Астанада Жаһандық инвестициялар жөнінде дөңгелек үстел (Kazakhstan Global Investment Roundtable) өтті. Еліміздегі инвестициялық жобалар жайы қаузалған басқосуға өнеркәсіп басшылары, инвесторлар, қаржы секторының өкілдері, саясаткерлер мен белді сарапшылар шақырылды. Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Канада, Қатар, Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, Чехия және басқа да бірқатар елден қонақтар келді. Басқосуда әр саланың жетекшілері еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін, логистикалық қызметтердің жаңа спектрін, заманауи тұрақты өндірісті, экспорттық әлеуетті кеңейту жайын, озық технологияларға инвестиция тартуға қатысты мәселелерді талқылады. VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелге Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайылов та қатысты.
Дөңгелек үстелдің алғашқы панельдік сессиясы «Аймақтық сын-қатерлерге инновациялық жауаптар: озық технологияларға инвестициялар құю» тақырыбына арналды. Панельдік сессияға Тікелей шетелдік инвестициялар орталығының директоры әрі экологиялық ресурстарды басқаруда тәжірибесі бар Ким Ж. Зитлоу модераторлық етті. Ол халықаралық инвестиция, цифрлық трансформация бағытына жеті жыл бұрын келген. Германияда, Сауд Арабиясында стартап, экожүйе бойынша жұмыс істеген.
Кездесуде Cisco Systems Lnc (АҚШ) бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу технологиясы секторының басшысы Хазретғали Сапенов аграрлық саладағы ақпараттық технологиялар және бұлтты жүйелер туралы айтты.
– Осыған дейін жасанды интеллект, ақпаратты сақтайтын бұлтты жүйелер туралы естіген боларсыздар. Мен бұл бағыттағы негізгі аспектілерге тоқталғанды жөн көріп отырмын. Біз су қайта қалпына келмейтін ресурс екенін білеміз. Жасанды интеллект, дата-орталықтар энергияны көп тұтынады. Ал энергия алу үшін су керек. Қазіргі ахуалға назар аударсақ, су ресурстарын қолдану бойынша мониторинг жүргізу керек. Біз 2016 жылы бұлтты шешімдерді қолданғандардың бірі болдық. Сондықтан ауыл шаруашылығында бірінші кезекте мониторинг жүргізу керек деп ойлаймын, – дейді Х. Сапенов.
Nasa Орталық Азия аймақтық ақпараттық орталығының үйлестірушісі Марат Бексұлтанов спутниктік технологиялардың мүмкіндігі жайлы ой қозғады.
– Қазақстандағы тұщы судың қоры, су ресурстарының жеткіліксіздігі туралы айтқым келіп отыр. Ауыл шаруашылығы да су ресурстарына қарап тұрғанын білесіздер. Климатқа байланысты орман шаруашылығында да мәселелер бар. Мұның барлығын спутниктік технологиялар арқылы және басқа да озық құралдардың көмегімен реттеуге болады. Мысалы, ауыл шаруашылығында спутниктік бақылау мониторинг жүргізуге көмектеседі. Келешекте қай жерде құрғақшылық, қай жерде керісінше су тасқыны күтілетінін анықтай аламыз. Сонымен қатар жаңа технологиялар қала құрылысын жоспарлауға, тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасай алады. Қазір әуе кеңістігіндегі 10 мыңнан астам спутник арқылы түрлі ақпаратты білуге болады. Біз сол мәліметтерді сараптап, нақ керегін анықтауымыз қажет. Бізде ақпараттарды өңдейтін ауқымды бұлтты шешімдер бар. Қазір сонымен айналысып жатырмыз. Қазақстанның осы ақпараттарды тиімді пайдалануына болады. Кеңістікте еліміздің өз спутниктері бар, жақында тағы бірнешеуін жіберуді ойластырып отыр. Біздің компания спутниктік мәліметтерді сараптаумен айналысады. Бұл шетелдік инвесторларға елдің әлеуетін көрсетеді, – дейді ол. Марат Бексұлтановтың айтуынша, Қазақстанға келуді ойластырған инвесторларды елдегі тұрақтылық, геосаяси ахуал, орналасқан аумағы, табиғи ресурстар, білікті мамандардың болуы қызықтырады екен. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндік мол. Иә, жыл өткен сайын егістік алқаптары тарылып, су қоры азайып келеді. Болжамдарға қарасақ, әлемде 5 млрд халық су тапшылығын сезінуі мүмкін. Сондай-ақ бүгінде жаһандық жылыну деңгейінің 1,5 және 2 градусқа көтерілгені байқалады. Сайып келгенде, мұның барлығы экономикалық тұрақсыздықты күшейтеді. Спикерлер осы құбылыстарды реттеуде жаңа технологиялардың мүмкіндігі орасан деген ой айтып отыр.
Панельдік сессия арасындағы үзілісте «Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ибраимовті әңгімеге тартып, елдегі инвестициялық жобалар туралы сұраған едік.
– Бүгінгі ауқымды іс-шарада шамамен 1,8 миллиард доллар көлемінде инвестициялық келісімдер жасалады деп топшылаймыз. Осы тұста былтыр бізде тікелей шетелдік инвестициялардың құны 28 млрд доллар шамасында болғанын айта кеткеніміз жөн. Мұны кейінгі 10 жылдағы рекордтық меже ретінде бағаласақ болады. Шетелдік инвестициялар денсаулық, металлургия, машина жасау, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және тағы бірнеше салада қарқын алып жатқанын байқаймыз. Соңғы өзгерістерді есепке алсақ, қазір Қытаймен байланыс берік бола бастады. Визасыз режім осының айқын көрінісі деп білеміз. Біз инвесторларды тартып, еліміздің әлеуеті жоғары екенін көрсетіп жатырмыз. Мейлінше өндірістік өнеркәсіпті қолдауға тырысамыз. Бүгінде Қытайдан бөлек Сауд Арабиясы, Еуропа, Таяу Шығыспен әріптестік байланыс орнап жатыр. Нидерланд, Қытай, Түркия, Франция, Италиямен де инвестициялық жобалар бар. Елде бизнеске үлкен қолдау бар. Аңғарғанымыз, көптеген компания мемлекеттен оффтейк алғысы келеді. Бірақ шетелдік компанияларға мұндай мүмкіндік беріле бермейді. Ал егер жергілікті кәсіпкерлерді қолдайтын болсақ, оларға жеңілдіктер қарастыруға болады. Бізде инфрақұрылымы жайлы өңірлер көп. Бұл, әрине, инвестицияға тиімді, – дейді Р. Ибраимов.
Америка журналисі, тележүргізуші және қаржылық талдаушы Джон Дефтериос модератор болған панельдік сессияда ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнімді ұлғайту мәселелері қаралды. Дүниежүзі халқының өсімінен, энергия тасымалдаушылар бағасының жоғарылауы және климаттық өзгерістердің қолайсыз әсері салдарынан келешекте азық-түлік бағасына да сұраныс жоғары болатыны – түсінікті жайт. Кейінгі 2 жылда азық-түлік бағасының индексі шамамен 47 пайызға өскен. Азық-түліктің азаюы оның ресурстарының құндылығын арттырады. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуда жүйелі реформалар керегін аңғартады. Сол үшін де өңдеу өнеркәсібін дамытуда агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру міндеті күн тәртібінен түспейді. Бұл панельдік сессияда мамандар мен сарапшылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын болдырмау шаралары турасында пікір алмасты.
«Tiryaki Agro» компаниясының вице-президенті, жаһандық қаржы директоры Мустафа Туркай Татар екі ел арасындағы инвестициялық байланыстың бауырластық-түсіністік бағытта үйлесім тапқанын атап өтті.
– Қазір фермерлік бағытта, өңдеу өнеркәсібінде, сауда-саттықта жеке-дара жұмыс істеу қиын. Ауыл шаруашылығы саласының тармақтары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қазақстанның аумағы кең, шикізат, энергия бар. Бұл – басты басымдық. Бірақ теңіздерге шыға алмайды. Әрине, географиялық аумақ өзгермейді. Бірақ логистикалық жүйені күшейтуге әбден болады. Біз Астанада өз өнімдерімізді шығаруды ойлап отырмыз. 250 тонна бидай алып, одан крахмал, ал крахмалды өңдеп қант шығаруға болады. Осылайша, қант тапшылығын шеше аламыз. Біз осы жобаға 250 миллион доллар жұмсаймыз. Инвестициялық жобаның екінші кезеңінде біз басқа өнімдерді өндіруге ниеттіміз. Оған тағы 50 миллион доллар шамасында қаржы кетеді. Біз бірнеше елді зерттей келе, Қазақстанды таңдап отырмыз. Бауырлас елдегі «Kazakh invest» АҚ, «Бәйтерек» холдингі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және қала әкімдігінің қолдауын сезіндік, – дейді ол.
Басқосуда Қазақстанның ет өнімдерін экспорттауға әлеуеті зор екені айтылды. Неге десеңіздер, өнімге көрші елдерде сұраныс бар. Бұл ретте, басқаны айтпағанда, бір ғана Қытай нарығының өзі жетіп жатыр. Қайбір жылдары Қазақстан жылына 500 мың тоннаға дейін ет экспорттағанын ескерсек, сол межені тағы бағындыруға серпіліс қажет-ақ. Сарапшылар ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерді жарамсыз қалдырудан сақтаудың маңызын қаперге салды. Сондай-ақ салаға цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу табысқа жетелейді. Бұл қазір қомақты қаражат талап еткенімен, уақыт өте келе шаруалар жаңашылдықтың пайдасын сезінеді екен.
Басқа-басқа, ауыл шаруашылығында Орталық Азиямен ынтымақтастық орнату маңызды. Әсіресе еліміздің оңтүстігіндегі трансшекаралық су көздерінен әр ел өзіне тиісті мөлшердегі суды еш кикілжіңсіз алып отыруы керек. Сосын, шекаралас Өзбекстанда мақта өндіріледі. Сапасы жақсы. Халықаралық компаниялар солармен жұмыс істеуге ұмтылады. Біздегі мақта Түркістан облысында өсіріледі. Осы тұста біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің көрші елдің тәжірибесі арқылы елдегі мақтаның сапасын жақсартуға ниетті екенін білдік. Өзбекстанмен сауда-саттықтағы байланыс та берік. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азиядағы шекаралас елдермен ынтымақтастық берік болса, екіжақты келісім арқылы экономикаға серпін боларлық біраз мәселені реттеуге болатынын түйсіндік.
Еуразиялық даму банкінің аймақтық шолуына сүйенсек, Орталық Азияның тұтас ішкі жалпы өнімі кейінгі 20 жылда 7 есе өсіп, 2022 жылдың соңында 347 миллиард долларды құраған. Аймаққа құйылған жинақталған тікелей инвестиция көлемі 17 есе өсіп, 211 миллиард долларға жеткен. Сарапшылар серпінді дамып келе жатқан, экономикалық тұрақты аймақ болып қалу үшін ресурсқа тәуелділік, су энергетикасы саласындағы сәйкессіздік, климаттың өзгеруі секілді құрылымдық қиындықтарды еңсеру қажеттігін атап өтті. Аймақтың тұрақты дамуында инвестиция әлеуеті де ауқымды рөл атқарады.
Осы күні «Тұрақты аймақтық өсімге инвестиция салу» тақырыбында өткен панельдік отырысқа Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты. Ол сөз басында Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70%-ы Қазақстанға тиесілі екенін атап өтті. Мысалы, былтыр тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18% өсіп, 28 млрд долларға жеткен. Биылғы 6 айда ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингісінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody’s халықаралық агенттіктері растап отыр.
– Ағымдағы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы тұрақты өсіп келеді. Барлық негізгі салада оң динамика тіркеліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6 пайызға өсіп, 13,3 трлн теңгені құрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін жариялады. Үкіметке 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни екі есе арттыру бойынша ауқымды міндет қойды. Инвестиция тарту экономика өсімінің негізгі факторы саналады. Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, еліміз 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шеңберінде инвестиция тартуға мүдделі. Ол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдай жасауды, инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырудамыз. Бұл ретте тиісті нормативтік құқықтық базаны дамыту маңызды. Мәселен, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Биыл заңнамада бизнес үшін 9 мың артық талап алынып тасталды. Жыл соңына дейін тағы мыңы алынады. Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап тексерулер адам факторынсыз тағайындалатын болады. Жаңа Салық кодексінде өңдеуші секторды дамыту бойынша ерекше шаралар көзделіп отыр. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін сатып алуларда оффтейк-келісімшарттардың үлесін 10%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында алдағы 6 жылда 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр», дейдіӘ.Смайылов.
Ендігі кезде жобаларды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары әзірленіп жатыр екен. Күрделі мұнай-газ жобаларына инвестиция тарту мақсатында биылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт аясында қаржылай ынталандыру механизмі енгізіліпті. Басым салалардағы құны 50 млн доллардан асатын инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде Қазақстан заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім бекіту мүмкіндігі бар. Бүгінде жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 6 инвестициялық келісімге қол қойылған. Оған қоса елде 500 млн доллардан астам соманы инвестициялау кезінде 10 жылға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілген. Бұл, расында, инвестициялық жобаларды қолдаудың тағы бір тетігі деп білеміз. Осыған қоса, жобаларға тиімді мониторинг жүргізу және бақылау мақсатында инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулы құрылған. Оған 69 млрд доллардан астам соманы құрайтын 1 000-ға жуық жоба қосылған. Барлық мемлекеттік органдардың инвестициялық жобалар тарту және іске асырудың бірыңғай онлайн жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз ететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылады екен. Айта кететін ақпар, бүгінде 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Ал 109 мемлекеттің резиденттері үшін электрондық визалар ресімдеу қолжетімді. Бұған қоса ерекше инвесторлық визалар қарастырылған. Сайып келгенде, осы қыруар жұмыстың барлығы елдің инвестициялық әлеуетін кеңейтуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
Панельдік отырыстардан соң Премьер-министр Әлихан Смайылов үздік шетелдік инвесторларды марапаттау салтанатына, жаңа жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттарға қол қою рәсіміне қатысты. Сонымен биыл үздік инвесторлар денсаулық сақтау, білім беру, энергетика, ауыл шаруашылығы және тағы басқа да экономика салаларында 10 аталым бойынша марапатталды. Оның ішінде, Knauf Group, Wabtec Corporation, Eni S.p.A, Honeywell, Coca Cola Içecek Kazakhstan компаниялары бар. Осы күні АӨК, ТМК, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, білім беру, құрылыс қоспалары мен химиялық өнімдер өндірісі сияқты экономика салаларында 1,6 млрд доллар сомасына 26 меморандум мен коммерциялық құжатқа қол қойылды. Мысалы, Alarko Holding бизнес-конгломераты Шымкент әкімдігімен жылыжай салуға бекінсе, Çalık Holding компаниясы Қостанай облысында бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу туралы келісімге келді. Сол секілді Işıklar Packaging крафт-қағазын өндіру зауытын салса, Alstom Қазақстанда вагон жөндеу депосы мен электровоздарға қызмет көрсету бойынша сервистік орталық ашады. Lasselsberger group құрылыс желімі мен құрғақ қоспалар өндірісін бастайды. Roche түпнұсқа биотехнологиялық дәрі-дәрмектерді локализациялауды жоспарлап отырса, Pfizer компаниясы Қазақстанда Prevenar 20 инновациялық пневмококк инфекциясына қарсы екпе өндірісін қолға алады.