• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Қараша, 2023

«Елдіктің кепілі – жер». Алаш қайраткерлерінің жер туралы нақыл сөздері

605 рет
көрсетілді

Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайды. Қазақтың сан ғасырлық тыныс-тіршілігі жерге тығыз байлаулы. Ұлтымыздың өркендеуі жөніндегі сан сауал ел мен жер тағдыры төңірегінде өрбіген. Себебі қазақтың барлық өмірі, байлығы, тарихы, дәстүр тәжірибелері, ұрпақ болашағы жерді қорғаудан, бір қарысын жоғалтпай болашаққа аманаттаудан құралады. Дана халқымыз қасиетті жерді «анаға», «Атамекенге» балаған. ХХ ғасыр басында да қазақ даласы, қазақ баласы жер жайындағы мәселелермен жиі бетпе-бет келіп отырған. Соның ішінде Алаш қайраткерлері өз еңбектерінде тығырықтан шығар жолды нұсқап отырған. Осы орайда Алаш қайраткерлерінің жер туралы жазған жазбаларынан үзінді ұсынамыз.

«Елдіктің кепілі – жер. Ол – тәуелсіз мемлекеттің және сол ұлттың Басқұжаты. Ары. Намысы. Бары. Байлығы. Бөлінбейтін еншісі. Сол үшін басын өлімге тігеді».

«Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

«Бірінші ұстаным – жер мәселесі. Жерсіз Отан жоқ»

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» .

Үшінші ұстаным: «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі».

«Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты, тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң».

Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылы «Қазақ» газетінің №227 санында жарияланған «Жер комитеті» мақаласынан.

«Жерге, егінге, өнімге еккен ие, еңбек ие». Сұлтанбек Қожанов, «Еңбек ие, еккен алады» мақаласынан.

«Айдалаға айғай, құрғақ дау, желөкпе саясат, желікпе ауылжақтықтан гөрі, халыққа жер-су керегірек». Сұлтанбек Қожанов, «Ақ жол» газеті «Егіс маусымы һәм жер мәселесі» мақаласынан.

«Қазақ мал баққан халық, қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры жиырма-отыз жылда ғана емес, дүние тұрғанша тұрады. Сол үшін түбін ойлағанда қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек». Міржақып Дулатов сөзі.

«Автономиясыз жұрт жер – суға ие емес, көптің аузына қарайды. Біздің қазақ-қырғыздың жері мол. Енші аламын деп телміріп отырған жұрттан жерімізді қорғауға автономия үлкен қару. Автономиялы жұрттың жер билігі өзінде болады». Әлімхан Ермеков, «Сарыарқа» газетінде жарияланған мақаласынан.

«Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі я өлі болу мәселесі».

«Жерді қолында қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен». Ахмет Байтұрсынұлы,  «Жер жалдау жайынан» мақаласынан.