Енді 20 мамыр күні Дүниежүзілік метрология күні тойланады. Бұл қарарды Қазақстанның бастамасымен ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-ші сессиясының Жаратылыстану ғылымдары жөніндегі комиссиясы бірауыздан қабылдады, деп жазады Egemen.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Атаулы күн әртүрлі елдерде метрологиялық стандарттардың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ әлемдегі қолданыстағы ең ескі халықаралық шарттардың бірі саналатын 1875 жылғы Париж Метр конвенциясының қабылдануына арналған.
Комиссия отырысында сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов ұйымға мүше мемлекеттерге осы бастаманы қолдағандары үшін ризашылығын білдірді.
Оның айтуынша, Метрологтар қауымдастығының кәсіби мерекесіне БҰҰ деңгейінде халықаралық мәртебе беру бүкіл әлемдегі адамдардың күнделікті өміріне көп жағдайда көрінбесе де іс жүзінде зор ықпал ететін осы маңызды ғылым саласының жоғары беделін одан әрі нығайтады деген түсінікке сүйене отырып, Қазақстан осындай қарарға бастамашылық еткен.
«Біз Қазақстанда биыл еліміздегі алғашқы метрологиялық мекеменің 100 жылдығын атап өткен және осы ғылымды ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде дамытуға өзінің лайықты үлесін қосып келе жатқан метрологтардың мықты кәсіби қоғамдастығының белсенділігін мақтан тұтамыз», деп атап өтті отандық дипломат.
Ұйымға мүше 43 мемлекет еліміз бастамашылық еткен қарардың бірлескен авторы атанды.
Халықаралық метрологиялық қоғамдастық атынан отырыста Дүниежүзілік салмақ және өлшем бюросының директоры Мартин Милтон сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттерге 2025 жылы Метр конвенциясының 150 жылдығын мерекелеу қарсаңында метрологияны дамытудың маңыздылығына бүкіл әлемде қосымша назар аударуға мүмкіндік беретін құнды бастамасы мен қабылданған шешімі үшін алғыс білдірді.