Жақында математиканы насихаттайтын «Әл-Жәбрдің атасы» танымдық журналы жарыққа шықты. Мектеп оқушыларына арналған басылымға Ұлттық ғылым академиясы қолдау білдіріп, «Qalan.kz» қаржыландырған. Журналдың алғашқы саны 2 мың данамен тарап отыр.
Тұсаукесер рәсімінде журналдың «Әл-Жәбрдің атасы» деп аталу себебіне тоқталған бас редактор, белгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев «Атақты «Әл-жәбр уә-л муқабәла» кітабының авторы Мұхаммед әл-Хорезми Арал теңізі маңындағы Хорезм шаһарында дүниеге келген. Тұран жерінде туып, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл бүкіл әлемге ортақ тұлға. Сондықтан журналдың атауын әлемге аты мәшһүр ғалымның атымен атадық. Менің бала күнімде – «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Білім және еңбек» сияқты біздер оқитын екі-үш журнал болатын. Елімізде 10 мыңнан аса газет-журнал шығады екен. Бірақ соның арасында ғылымға арналған журнал да, газет те жоқ. Сол себепті осы журналды шығаруды мақсат еттім. «Qalan.kz» платформасының қолдауымен осы ойымды жүзеге асыру мүмкіндігі туды», деп мәселенің мәнісін түсіндірді.
Журналдың ғылыми редакторы Асылтай Тасболат өздерінің тұрақты айдарларымен таныстырып өтті. «Зерттеулер» айдарында жер планетасына қатысты деректер, математикамен тығыз байланысты физика, астрономияға байланысты мақалалар жарияланып, ғылым саласында жетістікке жеткен жастарды насихаттау да назардан тыс қалмайды. Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен жобалар, «Ғылым қазығы», «Қатені тап», «Қазақы өлшемдер», «Жаңарған ұлттар», сондай-ақ «Әл-Жәбрдің терминкомы» айдарлары балалар үшін тартымды мақалалармен ерекшеленбек.
Шығарушы редактор Оралай Алейдарованың айтуынша, журналды шығармастан бұрын ғылымды насихаттайтын басылымдарға шолу жасалып, жарияланатын мақалаларда оқушылардың жас ерекшеліктері де ескерілетін болады. Ондағы мақалалар балаларға түсінікті тілмен, көңілге қонымды етіп жазылған. Ал әрбір мақала Рәбиға Сатыбалды салған иллюстрациялармен безендіріліп отыр.
Журналды таныстыру рәсімінде «Qalan.kz» жариялаған математикалық олимпиаданың биылғы жеңімпаздарына ақашалай сыйлықтар табыс етілді.
АЛМАТЫ