Испаниядағы бірнеше айға созылған саяси дағдарысқа нүкте қойылды. Өткен бейсенбіде Испания парламенті Педро Санчесті тағы бір мерзімге премьер-министр етіп тағайындауға келісім берді.
Осылайша, шілдеде өткен сайлаудан кейінгі алауыздық аяқталды. Парламент мүшелерінің 179-ы П.Санчесті қолдаса, 171-і қарсы дауыс берді, қалыс қалған жоқ. Айта кетерлігі, шілдеде Испанияда жалпы парламент сайлауы өткен болатын. Онда халық Конгресс пен Сенат депутаттарын сайлады. Ерекшелігі сол, Пиреней түбегіндегі елде Сенатқа қарағанда Конгрестің құзыреті кең. Олар премьер-министрді тағайындайды, Сенат мақұлдамаған заңды көпшілік дауыспен қабылдауға құқылы.
Сол себепті төменгі палатаның сайлауы әрдайым бәсекеге толы. Жаздағы саяси дода тартысқа толы болды. Күтпеген жерден Альберто Нуньес Фейхоо бастаған «Халық партиясы» жеңіске жетіп, жалпы 137 мандат иеленді. Испания социалист жұмысшылар партиясы 31,68 пайыз қолдау иеленіп, 121 депутатын ғана Конгреске өткізе алды.
Сайлау нәтижесіне байланысты Үкіметті жасақтау және министрлер кабинетінің басшысын сайлау «Халық партиясына» жүктелген. Көпшілік аталған фракцияның жетекшісі А.Фейхоо премьер-министр орынтағын иеленеді деп есептеген-ді. Дегенмен «Халық партиясы» дауыс беру нәтижесінде басым түскенімен, көпшілік мандатты иеленген жоқ. Сондықтан басқа партиялармен коалиция құруға тиіс болатын.
Қыркүйекте Испания парламенті үкімет басшысын тағайындау үшін бірнеше мәрте жиналды. Жалғыз үміткер А.Фейхоо еді. Дегенмен депутаттар оның кандидатурасын мақұлдамады. Алғашқы дауыс беру кезінде конгресс мүшелерінің 177-сі қарсы шықса, екіншісінде 178-і қолдау білдірмеді. Осылайша, «Халық партиясының» үкілеген үмітінің ауылы алыстай берді.
Министрлер кабинетінің бұрынғы һәм жаңа басшысы Педро Санчес әліптің артын бақты. Ол 2018 жылдан бері Үкіметті басқарып келген еді. Қарсыласы А.Фейхоо қызметке жүгіріп жүргенде, П.Санчес асықпады. Басым дауыс иелену үшін басқа партиялармен беймарал келіссөз жүргізді деп айта аламыз.
«Халық партиясының» сәтсіздігінен кейін Испания королі VI Филипп саяси көшбасшыларды жинап, Педро Санчесті премьер-министр лауазымына үміткерлікке ұсынды. Ол үкімет басшысы қызметіне қайта тағайындалу үшін парламентте көпшіліктің қолдауын иеленуі қажет еді. Яғни, Карлес Пучдемон секілді өңірлердегі көшбасшылардың қолдауына сүйенді.
Өздеріңізге мәлім, Каталонияның бұрынғы президенті К.Пучдемон 2017 жылғы егемендік алу жөніндегі референдумнан кейін қудалауға ұшыраған еді. Социалистік партияның көшбасшысы П.Санчес Каталонияның 2017 жылғы тәуелсіздік жөніндегі референдумынан кейін қудалауға ұшыраған саясаткерлерге рақымшылық жасауды уәде етті. Нәтижесінде, Социалистік партияның (PSOE) басшысы бірқатар өңірлік партиямен келісімге келді. Сөйтіп, құрамына каталониялық және баск саясаткерлері кіретін «Sumar» (бірлік) деп аталатын блокпен коалиция жасасты.
Естеріңізге сала кетсек, Каталония тәуелсіздікке бірнеше рет талпыныс жасаған. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халықтық референдум өтті. Онда электораттың басым бөлігі Испаниядан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жылдан кейін тағы бір мәрте референдум ұйымдастырылып, қатысушының көбі егемендікті жариялауға келісімін берді. Мәселе 2017 жылы ушықты. Өңірде жалпыхалықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы азаттық алуды қолдады. Референдумға 5,3 млн электораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн каталониялық тәуелсіздікті жақтап шықты. Сол кездегі Каталония президенті Карлес Пучдемон елдің егемендігін жариялаған. Бірақ Испания бұл шешімге қарсы келіп, референдум ұйымдастырғандарды қудалады.
Сарапшылардың пайымдауынша, Пиреней түбегіндегі саяси дағдарыс кезінде П.Санчес әккілік таныта білді. Өйткені жаңа премьер-министрдің лауазымы бекітілмеген соң, Үкімет басшысы қызметін уақытша атқарушы ретінде мерзімінен бұрын парламент сайлауын шақырды. Бұл қадам «Халықтар партиясына» пат жасады. Яғни олар сайлауда жеңіске жеткенімен, министрлер кабинетінің басшысын тағайындауға мүмкіндігі жоқ.
А.Фейхооның жалғыз мүмкіндігі VOX партиясымен келісімге келу болатын. Алайда бұл тараппен келіссөз жүргізуге ұмтылуы көпшіліктің көңілінен шықпады. Өйткені VOX азшылық қауымның құқығын қорғау, олардың теңдігі мәселесіне қатысты заңға ашық қарсылық білдірген. Сол себепті халықтың да, мандат иеленген депутаттардың да наразылығы көбейді.
40dB нарықты зерттеу фирмасының саяси сарапшысы Карлос Домингестің айтуынша, Vox-тың гендерлік зорлық-зомбылық әрекеттерін айыптаудан бас тартуы социалистерді бұрыннан бері қолдайтын әйел сайлаушылардың П.Санчесті жақтауына жағдай жасады. Бірақ сайлаудағы жаңалық – социалистік блок басшысы жастардың көңілін таба білді.
Сайлау науқаны кезінде қарсыластары П.Санчестің есімін бұзып айтып, «Perro Sanxe» (Төбет Санчес) атап кеткен. Мәселен, түрлі мемде оның басын иттің денесіне салып, қорлайтын сөздер жазған-ды. Үкімет басшысы мұндай мазақты кәдесіне жаратып, пайдаланып кетті. Өйткені оның жақтастары мұндай мемдерді жастар жиі көретінін түсінді. Сөйтіп, жастар көп тыңдайтын алаңдарды қолданып, А.Санчес имиджін жақсартты. Атап айтқанда, «La Pija y la Quinqui» деп аталатын подкастқа барып, ашық әңгіме-дүкен құрды.
Оның үстіне «Халық партиясының» өкілі Альберто Нуньес Фейхоо қателік жасап алды. Ол өзін сайлауалды науқандағы деректерді бұрмалады деп айыптаған тележурналиспен сөзге келіп қалды. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрынғы есірткі қабылдаған фотосы баспасөз бетінде таралып кетті.
Дегенмен Санчестің Каталонияның республикалық солшыл партиясын (ERC) және Каталонияның тәуелсіздігін қолдайтын орталық-оңшыл «Junts per Catalunya» партияларына рақымшылық жасау жөніндегі заң жобасы консерваторлардың наразылығын тудырды. Үкімет басшысының саяси көтеріліске айыпталған каталондықтарды кешірім жасау шешімінен кейін мыңдаған адам Испания көшелеріне шығып, наразылық білдірді.
Германия канцлері Олаф Шольц X әлеуметтік медиа платформасында Санчесті құттықтады. «Бірге жұмыс істейтінімізді қуанышпен қабылдадым. Біздің әлемдегі қиындықтарға қатысты көзқарасымыз ұқсас», деді Шольц.
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Еуроодақ алдында тұрған маңызды міндеттерді шешу үшін жұмыс істеуді асыға күтетінін жеткізді. Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский де құттықтау жолдады.