Жезқазған қаласында Ұлытау облыстық Ауғанстан соғысы мен Чернобыль апатын жоюға қатысушылар ардагерлері ұйымдарының бастамасымен «Жаңа Қазақстан идеясы: қоғамның бүгіні мен болашағы» атты республикалық форум өтті.
Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шараға ел өңірлеріндегі ардагерлер ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов облыстағы ардагерлерге қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде мәлімет беріп, жас ұрпақты отандық патриотизмге тәрбиелеуде Ауғанстан соғысы мен Чернобыль апатын жоюға қатысушылардың еңбегі орасан екенін атап өтті. Сондай-ақ Ұлытау облыстық әлеуметтік бағдарламалар және денсаулық сақтау басқармасы басшылары, жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері өздеріне тиісті бағытта ардагерлерге көрсетіліп жатқан қызметтері мен көмектері жайында айтты.
Форумда «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы өкілдері келесі жылы атап өтілетін кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жылдығына орай жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлім етті. Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігінің үйлестіруімен Үкімет жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Бұл топта басқа да министрліктер мен облыс әкімдіктерінің басшылық өкілдері, сонымен қатар бірнеше қоғамдық ұйымның өкілдері бар. 35 жылдыққа арналған жоспар бойынша өңірлерде әскери-патриоттық іс-шаралар өткізу, салтанатты кештер ұйымдастыру, қайырымдылық акциялар, мерекелік медаль әзірлеу және басқа да әлеуметтік-рухани бағдарламалар қарастырылған.
«Қазақстанның Чернобыль ардагерлері қауымдастығы Орталық кеңесінің» төрағасы Құсайын Мұстафа да Чернобыль апатын жоюға қатысушылардың бүгінгі таңдағы әлеуметтік жағдайы, осы бағытта қоғамдық ұйымдар тарапынан жасалып жатқан жұмыстар туралы ойын ортаға салып, бірқатар ұсынысын айтты. Сондай-ақ «Қазақстанның Ауғанстан соғысы және жергілікті қарулы қақтығыстар ардагерлері республикалық одағы» ұйымы төрағасының орынбасары Серік Осанов, Павлодар облыстық «Ауғанстан соғысы ардагерлері одағы» ұйымының төрағасы Байғабыл Майкотов әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жаңғырту бойынша ойларын ортаға салды. Мәселен, бір ғана Павлодар өңірінде Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдары жанынан ұйымдастырылған 40-қа жуық әскери-патриоттық клубтар жұмыс істесе, кейбір өңірлерде мұндай жұмыс жүргізілмейді екен.
Жезқазған қаласында өткен ардагерлер форумында ардагерлерге берілетін мемлекеттік жәрдемақының көлемін ұлғайтуға, медициналық сақтандыру бойынша жеңілдік қарастыруға, тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс білдіруге ұйғарым жасалды. Сонымен қатар өңірлердегі әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жаңғырту мақсатында әр жыл сайын бір өңірде ардагерлер ұйымдары жанындағы әскери-патриоттық клубтардың слетін өткізу туралы бастама көтерілді.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
журналист