Павлодар қаласында зейнеткерге жасалған телефон арқылы алаяқтық әрекетінің жолы кесілді. Белгісіз біреулер зейнеткер әйелге қоңырау шалып, өздерін домофон қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, құрылғыны ауыстыру үшін СМС-кодты хабарлау керегін айтқан. Зейнеткер кодты айтып қойған, алайда кейінгі қоңырауда алаяқтардың рұқсатсыз деректерге кіргендері анықталған, деп жазады Egemen.kz.
Содан соң қылмыскерлер өздерін құқық қорғау органдары мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерге шотындағы ақшаны шұғыл шешіп алу керегін түсіндірген. Әйел қаланың екі банк бөлімшесіне барып, қаражатты шешу және несие рәсімдеу әрекетін жасаған. Екінші банкке келгенде қызметкерлер алаяқтық белгілерін байқап, дереу полицияға хабарлаған.
Ұлттық банк ескертеді: Төлем картасын бұғаттау арқылы жасалатын алаяқтық көбейді
Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжановтың айтуынша, құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында зейнеткер 5 млн теңгесінен айырылмады. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне қаражатын сақтап қалуға көмектескені үшін алғысын жеткізді.
WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан СМС-кодтарды хабарлауды, шоттағы қаражатты шешуді немесе үшінші тұлғаларға аударуды сұрамайды. Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласу қажет.
Былтыр ІІМ 85 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың алдын алды