Мерейтой қарсаңында теңге және банк секторының ахуалын білікті сарапшылармен бірге талқыладық. Талқыға отандық бірнеше қаржы институтында жұмыс істеген білікті қаржыгер Асқар Елемесов, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық банк секторының аяққа тұруына елеулі еңбек сіңірген Берлин Иришев, қазіргі уақытта экономика және қаржы тақырыптарында сауатты сараптама жасап, нарық үрдістерін дәл байқап жүрген сарапшы Айбар Олжай және төл валютаның күн сайынғы әрекетін кірпік қақпай бақылап, оқырмандарын қаржы сауаттылығы мен ақша нарығындағы ахуалмен хабардар етіп жүрген Андрей Чеботарев қатысты.
– 30 жылда отандық қаржы нарығы қалай дамыды? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында банк секторының жағдайы қандай болды?
Асқар Елемесов, «АКРА» АҚ Қазақстан филиалының жетекшісі:
– Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып даму кезеңінде Ұлттық валютаның қолданысқа енуі – 1993 жылы қарашада теңгенің айналымға шығарылуы егемен Қазақстанды құру жолында маңызды оқиғалардың бірі саналды. Төл валютамыздың болуы тәуелсіздіктің алғашқы ажырамас бөлігінің бір нышаны іспетті болды. Теңгенің алғашқы жылдарында жылжымайтын мүлікті, көлікті, тауардың ірі партияларын сатып алу бойынша барлық дерлік мәмілелер мен келісімшарттар АҚШ долларымен немесе неміс маркаларымен (еуро енгізілгенге дейін бұл Германия Федеративтік Республикасының ресми валютасы болды) жүзеге асырылды. Сол кезеңде экономикамыз өте қиын жағдайда еді, инфляция көрсеткіші жоғары, бюджет тапшы, көптеген кәсіпорын жабылып жатты.
90-жылдардың басында Кеңес дәуірі жүйесінің негізінде қалыптасқан мемлекеттік 5 ірі банк болды. Орта және шағын көлемді жүзден аса жекеменшік банк халыққа қызмет көрсетті. Ол кезде банктегі депозиттердің барлығы доллармен жинақталды. Теңгемен несие берілмейтін.
Алайда бизнес өкілдері өз кәсібін ұлғайту мақсатында долларлық несиені жылдық өсімі ондаған пайызбен рәсімдей алды. Сондықтан жаңа қаржы жүйесін құру үшін жалғыз мүмкіндік қолданылды: халықаралық стандарттарға мүмкіндігінше тез көшу қажеттігі туындады. Осы кезде Ұлттық банк шешуші реформалар жүргізді. Банктік қадағалау, бухгалтерлік есеп және есептіліктің үздік әлемдік тәжірибелерін енгізді (1995-2000). Нарықтағы ойыншылар санын күрт қысқартуды дұрыс деп тапты. Осылайша, жүйедегі тұрақсыздық жойылды. Бұл ұлттық валюта мен банк жүйесіне деген халық сенімін арттыра түсті. Нәтижесінде, отандық банк жүйесі XXI ғасырдың басында ТМД елдері бойынша ең үздік жүйе деп танылды. Бұл Қазақстанға бірнеше ірі халықаралық қаржы топтарының келуіне әсер етті.
Сол кезеңнен бері Қазақстан халықаралық нарықтың бір бөлігі ретінде дами бастады әрі онымен бірге өсім мен құлдырауларды бастан өткерді. 2008 жылы әлемдік дағдарыс бізге де, басқа елдерге де соққы болды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ауыр тиді. Дегенмен отандық қаржы жүйесі осы сынақтардың барлығына төтеп берді және жаңа шындықтарға азды-көпті бейімделе алды. Бүгінде отандық банк жүйесіндегі барлық депозиттің 70 пайыздан астамы теңгемен көрсетілген, бұл отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Теңге шыққан кезден бастап Ұлттық валютамызға сенім деңгейі артты.
Берлин Иришев,
қаржыгер, Parlink Consulting басқарушы серіктесі:
– Қазақстан тәуелсіздігін күтпеген жерден алды. Сол себепті тәуелсіз құрылымдарды құру мәселесі шұғыл жағдайда шешілді. Тиісінше, әрдайым тамаша шешімдер жасалды дей алмаймыз. Ол кездегі банк секторының экономика тәуелсіздігін қамтамасыз етуге шамасы жоқ еді. Өзім одақ тарағанға дейін ақ банк жүйесінде жұмыс істедім. Сексенінші жылдардың соңында Қазақстанда алғаш рет құрылып отырған «Казвнешэкономбанкті» басқару туралы Мәскеуден бұйрық алдым. Сөйтіп, сол қаржы ұйымының дұрыс жұмыс істеуіне, дамуына еңбек сіңірдім. Ал егемендік жарияланған кезде бізде тиісті тәжірибе, білім, технология, резерв болды және оны тәуелсіз мемлекеттің қажеттілігіне бейімдеуіміз керек еді.
Одақ тарағаннан кейін елде қаржы ресурсының үлкен тапшылығы туындады. Қазақстан сол кездің өзінде экспорттық ел болатын, ал экспорттан түскен табыс тікелей КСРО «Внешэкономбанкке» жөнелтіліп отырды. Түскен ақша сол жерде бұғатталып қалатын. Қазақстанға қайтып келмейтін. Бізге, яғни Alem Bank-ке сол экспорттық түсімді тікелей алуға мүмкіндік беретін логистиканы құру үшін көп жұмыс істеуге тура келді. Бұл өте қиын міндет еді. Бірақ бұл қиындықты да еңсере алдық. 1991 жылдың қазан айында біз француз банкінде корреспонденттік шот ашқаннан кейін Қазақстан территориясындағы одақтас кәсіпорын басшыларына жаңа банк реквизиттерін көрсете отырып, серіктестермен келісімшарттарды қайта жасауға өтініш білдірдік. Әрине, бұған Мәскеу қарсы болды. Бірақ ел басшыларының күш салуымен бұл үдеріс баяу болса да жүрді. Бұл – бір. Екіншіден, стратегиялық маңызды тауарларды сатып алуға қатысты мемлекеттің ерекше қажеттілігі болды. Осы мақсатта біз Лондонда 100 млн доллар кредит алдық. Бұл балалар тағамы мен дәрі-дәрмек сатып алуға, ел экономикасындағы қиын міндеттерді шешуге бағытталатын болды. Осы кезеңде экспорттық несиелеу бойынша көптеген келісімге қол қойдық. Бұл жобалық қаржыландыру деп аталды. Яғни біздің кәсіпорындар не Германиядан, не Франциядан, не Бельгиядан құрылғы мен технология жеткізетін, сол елдердің компаниясы қаржыландыратын жобаны таңдайды. Біртіндеп нарықтағы тапшылық азайып, нарыққа шетел валютасының келуімен түйткілдер өз шешімін таба бастады. Кейін өз валютамыз пайда болып, сауда ынтымақтастығын одан әрі өрістетіп кеттік.
Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет батыстық банк технологияларының пайда болуы да Alem Bank-пен тікелей байланысты. Біз алғаш рет банк несие карточкаларын басып шығардық, банкоматтар орнаттық, сөйтіп есеп айырысу үдерісін жеделдеттік, түрлі қаржылық түсініктердің енетіні де осы кез. Мұның бәрі бұрын-соңды Қазақстанда болмаған батыс технологияларына тән еді.
– Теңге айналымға енген кезде сіз Alem Bank Kazakhstan басқарма төрағасы едіңіз. Төл валютаның нарыққа кіруі банк секторына қалай әсер етті? Қаржы институтының қорына теңгені әкелу, теңгемен қаржылық операцияларды жүзеге асыру, теңгемен несие беру, теңгемен төлем жасау үдерістері қалай өткізіле бастады?
Берлин Иришев:
– Әрине, егемендік алғаннан кейін ұлттық валютаға қатысты мәжбүрлі қажеттілік туындады. Өйткені рубль аймағында қала беретін болсақ, біз өзіміздің барлық құндылығымызды жоғалтар едік. Мәскеу күні-түні ақша басып, оны ұшақтармен, тікұшақтармен өңір-өңірге жеткізіп, сатып алуға болатын нәрсенің бәрін сатып алып жатты. Сол кезде мемлекетте жалақы төлеу үшін, әртүрлі шұғыл төлемдерді төлеу бойынша рубль массасының тапшылығы бар еді. Рубль массасының тапшылығына байланысты ірі кәсіпорындарда ереуілдер бола бастады. Мұның бәрі ұлттық валютаның қабылдануына алып келді. Төл валютаға қатысты шешім қабылдауға екі жыл уақыт кетті. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қарашасында төл валютамыз – теңге айналымға енді. Ол мемлекеттің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны секілді бір рәміз болып саналады. Төл теңгенің арқасында банктерде өз елімізді, өз экономикамызды қолдайтын тамаша мүмкіндік пайда болды.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 200-дей банк болды. Бірқатар банк басшылығында өзіңіз болдыңыз. Қазір банк саны 20-дан сәл асады. Осыншама көп болған банк саны неліктен қатты азайды, олардың азайып кетуіне не себеп болды?
Берлин Иришев:
– Иә, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында отандық нарықта 200-дей банк болғаны рас. Бұл, меніңше, қадағалаушы органдардың білмеушілігінен туындаған жағдай. Яғни нақты талаптар, пруденциалды нормативтерді сақтау болмады. 200 банктің басшылығындағы адамдардың бәрі бірдей банкир де емес еді. Демек, талаптар мүлде қойылмады, қойылған күнде де тым төмен болды. Әлбетте, банк көп болған кезде өте қатаң бәсеке жүреді, бірақ бұл клиенттер банктің сапалы қызметіне қолжеткізеді дегенді білдірмес еді. Тіпті ол банктердің аман-сау тұратындығына, банкке салған салымдардың сақталарына да кепілдік жоқ болатын. Қадағалаушы орган осыншама банктің құрылуына жол бере отырып нарықты дағдарыс жағдайына түсірді. Соның салдарынан көп күттірмей банк құрылымында жаппай банкроттық басталып та кетті.
– Теңге бір кездерде нығайған секілді көрінгенімен, кей күндері әлсіреп те кетіп жатыр. Төл валюта бағамының тұрақсыздығына не себеп және оған қандай сыртқы және ішкі факторлар әсер етуде? Жалпы, қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуалды қалай бағалайсыз?
Айбар Олжай,
қаржы сарапшысы:
– Қазір теңге нарықтық таргетте. Биржадағы күнделікті алып сатуына байланысты бағам белгіленеді. Теңгенің сауда-саттығы алдымен Форексте өтеді. Одан кейін Қазақстан қор биржасының (KASE) сессиясы арқылы оның күнделікті курсы белгіленіп отырады. Теңгенің негізгі фундаменталды бағамы мұнай бағасына байланысты, себебі мұнай бағасы жоғары болса, біздің экспорттық түсімдер де жоғарылайды. Сөйтіп, төлем балансы профициттік аймаққа шығады. Яғни бізге келетін ақша бізден кететін ақшаға қарағанда көбірек болады. Дәл осы кезде теңге кішкене нығая түседі. Қазіргі ортақ параметрі 470 деп алсақ, теңге 470-тен бері қарай күшейеді. Егер мұнай бағасы түсе бастаса, ол біздің төлем балансына кері әсер етеді. Сырттан алатын импортымыз экспорттан асып кетеді де, теңгеге қысым күшейе бастайды. Сөйтіп, теңге бағамы 480, 490 бола бастайды. Мұнайдан бөлек, сыртқы саудада астық, металл позициялары да кішкене әсер етеді. Үлкен тауарлық биржадағы котировка, фьючерстердің барлығы теңгеге әсерін міндетті түрде тигізеді. Екіншіден, сырттан келетін инвесторлар бар, олар біздің теңгені сатып алып, РЕПО операцияларын жасайды, банк облигацияларына салып, пайда табуға тырысады. Олар кете бастаса, теңгеге деген сұраныс азаяды да, құнсыздану үдерісі қайта басталады. Сондықтан сырттан ойыншылар келіп, теңгеге ақша салып, теңгелік облигацияға отырғаны біз үшін пайдалы.
Андрей Чеботарев,
қаржы сарапшысы, Finance.kz телеграм арнасының авторы:
– Алғашқы жылдары 4,5 теңге болған теңге курсы экономикалық негіздерге жауап бере алған жоқ, сол себепті де көп өтпей құнсызданды. Біз – макроэкономикалық әлсіз валютамыз. Біз кері қарай 100, 200 пайызға нығая алмаймыз. Біз импортқа тәуелді экономикамыз, сондықтан теңге әлсірей берді. Тіпті долларға қатысты доллардың өзі (иә, біраз қызық естіледі, бірақ шындығы сондай) әлсіреді. Соңғы 100 жылда доллар өзінің сатып алу қабілетінің 98 пайызын жоғалтты. Ол да әлсіреді. Бұл – экономиканың жалпы заңдылығы. 2-3 пайыздағы кішігірім инфляция экономиканы дамытуға ынталандырады. Біздің валютаға ақша массасының өсімі қысым көрсетеді. Біз әрдайым жеңілдетілген бағдарламаларға арнап жаңадан ақша басып шығарамыз. Сондықтан ұзақмерзімді перспективада, макроэкономикалық тұрғыда әлсіз валютамыз. Қысқамерзімді перспективада нығаюға қатысты мысалдарымыз бар, бұл – 2016, 2019 және 2022-23 жылдар. 2022 жылдың наурызында, соғыс басталғаннан кейін курс 512 теңге болды. Содан бері біз әлсіреген жоқпыз. Ұзақ мерзімде – әлсізбіз, қысқа мерзімде – біршама мықтымыз. Тіпті 400-ден де төмендеген кездеріміз болды. Демек, теңгені соншалықты әлсіз валюта деп айта алмаймыз. Мен ұлттық валюта төңірегінде бірнеше жыл бойы зерттеу жасап келе жатырмын, сонда түйгенім – одақтан шыққан елдердің ішінде ең мықты валюта Қырғызстанда (экономика көлемінің шағындығына байланысты) және Ресейде (экспорт көлемінің аса үлкен ауқымына байланысты).
Асқар Елемесов:
Ұлттық валютаның айырбас бағамы көптеген фактордың әсерінен қалыптасады. Олардың қатарында мұнай мен өзге де шикізат тауарларының бағасы, жаһандық нарықтардағы ахуал, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты әлемнің жетекші орталық банктерінің саясаты, ел экономикасының жалпы тиімділігі бар. Қазақстан (планетаның басқа елдерінің көпшілігі сияқты) әлемдік ауқымда шағын экономика болғандықтан сыртқы факторлардың бізге қатты әсер ететінін түсінген жөн. Біздің валюта өткен ғасырдың 90-жылдарында көптеген объективті қиындыққа тап болды, ол өте құнсызданған кезең еді. ХХ ғасырда валюта нарығындағы дүрбелең аздап басылды. Дегенмен сыртқы факторлар әлі де шешуші рөл атқарды. Кейінгі жылдарды сараласақ, теңге тұрақты болды, дегенмен пандемия мен геосаяси жағдай айтарлықтай сыртқы тәуекелдерді тудырды.
Берлин Иришев:
Курстың нығаюы, курстың әлсіреуі – жекелеген нарықтық сәттер. Нақты жағдайды анықтау үшін орташа шұғыл курсты білетін мейлінше ұзақ кезеңді таңдап алғанымыз жөн. Теңге пайда болған алғашқы жылдарда долларға қатысты бағамы 4,52 болса, отыз жыл өткенде бұл бағам 100 есе қымбаттап отыр. Қазір 1 доллар үшін 470 теңге төлеуге тура келеді. Сондықтан арагідік теңгенің сәл-пәл нығайғанын жақсы не жаман деп талқыға салудың да мәні жоқ. Өйткені теңге 100 есе құнсызданып кетті. Бұл – өте қиын ахуал. Ұлттық валютаның құнын әлсірететін девальвация, инфляция жүріп жатқан кезде халықтың әл-ауқаты да күрт нашарлап кетеді. Тауар құнына қатысты да адекватты баға қалыптаспайды. Бұл жерде әрине, жағымсыз аспектілердің мысы басып тұр.
– Геосаяси жағдайлар (Ресей – Украина, Израиль – Палестина) мұнай нарығына да әсерін тигізетінін аңғартты. Мұндайда теңге қаншалықты сезімтал?
Андрей Чеботарев:
Геосаяси жағдай мұнай нарығына, мұнай нарығы теңгеге әсер етеді. Бұл пандемия жылы мұнай бағасы барреліне 20-30 долларға төмендеп кеткен кезде айқын көрінді. 2022 жылы басталған геосаяси қақтығысқа байланысты тағы әлсіреп кеттік. Қазір болып жатқан Израиль – Палестина ахуалы бізге әсер етіп жатқан жоқ, бірақ жалғасып жатқан Ресей – Украина шиеленісі әсер етуде. Сонымен қатар қазір көрініп отырған валюта бағамы – 2022 жылы ақпанда басталған соғыстың салдары. Егер соғыс болмағанда қазіргі валюта бағамы 420, 410 маңайында болар еді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы теңгенің долларға қатысты бағамымен қазіргі кездегі бағамын салыстырып жатады әдетте. Мысалы, ол кезде 1 доллар 4 теңге тұрса, қазір 460 теңге тұрады дегендей. Бұл солай болуға тиіс табиғи құбылыс па еді, әлде біз шын мәнінде теңгені осыншалықты әлсіретуге жол беріп алдық па?
Айбар Олжай:
– Жалпы, теңгенің құнсыздануы – табиғи үдеріс. Одан басқа жол да жоқ еді. 30 жыл ішінде доллардың өзі құнсызданған. Инфляцияның өзі де 30 жыл ішінде біраз өсті. Ол теңгеге міндетті түрде әсер етеді. Сондықтан валюта құнсыздануын заңдылық деп қабылдауымыз керек. Әңгіме валютаның құнсыздануында емес, девальвацияның қалай жүргендігінде, бір күнде ауысып кету үдерісі болды ғой. Бұл халықтың сеніміне селкеу түсіріп алды. Валюта шок режімде емес, нарық жағдайында құнсызданса, ақырын қадамдармен жүруі керек. Біз үшін де солай, шок болып емес, біртіндеп нарықтық параметрлерімен жылжып отырғаны маңызды.
– 2000 жылдардың бас кезінде банк секторы ТМД-дағы алдыңғы қатарлы саналған екен. Кейін және қазір біздің банк секторы сол мәртебесін сақтап қала алды ма?
Асқар Елемесов:
– 2008 жылы орын алған әлемдік дағдарыс алдында Қазақстан банктері өңірдегі ең үздік деп саналды. Ол кездері қаржы ұйымының барлығы жекеменшікте болды. Жоғары сенімділікке ие бола отырып, шетелден үлкен қаржы тартып, жылжымайтын мүлік нарығына инвестициялады. Сол кездері жылжымайтын нарық қарқынды дамып жатты. 2007 жылы баспана бағасының күрт арзандап кетуі банктерді күрделі қиындықтарға душар етті. Олар жағдайдан өз бетінше шыға алмады. Нәтижесінде, елдің бүкіл қаржы секторының құлдырауының қаупі төнді. 2009 жылы мемлекет араласуға мәжбүр болды және Ұлттық қордың есебінен жеке банктерді құлдыраудан құтқарды. Осылайша, Қазақстан банк секторының ТМД-дағы ең озық деп есептелуі тоқтады. Сонымен қатар 2013 жылға қарай елдегі нашар несиелердің үлесі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.
Бірақ 5-10 жылда экономикадағы жаңа әлемдік үрдістер орын ала бастады. Ең алдымен, цифрландыру науқаны басталды. Қаржы саласы жаңа шешімдерді өте белсенді түрде енгізуге көшті. Пандемия бұл үдерісті жеделдетіп, банктердің тиімділігі мен табысына қатты әсер етті. Жаңа мүмкіндіктерді уақытында пайдалану отандық нарық ойыншыларына өте тиімді болды, сондықтан кейбір ірі отандық банктер қазір өңірімізде және одан тыс жерлерде де озық болып саналады.
– Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайдан жақсы хабардарсыз ғой, айтыңызшы, отандық қаржы секторы өзінің алғашқы баспалдақтарын қалай басты? Халықаралық стандарттарды енгізуде, перспективалы қаржы жүйесіне көшуде кімдер және қандай шаралар өз рөлін атқарды?
Асқар Елемесов:
– Әрине, ең алдымен, Ұлттық банк басшыларының сол кездегі тұтас буынына, жасаған реформаларына алғыс білдіруіміз керек. 90-жылдардың ортасында Қазақстан халықаралық стандарттарды енгізу жолымен батыл жүріп, жаңа ғасырдың басында тек ТМД ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең серпінді экономикаларының біріне айналды. Ең алдымен, 1993-1996 жылдары Ұлттық банк төрағасы болған Дәулет Хамитұлы Сембаевты атап өту қажет.
– 30 жыл ішінде теңге дизайн тұрғысынан біршама өзгеріске ұшырады. Төл валютамыздың қазіргі кейпіне, яғни дизайнына көңілдеріңіз тола ма? Оған қандай да бір өзгеріс енгізу бойынша өздеріңіздің ойларыңыз, ұсыныстарыңыз бар ма?
Берлин Иришев:
– Теңгенің қазіргі дизайны әдемі және оның сапасы мен келбетін нумизматтар да жақсы бағалайды. Бірақ теңге дизайнында мемлекет қайраткерлерінің портреті, фотографиясы болмауы керек. Өйткені жағдай өзгерген кезде мемлекет жаңа дизайны бар валюта басып үлгермейді.
Айбар Олжай:
– Мен көп елдің валютасын көрдім. Сонымен, салыстыра отырып айтар болсам, біздің теңге өте әдемі деп ойлаймын. Дизайны маған қатты ұнайды. Отандық дизайнерлер өте жақсы жұмыс істеген. Дизайнға өзгеріс енгізу бойынша менде ұсыныс жоқ, өйткені уақыт өте келе теңгенің қағаз жүзіндегі тағдыры үлкен сұрақ туғызады. Меніңше, 10-15 жылдан кейін банкноттар қағазға басылмайтын сияқты. Себебі цифрлы валюталар шығады. Соның ішінде цифрлы теңге де бар. Өзімнің қағаз теңгені қолыма ұстамағаныма бір жылдан асып кетті. Барлық қаражат электронды әмиянда жатады. Қағаз теңгеге деген қажеттілік азайып барады. Технология дамыған сайын қағаз банкнотқа деген сұраныс төмендейді, бірақ дизайнын сақтап қаламыз.
– Қазір банктер дамып, цифрлы технологияларды белсенді енгізіп жатыр. Сіздің ойыңызша, банк секторының қазіргі даму көрінісі отандық қаржы нарығына қаншалықты серпін беріп жатыр?
Асқар Елемесов:
– Бағалы қағаздар нарығының толық деңгейде дамымауы – еліміздің қаржы саласының жүйелі проблемаларының бірі. Бұл ретте мемлекеттік деңгейде өзіміздің рейтингтік индустриямыздың маңызды элемент болып қалыптаса алмауы қиындық тудырады. Сондықтан мен еліміздің әртүрлі қаржы институттарында жұмыс істеген отыз жылға жуық уақыттан кейін қазір Ресейдің жетекші рейтингтік агенттігі АКРА агенттігінің («Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі» АҚ) қазақстандық кеңсесін дамытуға қолдан келгенше тырысып жатырмын.
– Сарапшылар кейде «бізге тым қатты нығайған теңге керек емес, ол экономика үшін аса пайдалы болмайды» деген пікір білдіреді. Бұл пікірмен келісесіздер ме? Әлсіз теңге неліктен экономикаға пайда әкелуі мүмкін? Тиісінше, теңге дәл қазір күрт күшейіп кетсе не болады?
Асқар Елемесов:
– Жалпы, валюта бағамының шамадан тыс құбылмалы болуы (тұрақсыздығы) экономиканың дамуына зиян тигізеді, соның ішінде инфляцияны күшейтеді. Сондықтан азаматтардың басым көпшілігі үшін теңге негізінен тұрақты болғаны жөн.
Айбар Олжай:
– Теңгенің болжанған таргеттенген мөлшері бюджетке салынады, мәселен, 470, 480 деп. Сол базалық сценарий болып қалады. Үкіметке, әрине, есеп үшін, өзінің базалық жоспарын орындау үшін теңгенің құны сол базалық таргеттің маңайында болғаны өте тиімді. Теңге қатты күш алып кетсе, онда біздің валюталық түсімдерді теңгеге айырбастап азаматтарға зейнетақы, жәрдемақы, жалақы, шәкіртақы төлеу бойынша тапшылық туындап қалады. Сондықтан Үкіметке теңгенің қатты құлдырап кеткені де, қатты күшейіп кеткені де қажет емес.
Андрей Чеботарев:
– Бір анық нәрсе бар, теңге әлсірей береді. Иә, күні ертең оның курсы 600 болып шыға келеді деп айта алмаймын. Жалпы, қашан 600 болатынын да айта алмаймын. Алайда күндердің күнінде 600-ге баратыны – анық нәрсе. Теңге курсы 380-390-ға жақындауы мүмкін, ал бір кездегі 180 теңге енді ешқашан қайтып оралмайды.
– Ұлттық банктің «цифрлы теңге» жобасын жасап жатқаны және оны алдағы жылдарда айналымға шығарғалы отырғаны белгілі. Сіздіңше, оның пайдасы мен тәуекелі толыққанды есептелді ме?
Асқар Елемесов:
– Орталық банктердің цифрлық валюталары жалпы төлемді дамытудағы нағыз революцияны білдіреді. Бұл мәселеде Қазақстан әлемнің көптеген елдерінен озып, көш алдында келеді. Әзірге мемлекет деңгейінде цифрлық валютаны кеңінен енгізу жүзеге аспады. Сондықтан бұл қадамның пайдасы мен зияны туралы барлық пайымдаулар тек теориялық тұрғыда болып есептеледі. Кез келген жаңа технология сияқты қолданудың сәттілігі алдымен мемлекеттің іс-әрекеті қаншалықты ойластырылғанын, оның ішінде қажеттілікті түсіндіруге және пайдалану қауіпсіздігі шараларына байланысты болады. Киберқауіпсіздік кез келген осындай бастама үшін маңызды қауіп болуы мүмкін. Өйткені мәселенің барлық басқа қырын Ұлттық банк жақсы түсінеді.
Айбар Олжай:
– Ұлттық банк цифрлы теңге жобасын 2021 жылы қолға алған еді. Енді 2025 жылы толық аяқтап бітпек. Қазір барлығы алдын ала жасалған жоспарға сай жүріп келе жатыр: тестілеу, моделдерді қарау, қаншалықты өміршең екендігіне көз жеткізу деген секілді. Ұлттық банк барлығын дұрыс істеп жатыр деп ойлаймын, өйткені цифрлы валюта мәселесі көптеген елде көтеріліп жатыр. Көштен қалған жоқпыз. Цифрлы валюта енгізгелі жатқан әлемдегі он елдің қатарындамыз. Цифрлы теңге болашақта Ұлттық банктің ең үздік, ең тиімді жобаларының бірі болуы мүмкін. Қазір біз оның масштабын сезіне алмаспыз. Бірақ он жылдан кейін масштабты сезініп, мұның дер кезінде басталған жұмыс екеніне көзіміз жетеді. Себебі алдағы жылдарда цифрлы валютаға бәрібір көшеміз. Бұл – кәдімгі эмиссиясы, орталық банкі бар теңге, тек цифрлы түрде болады. Цифрлы теңгенің нарықты көлеңкелі экономикадан шығаруға үлкен көмегі болады, одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуде көмектеседі. Себебі оның әрбір жолын қарап отыруға мүмкіндік бар. Экономикадағы статистикалық есептеулерде цифрлы теңге бізге үлкен мүмкіндіктер ашады.
– Ұлттық валютаның алдағы даму перспективасына қатысты ойларыңыз қандай?
Асқар Елемесов:
– Теңгенің болашағы кез келген ұлттық валюта сияқты экономиканың жалпы жай-күйіне байланысты, оның бір көрінісі болып саналады. Қазақстан шикізат өндіру бағытынан алшақтап, қайта өңдеу саласын дамытқаны жөн. Халықаралық көлік жобаларына атсалысып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция салып, адами капиталын арттыруы қажет. Сонда біз еліміздің болашағына, оның ішінде теңгенің болашағына үмітпен қараймыз.
Андрей Чеботарев:
– Теңге келешегінің валютаға деген сенім деңгейіне, курстық саясат сенімі деңгейіне көтерілгенін қалаймын. Дәл қазір осы Ұлттық банктің саясатына өте қатты жетіспей тұр. Бұл туралы Президент те бірнеше рет айтты. Біздің адамдар өз валютасын жақсы көрмейді, оған сенбейді, сондықтан бірдеңе болса доллар алуға жүгіреді. Сол себепті курстық саясатқа қатысты сенімді арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.
Айбар Олжай:
– Теңге өзінің 30 жылдығын жақсы қарсы алып жатыр. Біршама жолды жүріп өтті. Миссиясы мен функциясын дұрыс атқарып келеді. Ең бастысы, бәрімізде ұлттық валютаға деген сенім болуы керек. Өйткені бұл – біздің ұлтымыздың, біздің мемлекетіміздің ақша валютасы, тәуелсіздігіміздің басты символы. Егемендігімізді сақтау үшін теңгенің болғаны өте маңызды. Теңгеден айырылмауымыз керек.
Әр банкноттың ерекшелігі бар. Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі. Әсіресе номиналы 20 000 теңгелік Қазақстан банкноты ең жақсы қорғалған теңге саналады. Онда 25 қорғаныш элементі бар екен.
«Әлемде алғашқылардың бірі болып осы элементті ақша белгілеріне енгізу, ұлттық валютаның дизайнын жетілдіру, жалпы теңгеде озық технологияларды пайдалану – қорғаныс қасиеттерін күшейтуге байланысты тұрақты жұмыстың бір бөлігі. Халықаралық банкнот қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноттарын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы, Қазақстан банкноттары әлемдегі қорғалған әрі әдемі банкноттардың бірі ретінде халықаралық аренадағы 10-нан астам марапатқа ие болды», делінген Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің бізге берген жауабында.
Департамент бізге мынадай қызықты деректерді ұсынады.
Ұлттық валюта банкноттары ерекше шықырлайтын арнайы қағазға басылған. Егер банкнотты саусағыңызбен сипап көрсеңіз, рельефті сезіне аласыз. Бұл – арнайы баспа техникасы.
Сондай-ақ барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған ерекше рельефті элемент-белгілер бар.
Екіншіден, жарыққа ұстағанда көрінетін ерекше белгі – банкнот номиналының сандық бейнесін көре аласыз.
Банкноттағы жазулары бар үзік сызық түріндегі біртұтас магнит жолаққа да назар аудару керек. Жарыққа ұстап қарағанда, тұтас жолақ жазуымен анық көрінеді.
Үшіншіден, банкнотты аударып көру керек. Номиналы 1 000-нан 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда түсі өзгеретін бояумен салынған суреттер бар. Банкнотқа түрлі бұрыштан қарасаңыз, суреттердің түсі де жасылдан алтын түске дейін құбылады.
2022 жылғы номиналы 20 000 теңгелік банкнотта арнайы голографиялық жолақ бар. Жолақтың түсі құбылмалы және динамикалық әсері бар.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан монеталарында ежелгі монета соғу дәстүрі мен заманауи технологиялар сәтті үйлесім тапқан. Айналымдағы монеталар да коллекциялық монеталар сияқты кәсіпқойлар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алған.
«Оған қазақстандық монеташылардың Базельдегі Дүниежүзілік нумизматикалық конференция – көрмеге 2001 жылдан бері қатысып келе жатқаны, Сан-Франциско, Сингапур, Бейжің, Берлиндегі көрмелер сияқты беделді форумдарға қатысуы, сондай-ақ коллекционерлердің Ұлттық банк пен Қазақстан Теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан көптеген сұрағы мен пікірі дәлел бола алады. Қазақстан монеталары әлемдік каталогтерге енген, нумизматикалық құндылыққа ие», деп мәлімдейді Ұлттық банк.
Теңгенің болашағына деген сенім үлкен. 30 жыл ішінде Ұлттық банк төлем нарығының жұмысын қалыптастыратын кешенді нормативтік-құқықтық база құрды.
«Сонымен қатар қазіргі заманғы халықаралық талаптар мен стандарттарға сай инфрақұрылымды – еліміздегі банктер арасында жалпы есеп айырысуды қамтамасыз ететін Ақша аударымдарының банкаралық жүйесін және Банкаралық клиринг жүйесін табысты енгізді. Ұлттық банктің инфрақұрылымында цифрлық биометриялық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар нарық қатысушыларына картаны, интернет-төлемді, QR-кодты, мобильді банкингті және басқа да қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға негізделген инновациялық қызметтерді уақтылы енгізуге және өз клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік берді», деді Ұлттық банк өкілдері.
Дөңгелек үстелді жүргізген –
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»