімізге қатысы барлары ғана біледі. Саланың әлеуеті жоғары.
«Алматы маңында ірі мультибрендті автомобиль зауыты орналасқан. Қазақстанның солтүстігінде тағы бір зауыт жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласында көптеген бірлескен өндіріс бар. Қазақстан Қытаймен ядролық өнеркәсіпте тығыз ынтымақтастық орнатқан. Отандастарымыздың Қытай аумағына оңай баруы өте маңызды. Өйткені саяхаттау, емделу және оқуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қытай студенттерімізді қызықтырады. Біздің кәсіпкерлер Қытай зауыттары мен көрмелерін аралай алады. Енді біз қытайлық инновациялар мен озық ғылыми жаңалыққа жылдам қол жеткізе аламыз. Қазір Қытай электромобильдерімен танымал, олардың телекоммуникация саласында көптеген ноу-хауы бар», дейді Ә.Кәукенов.
Негізі, Қазақстан Қытай азаматтарына 2017 жылы 72 сағатқа визасыз режім енгізген болатын. Бұл жолы Қытай тарапы қазақ халқына жоғары сенім білдіріп отыр. Оның үстіне Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде мұндай мүмкіндікке ие жалғыз ел екенін айта кеткен жөн.
«Визасыз режімге қол жеткізу өте қиын. Қытай тарапы барлық үдерісті реттеді. Сондықтан мамыр айында Келісімге қол қойылғаннан кейін ауқымды жұмыс істелді. Шекаралық пункттерінде Қазақстан мен Қытай арасындағы осының бәрі қалай өтуі керектігі туралы келісімдер енгізіліп, үйлестірілді. Осылайша, бұл келісім болашақта шетел азаматтарын қабылдауына және есепке алуына мүмкіндік беретін мемлекеттік аппараттың толық жұмысқа қосты дей аламыз. Қытайдың өте үлкен мемлекет екенін ескерсек, алты айдың ішінде бәрін жедел реттедік. Қазақстан – Қытай серіктестігі жан-жақты, мұнда халықтар достығы ғана емес, өңірлер арасындағы ынтымақтастық та нығая түседі. Қытайлық туризмнің негізгі ағымы АҚШ, Жапония, Еуропа, Оңтүстік Корея сияқты батыс елдеріне бағытталған. Әзірге Қазақстан – Қытай азаматтары үшін басым туристік бағыт емес. Алайда бұл өзгереді деп үміттенеміз», дейді Ә.Кәукенов.
Мұндай еркіндік бәріне беріле бермейді. Мысалы, Пәкістан – үлкен мемлекет. Бірақ пәкістандықтар визасыз баратын елдер тізімі өте аз, бұл іс жүзінде бірнеше арал. Тағы бір алпауыт мемлекет Үндістанда да осындай жағдай бар. Бүкіл посткеңестік кеңістік пен Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекетке, Кіші Азиядан – Түркия, Иран, Шығыс Азия – Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзияға отандастарымыз еркін бара алады. Осылайша, Қазақстан төлқұжатының қуаты арта түсті.
Қытай аумағына қарасты Өр Алтай жерінде – Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген қандасымыз, жазушы Жәди Шәкенұлы визасыз режім келісімінің экономикалық пайдасы мол екенін алға тартады. Дегенмен бұл мәселеге мұқият мән берген жөн деп санайды.
«Визасыз режім көптеген елде бар. Басты бағыты экономикалық жағдайларға байланысты жолға қойылған. Атап айтқанда, ел экономикасы үшін оның тиімді жақтары өте көп. Алайда алпауыт ел Қытай туралы айтқанда оның «бейбіт жолмен жаулау» сынды ішкі саясатын да жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, құқық қорғау органдары «бармақ басты, көз қысты», балық үндес, бақа тілдес болатын саяси ымыралықтан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан аулақ болуы керек. Өзгенің қаңсығы мен таңсығына бола ел мүддесін сататын алаяқтардан сақ болған жөн. Өзіңе өзің сақ бол, өзгені ұры деме деген аталы сөз осындайда айтылады», дейді Ж.Шәкенұлы.
Осы орайда қандасымыз Қытайдан тікелей қауіп күтпегенімен, жіті әрекет етудің маңызына тоқталады. Оның айтуынша, шығыстағы көршіміз шетелден келгендерді мұқият қадағалайды.
«Тарихи көршіміз үшін алғанда жаулық, жат көзқарас емес, ішкі сақтық барынша маңызды. Қытай шеттен барған әр ел азаматтарына ерекше сақтықпен қарайды, бақылауға алады. Өзінің мемлекеттік қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Өзінің ішкі қатал саясатын өзгеге айбар қылады. Біз де көрші ретінде тату бола отырып, оның экономикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қауіпсіздікті, ішкі қорғанысты ерекше ескеруіміз керек. Шағын ел Қазақстан туралы айтқанда Қытайдың бір қаласына де жетпейміз. Сонау дәуіріндегі түркі оғландары да шағын екеніне қарамай басқаға патшалық менмендікпен, тең терезелі көзқараспен қарай білді. Ешкімге елін, жерін сатпады. Көршілер олармен, олар көршілермен санасты. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті де әлем елдері алдында биік болуға тиіс», дейді Ж.Шәкенұлы.