Желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында аралас жекпе-жектен UFC 296 турнирі өтетіні белгілі. Сол жарыста Шавқат Рахмонов америкалық Стивен Томпсонмен айқасады.
Жоғарыдағы бәсекеден бөлек, тағы кімдердің октагонға шығатыны кеше белгілі болды. Турнирдің басты жекпе-жегінде Ұлыбританияның мықтысы Леон Эдвардспен АҚШ арланы Колби Ковингтон күш сынасады. 32 жастағы Леон Ямайкада дүниеге келді. 2010 жылдан бері осы спорт түрін серік еткен ол 26 кездесу өткізіп, 22 рет жеңіске жетті. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты. Бұл күндері Эдвардс жартылай орта салмақтың чемпиондық белбеуін иеленіп отыр. 35 жастағы Колбидің аралас жекпе-жекпен кәсіби түрде айналысып жүргеніне 11 жылдан асты. Сол кезден бері 20 мәрте айқас алаңына шығып, соның үшеуінде ғана ұтылды. Тоғыз кездесуде қарсыластарын ұрып жықты.
Аса жеңіл салмақтағы бразилиялық Алешандре Пантожа өз атағын қорғап қалу үшін америкалық Брэндон Ройвалмен айқасады.