Таяуда «The Foreign Policy» журналына Қазақстанға қатысты ауқымды мақала шықты. Мақалада еліміздің көпжақты, бейтарап саясатының артықшылығы айтылған. Автор Линна О’Доннель Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тепе-теңдікті сақтау өнеріне тәнті болады. Осы орайда, көлемді мақаланың ықшамдалған нұсқасын оқырманға ұсынуды жөн санап отырмыз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үлкен ойынды» өз кәдесіне жаратып, елінің Украина тағдырын қайталамауын, келешекте Ресейдің құрбанына айналмауын көздейді. Орталық Азиядағы ең үлкен және бай тәуелсіз мемлекеттің көшбасшысы Қ.Тоқаев прагматикалық бейтараптылықты өнер түріне айналдырды. Әзірге ыждағат танытып отырғандықтан, оған бәрі риза.
Өңірлік сарапшылар Қ.Тоқаевтың ахуалды өз ыңғайына пайдалану қабілетін жоғары бағалайды. Мәселен, Ресей Қазақстан экономикасымен әсіресе, әскери-өнеркәсіптік саласымен байланысын бұзған жоқ. Сөйте тұра, 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуропалық одақтың Мәскеуге салған санкцияларын сақтап отыр. Таразының екі басын тең ұстау арқылы дұрыс қадам жасағаны аңғарылады. Өйткені Қазақстан экономикасы өркендеп келеді, ал алпауыт елдермен қарым-қатынасы жақсы.
Қазақстанның ең ірі қаласы және бұрынғы астанасы Алматыда тұратын тәуелсіз саясаттанушы Димаш Әлжанов «Foreign Policy» басылымына берген сұхбатында: «Қазақстан негізгі ойыншылардың қажеттілігін түсінеді және бәріне ұнау, санкцияға ұшырамау мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Қазақстан халықаралық қаржы жүйесінен қол үзбеу керек. Мұнайды Батыс нарығына сату үшін ол елдердің қырын қарамағаны қажет».
Ресеймен де қарым-қатынасты сақтауға тиіс. Қазақстан 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбасты басып алғаннан кейін Ресейдің Украинаға қойған талаптарын мойындаған жоқ. Сауалдамаға сүйенсек, Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан халқы Ресей шекараның дұрыс сызылмағанын сылтауратып, мұнайға бай солтүстік аумақтарды басып алуы ықтимал дегенге алаңдаушылық танытқан. Қ.Тоқаев бұрынғы жағдайды сақтау үшін бәрінің көңілін табуға тиіс.
Украинадағы соғыс Ресей, Қытай және АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығын арттырды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттерде мол мұнай, газ, уран қоры бар. Қазақстан әлі де Мәскеудің ықпалында тұрғанына қарамастан, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылымдық бастамасының да, америкалық «Big Oil» компаниясының да экономикалық мүмкіндіктерін барынша пайдалану тәсілін білетінін дәлелдеді.
Қ.Тоқаев Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде Қазақстанның санкцияларды бұзбайтынын мәлімдеді. Бірақ ол 7 қазанда Мәскеуге де барып, Ресей Президенті Владимир Путиннің туған күнін атап өтуге қатысты. Осы сапарда Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдайтын құбырды ашты. Олар қазанның 13-і күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен саммитте қайта кездесті. Бұл – наурыз айында Халықаралық қылмыстық сот (ХҚК) Путинді қамауға алу туралы ордер бергеннен кейін Ресейден тысқары жерге жасаған алғашқы сапары. Мемлекеттер басшылары өткен айда Бейжіңде Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мерейтойына қатысты (Қытай да, Ресей де, Қырғызстан да ХКК мүшелері емес).
Қ.Тоқаевтың қолында көзір көп болуы мүмкін. Бірақ Украинаның Еуропалық одақпен, АҚШ-пен және НАТО-мен тығыз қарым-қатынас орнатуға талпынғаны секілді кез келген сәтте Путиннің аяғын басып кетуі мүмкін. Қазақстан мен ЕО визалық режімді жеңілдету туралы әңгіме қозғады. Орталық Азия мен Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері өткен айда Люксембургте кездесіп, санкцияларды айналып өтуге жол бермеуге қатысты мәселелерді қарастырды.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм 23 қазанда Алматыдағы Бітімгершілік операциялар орталығының лентасын қиды. АҚШ елшілігінің Facebook-тегі парақшасында бұл оқиғаны «Қазақстанның халықаралық бітімгершілік күштерін даярлау әлеуетін арттыруға арналған, АҚШ қолдаған жаңа жоба» деп сипаттады. АҚШ «қауіпсіздікті, өркендеуді және бейбітшілікті қолдау мақсатында Қазақстанмен серіктес болғанын мақтан тұтады» делінген. Келесі күні 24 қазанда Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Қазақстанды Республика күнімен құттықтап, «бейбітшілік, өркендеу және тұрақтылық секілді ортақ басымдықтарымызды ілгерілету жолындағы жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп серіктесе шешуге үміттенеміз», деді.
Қазақстан мен АҚШ тарапы 6 қарашада кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі жыл сайынғы диалогін өткізді. Биылғы қыркүйекте БҰҰ аясында Орталық Азия елдерінің көшбасшылары және АҚШ Президенті Джо Байден кездесуі қорытындысы нақтыланды. Лаңкестікке қарсы күрестен бастап сауда мен санкцияларға, тіпті адам құқықтарына дейінгі мәселелерде ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лудың айтуынша, «АҚШ Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды».
Қазақстан да бизнес пен саудада жеңілдіктер алып жатқандай көрінеді. Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтіп, маңызды тауарларды импорттауға мүмкіндік беретіндей. Соғыстың бірінші жылында ресейлік компаниялар Қазақстанға ағылып, кемінде 4 мың жаңа фирма ашылды.
Соғыс басталғалы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы сауданың да, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының да күрт өсуі қауіп туғызады. Еуростаттың мәліметіне сүйенсек, Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропалық одақтың Қазақстанға экспорты 2022 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың маусымы аралығында 16,6 миллиард еуроға жеткен. Еуропалық одақ озық компьютерлер мен машиналар, көлік, энергетика, мұнай өңдеу, авиация және дрондар секілді тауарларға кең көлемді санкция салды. Соған қарамастан, Қазақстанның Ресейге экспорты 2022 жылы 25 пайызға өсіп, 8,8 миллиард долларды құрады.
Экономикалық байланыстың артуына қатысты нақты бірдеңе деу қиын. Өйткені Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі сауданы бақылау оңай емес. Алайда Еуропадан келетін қымбат тауарлар импортының артуы, Ресейге экспорттың көбеюі алаңдаушылық туғызады.
Франция Президенті Эммануэль Макрон Астанаға ресми сапармен барып, Қ.Тоқаевпен кездесті. Франция электр қуатының шамамен 60 пайызын атом энергетикасынан өндіреді. Бірақ негізгі уран жеткізушісі Нигердегі саяси тұрақсыздыққа алаңдайды. Француздық EDF мемлекеттік компаниясы Қазақстанның бірінші атом электр стансасын салуға қатысуға ниет білдіріп отыр. Француз тәжірибесін бұл салада пайдалану Қ.Тоқаевтың талғампаздығын тағы да дәлелдейді.
Әзірге Ресей тарапы сөзбен шектелді. Мәскеуге бағынышты бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет Қазақстанның көпвекторлы саясатын сынға алды. Алайда музыка әлі аяқталған жоқ, Қ.Тоқаев нық сеніммен тұр.