Ұлтты сыйлау, ұлт тілін құрметтеу – қасиеттің ең қасиеттісі. Қасиетсіздік не? «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық» (Б.Момышұлы), «Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» (Ғ.Мүсірепов).
Несіне намыстанайық, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге шала-шарпы болса да Колбиннің тұсында ие болды. Содан бері үш онжылдықтан асты. Төрт онжылдыққа бет алдық. Ел болдық. Бірақ тіл «жырының» таусылатын түрі жоқ. Ақша да бөлінді. Сансыз жиын да өтті. Өтіп те жатыр. Кітаптар да шықты. Айтылған сөз, берілген тапсырма ұшан-теңіз. Жалғасып жатыр. Ұзын арқан, кең тұсау, әне-міне, ештен кеш. Мандыр емес.
Тіпті өткен ғасырдың соңында мемлекеттік тілге көшкен өңірлерді дуылдатып жаздық. Уақыт өте келе олардың көбі ескі сүрлеуге түсіп кетті. Соның зардабы алдан шығады, аяққа оралады.
Иә, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бар. «Артымнан алдым биік болсын» деген қазақтың баласы болған соң, сағыздай созбай, рухсыздық көрсете бермей, жоғымызды түгендесек дейміз. Ол таяуда түгенделер ме екен? Ол деп отырғанымыз, баяғы тіл жайы ғой.
Бұлай деуге себеп, жақында елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің қасынан өтіп бара жаттым. Денешынықтыру сабағы өтіп жатыр екен. Оқушылар да, мұғалім де қазақ. Тілдері орысша. Күттім, сабақ аяқталды. Мұғалімді сөзге тарттым. Мектеп аралас екен. «Түсініп тұрмын. Бұл орыс баласы жоқ болса да, орыс сыныбы. Солай. Еркіндік заман, ата-аналар отыздан аса ұл мен қыздың тағдырын өздері шешеді», деп жас жігіт амалсыздығын жүзінен танытып, алақан жайды.
Үш-төрт жыл бұрын латынға қазақ тілділер көшіп, басқалар ескі сорапта қала тұрады дегенде, ана тіліне шорқақтар шоршып түсіп, балаларын орыс сыныбына ауыстыра бастағаны бар еді. Мынау содан қалған сарқыт емес пе, деген қүдік қылаң беріп, бұл қалай тыйылады деген сұрақ көкейге тастай тығылды. Бір толқын ұрпақтың тірлігі ойдың ойранын шығарып жүргенде емханаға бара қалайын.
Кезек күтіп, үлкен-кішісі аралас он шақты адам отыр екен. Бәрі орысша көсіледі. Біз секілді шал-кемпірлердің әрлілері балаларының шетелде екенін, ағылшын, басқа тілді судай білетінін мақтан етеді. «Кеше орыс тілі дедік, бүгін ағылшын тілі, басқа тіл, апыр-ай, кескін-келбетіміз де өзгеріп барады», деп қалды қазақы әйел. Әрлі кісі ағытылды. «Заман солай, Абай заманды кім билемек деген. Мықтының біразы балаларын бөліп алып, ақылы балабақша, мектеп ашып, әлемдік тілде оқытып, соның жемісін жеп жатыр емес пе?». Көлгірсіп, көп дәлел айтты. Қазақы әйел: «Қазақ емеспіз бе?» деп күңк етті.
Мешел адамның күйін кешпеске амалың қайсы? Ұл-қызың анау шүлдірлеген, үлкенің мынау өзін айтып өзеуреген. Осылайша, ұлт жайын емес, өз жайымызды ойлаған оспадарлық қыр желкеден қысып, мойын бұрғызбаса, болмысымызды бодан еткен бұл өгейлікке не істеу керек? Әлде тәуелсіздікті аңсағанмен, көруді маңдайына жазбаған «Мен заманымда қандай едім? Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым. Мұқалдым. Мен не көрмедім?» (М.Дулатов) деп зар кешкен қазақ тілі мұң шеге бере ме? Болмаса, сөзден батыл іске көшіп, бұлтақсыз қажеттілікке айналдырып, мұңын тағы үш-он жылға созбай, жігеріміз жетіп, жұрт қуанышына айналдырамыз ба?
Сүлеймен МӘМЕТ,
ардагер журналист