Тәуелсіздік жылдары қиындығы мен қуанышы қатар өрілген Жаңатас қаласының бір қауым жұрты таяуда жаңа пәтердің кілтіне алып, мәре-сәре күй кешті. Аудан орталығында екі бөлмелі – 44, үш бөлмелі – 8, төрт бөлмелі 4 пәтері бар тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жаңатас қаласындағы 1-ықшам ауданда орналасқан №60 үйге қоныстанған жергілікті халықты өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы құттықтай барып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Іс-шара барысында сөз алған облыс әкімі өңір халқын баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады.
«Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу.
Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында тұрғаны баршамызға мәлім. Сондықтан бұл бағытта қолға алынған жұмыстың маңызы зор. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың тұрмыстық мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған облыс тұрғындарының санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтып отырмыз. Мәселен, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Ал биыл облыс бойынша 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз. 2022 жылы 28 тұрғын үй пайдалануға берілсе, осы жылы 41 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңгеге тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар санатына 797 пәтер сатып алу жоспарланған», дейді Е.Қарашөкеев.
Өңір басшысы келтірген дерекке сенсек, аудан орталығында 1 638 азамат пәтер кезегінде тұр. Олардың мәселесін шешу бойынша жергілікті атқарушы билікке нақты тапсырма жүктелген. Осы жылдың өзінде Жаңатас қаласында жаңғыртудан өткен 160 пәтерлі үш үйді сатып алып, жергілікті жұрттың игілігіне беру көзделіп отыр.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы