• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Қараша, 2023

Ақша-кредит саясатының ізашары

278 рет
көрсетілді

Ұлттық валютаны Қазақстан халқы қолға ұстап, айналымға енгеніне 30 жыл толды. Осы датаға орай Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, департамент директоры қызметін атқарған, қазір Еуразия ұлттық университетінің профессоры Дәуренбек Мәжитовті әңгімеге тартқан едік.

– Дәуренбек Мәжитұлы, ұлттық валютамыз – теңгені қалай бағалаған дұрыс? Мемлекеттік рәміздер қатары­на қоюға бола ма?

– Ұлттық валютаны мемлекеттік рәміз ретінде де бағалаған дұрыс. Оны мемлекеттік Ту және Елтаңбамен қатар қоюға болады. Өйткені мемлекеттің басқа дербес атрибуттары сынды теңге де – ел тәуелсіздігін экономикалық тұрғыда айшықтайтын нышан. Мен теңгеге эконо­микалық категория тұрғысынан қа­рай­мын. Теңге ақша болғандықтан, өзінің атқаратын функциялары бар. Құн өлшеу және айырбас функциясы. Төлемдерді біріншіден екіншіге, одан әрі үшіншіге аударуда Қазақстанның барлық төлем жүйесі ұлттық валюта – теңге арқылы жүргізіледі. Сондықтан теңгені ұлттық рәміздер қатарына қоюға қосыламын. Онда ешқандай астамшылық немесе әбестік жоқ. Еліміз тәуелсіз мемлекет болған соң, өзінің ақша-кредит саясаты бар. Сол себептен рәміздерге қарағанда теңгенің категориясына, атқаратын функцияларына көбірек көңіл бөлемін.

Негізі ақша жүйесін жасауда әр мем­ле­кеттің өз идеясы мен идеология­сы болады. Біздің де ұлттық валюта т­ура­лы дизайн тұ­жы­­рым­дамасы бар. Оны тек Ұлттық банк қана емес, ел Президенті бекітеді. Ұлт­тық банк төл валютаны айналымға шыға­ра­тын және сол жүйені басқаратын бол­ған­дық­тан, барлық жұмысты, бүкіл идея­ны алға қойып отыратын бірден-бір құзы­рет­ті орган. Бірақ ұлттық валютаның қағаз немесе металл күйіндегі соңғы үлгі­лері сол дизайн тұжырымдамасына сай болуы қажет. 

Мемлекеттік рәміздер – теңгенің ай­шық­ты ерекшеліктері болуымен қатар, ұлт­тық идеологияны жүргізудің, оны аза­маттардың санасына сіңірудің бір құра­лы да. Бастапқы кез­дегі ұлттық валютаға қараңыз. Онда ұлт­тың ұлы тұлғаларының портреттері таң­баланды (1 теңге – Әл-Фараби, 3 теңге – Сү­йін­бай, 5 теңге – Құрманғазы, 10 теңге – Шоқан, 20 теңге – Абай, 50 теңге – Әбіл­қайыр хан, 100 теңге – Абылай хан). Кейінгі сериялардың банкноттарын жа­сауда жаңа технологияға қатты көңіл бөлінді. Бүгінде ешкім банкнотты әуел бас­тағыдай қолмен сызып, сурет салып отыр­майды. Дизайны да, басқасы да компью­термен жасалады. Қазір теңгеге керекті істің бәрін атқаратын – цифрлы технология.

Ұлттық валютаның бетіне ұлттық таным нышандарын нақыштай беру керек. Сондықтан теңгенің екінші сериясында Бәйтерек пен оның айналасы көрініс тапты. Бұл 2007 жыл еді. Ол серияда портреттік нұсқалардан шығып, дамып келе жатқан жаңа Қазақстан, Астанамыздың символына айналып, көк аспанға қол созған Бәйтерек көрсетілді. Ал екінші бетін бір қалыпқа әкелдік.

– Теңге дүниеге қалай келді? Бұл ұлттық игі жұмыстың басында кімдер тұрды?

– Мен банк саласына 1994 жылы келдім. Ұлттық валюта айналымға 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Әуелі қызметімді коммерциялық екін­ші деңгейлі банктерден бастадым. Ал Ұлттық банкте 1997 жылдан бері жұмыс істедім. Әуелі Ақша депар­таментін, кейін Қарағанды бөлімшесін бас­қардым. Бөлімше жұмысы ретке кел­ті­ріліп болғанда, орталыққа қай­та шақырып, Ұлттық банк төрағасына кеңес­ші қызметін берді. Зейнетке шық­қанша табан аудармай сонда еңбек еттім.

Айтайын дегенім, теңге туралы тарихи оқиғаларды жақсы білемін. Ұлттық валютаны жасап, айналымға енгізуде алапат үлкен жұмыс жасалды. Ақшаны айналымға енгізуде техникалық күрделі кедергілер көлденеңдей бергені – бір жағы ғана. Ал саяси-әлеуметтік жағы­нан өте-мөте қиын болғанын Ұлттық банк­те 20 жылдай қызмет еткен тәжіри­бем­нен жақ­сы білемін. Онда бірыңғай эконо­ми­ка­л­ық зонада Ресейден шығу (бөліну) керек пе, жоқ па деген күдік, күмәнге толы аса үлкен проблемалар тұрды. 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуел­сіз­дікті жа­рияладық. Ал Балтық жағала­уын­­­­д­ағы елдер 1990 жылдың басында еге­­мен­­дігін жариялап, төл валюталарын айна­лымға енгізіп жіберген еді. Ал біз – кеңестік республикалар ішінде КСРО құра­мынан ең соңынан шыққан елміз. Соған сай беріге дейін рубль зонасында жүрдік. Басқа мемлекеттер рубль зонасынан 1990-1991 жылдары шығып кеткен болса, біз 3 жылдан кейін ғана ұлттық валютамызды айналымға кіргіздік. Бұл жұмыс құпия түрде жүзеге асырылды. Себебі айтылған мәселелер өте көп талқыланып, әр теңге мен тиын, тәуелсіз экономикалық саясаттың жөн-жосығы мен бағыт-бағдары қайта-қайта есептелді. Айналдырған 1-1,5 жылда Ресей мен Қазақстан арасында он шақты рет үкіметаралық кездесу болған. Ең жоғары басқарушы органдардың да бір пәтуаға келуі оңай болмаған. Оны Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров естелігінен біле аласыз­дар. Теңгенің жасалып, айналымға енуіне куә болған мықты мамандармен бірге қызмет істедім. Олардың айтуына қарағанда, 1992 жылдан бастап «теңге жасауды аса құпия түрде жүргізе берейік. Оны кір­гі­земіз бе, жоқ па немесе қандай жолмен енгі­земіз – оның бәрі сол кезде шешіледі», деп ма­мандар бір пәтуаға келген. Сөйтіп, тең­гені жасау жұмысын бір сәтке де ірікпеді.

Ұлттық банк төрағасы болмаса да, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дәулет Сембаев теңгені жасауда, айналымға енгізуде көп еңбек сіңірді. Ол кезде бұл кісі Үкімет басшысының бірінші орынба­сары еді. Кейін Ұлттық банк төрағасы қыз­метін де абыроймен атқарды. Осы Д.Сем­баев, Ғ.Байназаров сынды саясат пен экономика саласындағы саңлақ аға­лары­мыз бастаған арнайы топтар теңгені жасады, айналымға енгізді, түп-та­мы­рына қуат беріп нығайтты, әлем­дік на­рықтағы орнын нықтап қалып­тастырды.

Төл валютаны айналымға кіргізуге атсалысқан, әсіресе оның қажеттігін жоғары деңгейде дәлелдеп берген сол кез­дегі ірі қайраткерлер болды. Олар­дың алдыңғы легінде Жоғарғы кеңес­тің Бюджет-қаржы комитетінің төраға­сы болған Тәкежан Тауфикұлы жүрді. Елімізде тұңғыш әрі соңғы вице-президент болған Ерік Асан­баев та төл теңгенің керектігін дәлелдеп, қорық­пай қолданысқа енгізілуін­е басшы­лық жасаған. Бұл кісі мемлекет­тің іргетасын қалап, тәуелсіздік туын биікке көтерген тау тұлға, еліміздегі өте ірі экономист болды. Рубль зонасынан шығып, ұлттық валютаны айналымға кіргізу тұжырымын жасап, оны қорғап, қолдаған қайраткер  Ерік Асанбаев еді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары мен көптеген маманы төл валю­таны қолданысқа беріп, халықтың дұ­рыс пайдаланып кетуі үшін көп еңбек сіңір­ді. Қазақстан Суретшілер одағының төр­ағасы Тимур Сүлейменов, алғашқы тең­гед­егі ұлт ұлыларының портрет­терін сал­ған Ағымсалы Дүзелханов сынды ерен өнер иелері төл ақшаны ел азаматтарының жаны­на жақындатып, ондағы идеология­ны жадына сіңіре білді. Теңгенің теңге болуын­да осы аталған адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, қысқа мерзімде өз тап­сыр­масын орындап, келіп-кеткен қан­шама адамның еңбегі бар. Біз тек қана қадау-қадау ерен тұлғаларды ғана атап өттік.

Елімізде сонау Алтын Орда дәуірінен былай қарай Монета сарайы, ақша банкнотын жасайтын ешбір технология болған жоқ. Оны аяқастынан салу – аса күрделі шаруа. Ал қазір Өскемендегі Монета сарайына барсаңыз, заманауи құрылғылармен, жоғары деңгейдегі технологиямен жаб­дықталған кәсіпорынды көресіз. Халық­аралық экспертизада мынадай ұғым бар. Қай мемлекетте өзінің банкнот фабрикасы мен Монета сарайы бар, демек ол ел техника-технологиялық тұрғыдан артта қалмаған. Құдайға шүкір, соның бәрі бізде өте жақсы жұмыс істеп тұр.

– Балтық жағалауы елдерінен бастап, бүкіл Қап тауындағы респуб­ликалар, көрші Өзбекстан, Түрік­мен­стан сияқты елдердің бәрі ұлттық валюталарын ашық түрде айналымға кіргізді. Сонда теңгенің шығуын сонша­лық­ты құпияландыру неге керек болды?

– Оларда саяси шешім ашық қабыл­данған ғой. Өзбекстан, Грузия, т.б елдер неге банкноттарын құпия түрде жасаған жоқ? Өйткені олар өздерінің тәуелсіздік декларациясында ұлттық валютасы болатынын анық жазып көрсетті. Онда «Өзіміздің ұлттық атрибутымыз, ұлттық валютамыз болады» делінген. Ал біз көп ойланып-толғандық. «Рубль зонасынан шығамыз ба, жоқ па?» деген сияқты. Соның салдарынан Егемендік декларациясында ұлттық валюта туралы ондай шешімдер жазылған жоқ. Ал басқа республикаларда экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық тәуелсіздік – бәрі бір-ақ қабылданды. Ұлттық валюта­ның құпия түрде жасалғанының сыры осында.

– Тәуелсіздікті жаңадан алған елдер­­дің ұлттық валютасын экономи­калық айналымға енгізу үшін қандай шарт­­тар мен қағидалар болуы керек? Алтын қоры немесе жерасты қазба бай­лық­тары сынды қазынасы мол болуы тиіс пе? Болмаса әлемдік қаржы орта­­­лық­тары мен Дүниежүзілік банк­тер­­де қандай да бір мөлшерде ұлттық қоры болуға тиіс пе? Немесе үлкен бір елдің, әйтпесе жаһандық ірі қар­жы инс­ти­туттарының кепілдемесі­не зәру ме?

– Ұлттық валютаны шығарғанда, оның теңге екенін анықтадық. Ол үшін Жоғарғы кеңесте арнайы конференция­лар ұйымдастырылып, пікірталастар мен ой жарыстары өткізілді. Ол кезде мен ҚарМУ-да проректор едім. Жас едік. Сол конференцияларда екі бағыт бойынша жұмыс жүргізілді. Бірінші – теңгені айналымға тікелей енгізу. Екінші – теңгені бірнеше жылға жос­парлап, рубльмен параллель жүргізіп енгізу. Кеңес одағы кезінде ақша, кредит реформасында жаңа ақша ескі валютамен қатар қолданылып, өтем, айналыс, құн өлшеу құралы ретінде қызметін атқарып жүре беретін еді. Сөйтіп, уақыт өткен сайын ескі банкнот, дизайн айналымнан шығарылып, жаңарып тұратын. Бұл да – тәжірибеде өз тиімділігін дәлелдеген тәсіл. Бірақ бұл – бір мемлекеттің территориясында, бір елдің ішіндегі екі республикада болатын жағдай. Ал бізде империя құлап, бәрі жеке-жеке тәуелсіздік алып кеткеннен кейін, ендігі бөтен елдің валютасымен параллель жүргізу нонсенс болатын еді. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан қосымша барлық дүниені шеткері ысырып тас­тап, бір-ақ сәтте айналымға кіргізу керек деген шешім шықты. Әдепкіде Президенттің екі Жарлығы жарияланды. Теңгенің айналымға қандай амал-тәсілмен енгізілетіні, шетел валюталарымен бағамы қалай болатыны Президент Жарлығында анық көрсетілді.

Жоғарғы кеңес ұлттық валютаның атын теңге деп қойып берді. Ортақ пікірталастарда танга, тенге, сом, сум, ділда, пұл деп те атағысы келген екен. Түрлі ұсыныс-пікірлер мен үлгілердің бәрі қарастырылған ғой. Енді теңгені айналымға шығаруда қандай шарттар болуы керек дегенге қайырылсақ. Ол қалай бостан-босқа айналымға енгізіле салады? Негізінде, әр ұлттық валютаның артында материалдық құндылықтар тұрады. Теңгені айналымға енгізерден бұрын үлкен есептеулер жүргізіліп, олар әбден пысықталған еді. Елімізде жалпы қанша ішкі жалпы өнім бар, оның бағасы қандай, оны басқаруға қанша ақша керек деген секілді есептеулер тыңғылықты жүргізілді. Одан кейін валютаны айналымға енгізер­де оны бір мемлекеттік құзыретті орган­ға жүктейді. «Сен өзіңнің активтеріңмен, жарғылық қорыңмен шығарылған ақшаны жүйелейсің», деп тапсырады. Содан Ұлттық банк ақша миссиясымен, ақша-кредит саясатымен, жарғылық қорымен айналымға шығарылған ақшаны түгел жабуы керек. Шығарылған тең­гені айналымда жүргізетін құзыретті орган – Ұлттық банк. Сондай-ақ айна­лым­­ға шы­­ғарылған теңгенің бәрі – бас банк­­тің мін­­де­т­т­емесі. Неге біз тең­­геге, ұлттық валютамызға сенуі­­міз ке­рек? Қағаз ақша күйінде немесе металл түрінде шығар­са да? Өйткені шыға­рыл­ған ақ­шаны қайтарып беру, оны құнсыз­дан­­дыр­­мау және оның ішкі әрі сыртқы са­тып алу қабілетін әлсіретпеу – Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының, оның құзыретті органы Ұлттық банктің функция­сы. Неге ҰБ өзінің алтын резервін жасай­­­ды? Ол тегін­нен-тегін емес. Қазір сол ал­тын резерві 60 млрд-қа жетіп қалды. Бұл – бір ғана Ұлттық банктің алтын ре­зер­ві. Ол не үшін? Бұл оның жауап­кер­­­ші­­лігіне алған міндеттемесі екен. Қазір айна­­лым­­­дағы бір ғана ақша агрегаты – МО, бұл қолма-қол ақша қазір 10 млрд-тан асты. Сол 10 млрд-тай ақшаны қандай да бір форс-мажорлық жағдай болса, ха­л­ық­­­тың қаражатын қайтарып беруге, оны өт­­кізуге, қажетті барлық жағдайды жасау­ға ҰБ-ның өзінің ақша қоры, алтын резерві бар.

– Демек теңге алғаш айналымға енгелі тұрғанда сондай резерв елімізде болды ғой?

– Әрине, қазіргідей көп емес те шығар. Бірақ теңгенің нығайып алуына жеткілікті қор болған. Одан кейін оны көбейтіп, молайту шаралары қарқынды жүргізілді. Еске алсақ, ол кезде шығарылған ақшаның түрі – 100 теңге ең үлкен банкнот болды. Негізі бізде ең көп резерв алтын еді. Бізде ақша жасау мүмкіндіктеріміз аз болғаны­мен, алтын өндіру өте жоғары деңгейде болды. Баршаға мәлім, Қазақстан жыл сайын 10 тоннадан аса алтын өндіре алады. Ол кезде де, қазір де. Оның көп бөлігі еліміздің алтын резервін толтыруға жұмсалады.

– Қазір ел тарихын Алтын Ордамен байланыстырсақ деген талпыныс бар. Осы теңге тарихын да сол кезден бас­тауға қалай қарайсыз? Ол кезде де мем­­ле­­кеттік монеталарымыз болды ғой.

– Мен тарихшы емеспін. Сондықтан тең­генің тарихын қай кезеңнен бастау кере­гін нақты айта алмаймын. Жай азамат ретінде көңіл аудартқым келетіні, біз­дің тарихымыз тасқа басылған, өте терең­нен тамыр алады. Оны ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Экономикалық қатынас, қазір­гі жағдайда болмаса да, Ұлы Жібек жолын­дағы сауда-саттық қатынасының бәрі де тауарлы-ақшалай қатынасқа негізделген. Тек қана натуралды түрде айырбас болған жоқ. Неге біз Ұлы Жібек жолына көп көңіл аударамыз? Экономист ретінде айтарым, біздің елді басып өткен Жібек жолдарында «сен маған 10 метр жібек мата әкел, мен саған 5 дорба құрт беремін» деген сияқты алыс-беріс емес, ақша арқылы сауда қылуға тырысқан. Алматы айналасында, көне Тараз, Сайрам, жалпы оңтүстік өңірлерде қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттегенде сауда-саттықта жалпыға бірдей эквивалент ретінде жүрген темір, күміс ақшалар пай­даланылғаны анықталғалы неше заман өтті. ҰБ және оның филиалдары­ның мұ­ражай көрмелерінде олардың көпте­ген түрі самсап тұр. Дирхам, қарап отырсаңыз оның бағасы араб тілінде жазылып көрсетілген. Оған қоса қай жерде шығарылғаны таңбаланған. Ол заманда да сол ақшаларды жасайтын станоктар болған. Дирхамның қолданыста болған кезі – 1400-1500 жылдар. Бұл Алтын Ордадан әрі немесе бері кезде шығар. Қазба жұмыстары кезінде табылған темір ақшалар жалпы көлемде төлем құралы еді. Сол кездегі ақша айналымы тауарларды натуралды айырбаспен алу шарасы біртіндеп кете бастағанын көрсетеді. Бұл айғақтар қазақ жерінде ежелден ақша болғанын, онымен сауда-саттық қатынасын жасағанын дәлелдейді.

– Демек ақша қолданысы біздің халқы­мызда ежелден болған. Енді теңгенің шыққанына 30 жыл толғанда ол туралы қандай жетістікті айтып мақтануға болады?

– Теңгені техникалық, технологиялық тұрғыдан алатын болса, қағаз күйінде де, металл түрінде де биік деңгейде. Банкноттар озық технологиямен жасалады. Бұл жағынан ешкімнен кем қалып жатқан жоқпыз. Оған дәлел, Қазақстанның банкнот фабрикасында басқа мемлекеттердің де тапсырыстарын орындап, салаға қатыс­ты кез келген затын жасау­ға мүмкін­дігіміз бар. Еліміздің Өс­ке­мендегі Монета сарайында да үздік технологиялар. Со­ның арқа­сын­да біз­де шығарылып жат­қан ескерткіш, мерей­той­лық, тағы басқа моне­талардың сапасы өте жоғары. Екі фаб­ри­ка да 1993-1995 жылдары салынды. Сон­дықтан дамыған технологиялар пай­да­ланылған еді. Нәтижесінде, банкнот жасап шығару технологиясы мінсіз сапа­лы деуге болады. Теңге сара­йын­да бірде-бір көне технология қолданыл­майды. Әрине, технология жыл сайын жаң­ғыр­тылып отырады.

Жаңа технология неге біздің артық­шы­лы­ғымыз? Мысалы, көрші Ресей Федерациясы да өз технологиясын пайдаланады. Оның Батыстан әлдеқайда кейін қалып келе жатқаны ешкімге құпия емес. Оған қоса олар патша заманынан бері қолданылатын технологияға қарап отыр. Тағы бір артықшылығымыз, мамандарымыз жаңа технологияны тез арада мең­геріп, жұмысты сапалы алып кете алды. Екінші жағынан, біздің банкнот фаб­­ри­­камыз бен Монета сарайымыз өз­дері қо­сымша шаруалармен де айналыса бере­ді. Ұлттық банк ақша бастырғанда оның құны қанша тұрады, соны банкнот фаб­­ри­касына төлейді. Басқа уақытта екі сарай да өзінің қызметін коммерциялық бағыт­та жалғастыра береді. Пайда табумен шұ­ғыл­данады. Теңге сарайында жүзден аса атаулы бүкіл қорғаныс элементі бар құжаттарды басып шығарады. Онда қауіп­сіздік мығым. Ешқандай ақпарат еш­қайда шықпайды. Қай жерде қандай қор­ғаныс эле­менті барын біледі. Мысалы, жеке куә­лігіңіз, төлқұжатыңыз сол банкнот фаб­ри­касында жасалады. Онда өзіңіз туралы ақпараттың бәрі бар. Оған қоса мұ­қият қорғалады. Бірер келеңсіздік бола қалған жағдайда құжатыңыздағы ақпа­рат қажетіңізге жарайды. Әлем­нің кез келген еліне ұшақпен ұша­тын бол­саңыз, сізден қайдан келе жатыр­сың деп сұрай бермейді. Өйт­кені сұра­ғына қажет ақпараттың бәрі төл­құ­жаты­­ңызда тұр. Оның сыртында қаншама мем­лекет­­тік маңызды әрі құпия құжат­­тар бар. Соның бәрін елдегі Теңге са­­райында басып шығаратынымыз қан­­­дай жақсы. Айт­қандай, қорғаныс эле­мент­­­терімен шы­ғатын акциздік маркалар, аттес­тат, диплом сынды жеке бас құжат­тары – оған қосымша. Сондай-ақ күштік құ­ры­лымдар мен құқық қорғау органдарының куәліктері де Теңге сарайында жасалады. Қазір бәрінде міндетті түрде чип болуы керек.

Екі сарай да – бюджетке қарап ауыз ашып отырмай, коммерциялық бағыт­пен барл­ық жағынан өзін-өзі қамта­масыз етіп отыр­ған тоқ құрылым. Олар шетел­дік тендерлерге қатысып, одан да қомақ­­ты табыс тауып жүр. Сөйтіп, басқа, бөтен мемлекеттердің де қызметін жа­сап, тап­сы­рысын орындап береді. Оған олар­дың рұқсаты бар. Монета сарайы металл ақ­ша­ны шығарумен қатар, басқа да толып жа­т­қан тапсырыстарды орындап, табыс та­уып жатыр. Ғарышқа ұшатындардың қажет­­терін жасаудан бастап, бүкіл орден, медаль­­дар­ды, құқық қорғау орган­дарының металл жұл­дыз­шаларын, басқа да белгі, нышан­­дарын түгел жасайды. Сондықтан теңге­міз­дің тамыры терең, тегеуріні мық­ты деп айтамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»