Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Үндістан және Жаһандық оңтүстік: кемел келешек жолында бірлесіп даму» тақырыбындағы министрлік кездесуінің виртуалды панельдік сессиясына қатысты.
Жиын ІІ «Жаһандық Оңтүстіктің дауысы» саммиті аясында өтіп отыр. Сөз басында СІМ басшысы Үндістанды биыл «Үлкен жиырмалықта» (G20) төрағалықтың сәтті аяқталуымен құттықтады. Астана мен Нью-Дели арасындағы стратегиялық әріптестікке, сондай-ақ Қазақстан мен Жаһандық Оңтүстік арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызына назар аударды. М.Нұртілеу көліктік өзара байланысты дамыту және көлік бағыттарын әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар министр іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның жоғары технологиялар саласындағы экспорттаушы болу жоспарлары туралы хабардар етті. Осыған байланысты «Астана хаб» технологиялық паркі Үндістан мен Жаһандық Оңтүстіктің сарапшылары үшін технологиялар мен инновациялар саласындағы өзара іс-қимылды арттыруда қолайлы платформа бола алады.
Сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Әлемдік қоғамдастықтың осындай проблемаларды шешуге тартылуының маңызын ескере отырып, СІМ басшысы контр-серіктестерді 2026 жылы Қазақстанда өтетін БҰҰ Өңірлік Климаттық саммитіне қатысуға шақырды.
Министр М.Нұртілеу биологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған жаңа бірлескен шаралар қабылдау қажетін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі бастамасы туралы еске салды. Мұның мақсаты технологиялар трансферті және елдер арасында осы салада тәжірибе алмасу болатынын жеткізді.
Сөзінің соңында сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстан серіктестермен инклюзивтілік, көпжақты және ізгі ниет рухында ынтымақтасуға және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде бірлесіп әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді. Кездесуге Азия, Африка, Океания атынан өкілдік ететін бірқатар мемлекеттің премьер-министрлері мен сыртқы істер министрлері қатысты.