Президент былтыр Жолдауда Ұлттық қорға түсетін жыл сайынғы инвестициялық табыстың 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бұл қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылатынын, кейін жинақталған ақша балалар кәмелет жасқа толғанда баспана немесе білім алуына жұмсалатынын білдік. Енді, міне, Мемлекет басшысы арнаулы заңға қол қойып, бағдарлама мақұлданды.
Бағдарлама негізінде келер жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде біз де жаңалықты естіп, қуанып қалдық. Бұл – кәмелет жасқа толып, оң-солын бағамдап, қанаты қатая бастаған жастарға үлкен қолдау деп түсінеміз. Мұны бірауыз сөзбен балалардың болашағына құйылатын инвестиция десек болады. Қаражат елдегі әр баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан теңдей үлестерілетіні де қуантады. Елдің демографиялық өсіміне зер салсақ, 1991 жылдан беріге дейін туу көрсеткіші 15 пайызға артқанын аңғарамыз. Мысалы, сол егемендік алған жылы 155 мың сәби дүниеге келсе, былтыр осы көрсеткіш 403 мыңға өскен. Бүгінге дейін қабылданған кешенді шаралар, үйлесімді бағдарламалар елдегі демографиялық ахуалға әсер еткенін көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы соның заңды жалғасы деп түсіндік.
Біз бағдарламаның нақты нәтижелерін бірнеше жылдан кейін көре аламыз. Сол кезде халық өз бағасын бере жатар. Ал қазір бұл бағдарламаны қазақстандықтардың жастарға шынайы қамқорлығы, көмегінің бір көрінісі деуге болады. Балалар келешекте осы қамқорлықты түсініп, көмекті тиімді пайдаланса, тиімділігін көреді деп үміттенеміз.
Элина МАСАГУТОВА,
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры